Posted in

СОҚТАСЫ СУЫДЫ (СУЫНДЫ)

Желігі басылды, көңілі суыды. ~ Елде қоқалақтағанмен өздері отырған құдық-құдық қонысынан ешқайда ұзап, үркіп кете алған жоқ. Бұл уақытта жан-жақта желіккен елдің жігіттері де соқтасы суып соғыстан қол сілтей бастаған. І.Жанс. ~ Даланың шаруашылығы қанаумен қалаға жұтылды. Үкімет елді сабаумен, қамаумен қорқытып келеді. Сондықтан елдің орыстан соқтасы суып, жаны жауықты. Орыс атаулының бәрін жау көрді. І.Жанс. ~ Бұдан кейінгі уақыт Арқадағы дуылдап көтерілген тасқын күннен-күнге басылып, бұрынғы сабасына қайтумен өтті. Жан-жақтағы көтерілген елдің соқтасы суынды. Жиналған жігіттер аяғынан тозып кетті. І.Жанс.

Posted in

СОЙЫЛЫНЫҢ ҚАНЫ КЕППЕЙДІ

Ат үстінен түспейтін, үнемі қарақшылық, жаугерлікте жүретін содыр адам туралы. * Ол төрт аяқты тағыдан басқа тірі мақұлық жорытпас елсіз түздерде, әсіресе, тақымынан сойылы түспейтін, сойылының қаны кеппейтін жортуылшылармен жиі ұшырасатын. Ә.Кек.

Posted in

СОЙЫП (ТЕРІСІН) ҚАПТАҒАНДАЙ

Бір-бірінен айнымайды. Айнымай тартқан, аузынан түскендей ұқсайды. ~ Оны шыр айнала үш жас немерелері: Бұғықуғыш, Сарбас, Түнде-үркек жүрелерінен отыр. Үшеуі үйелмелі-сүйелмелі, біріне-бірі сойып қаптағандай бейнелес. Ж.Айм. ~ Бақбөр тура Сәлім ағасын сойып қаптап қойғандай екен. Қ.Мүбар. ~ Енді бір-біріне сойып қаптап қойғандай ұқсайтын мың ақын, мың жазушы ортамыздан өрмей қайтсін?! Ы.Дәбей. ~ Абырой болғанда, әкесіне тартпаған, сойып қаптап қойған өзі. Ол құрғыр да, міне, жиырма үштен асып барады. Т.Сәу. ~ Шынында да солай ұқсайды дей ме? — Сойып, терісін қаптағандай дейді! М.Кәрім.

Posted in

СОҚ БОЛДЫ

Соқтықты, ұшырады. * Қасында тұрған қазақтарың біреуі: — Апырмай! Мынау байғұс бірдеңеге соқ болар ма екен? Анау қос жорғалардың тұяғы дамыл таптырмай тұр- ау! — деп, маңайдағыларға қарап езу тартты. М.Дәул.

Posted in

СОҚТАЛДАЙ ЖІГІТ

Зор денелі, еңгезердей, пісіп-жетілген дардай жігіт. * — Бас орнында болмаса міне көз, колхоздың көзі де орнында. О да міне ашылып қарап тұр, — деп Қасенді нұсқағанда, қатындардың бәрі тегіс үп-үлкен денелі, соқталдай жігіт Қасенді "көз" ғана дегенге мәз болысып күлген еді. М.Әу. * Есейіп, соқталдай жігіт болғанмен, Бала батыр лақпыты сақтала беріпті. Саймасай батырдың жылқысын бағып, ер жетеді… Ш.Құм. * ~ Тұрыңыз! Мұныңыз не? — деді соқталдай жігіттің тізерлегеніне ыңғайсызданып, құлағына дейін қызарып кеткен Олжас. С.Дос. * Бұлардың: «Қарттарға көмектесуге барамыз»,- дегеніне Қарлығаштың іші жылып, мерейі өсіп қалды. Марат, Жанар, Асылжанның әрқайсысы оның көзіне соқталдай жігіт сияқтанып көрінді. С.Ом. * — Қой енді, көкесі! Бір жолға ашуыңды маған бер. Машина деген темір емес пе? Сол темір үшін бауырыңның көңілін қарайтпа. Соқталдай жігітті төмен етек әйелдердің алдында сабап, сағын сындырма! Біз көрмесек етті! Ә.Тар.

Posted in

СОҚПАҚ САЛДЫ

Әлдебір іске бастама жасады, бағытын көрсетіп берді; қадам тартты. ~ Оның шығармашылығынан қазақ сөз өнерінің эволюциялық өсуі, табиғи жаңа сапаға өтуі айқын аңғарылады. Мұның өзі Жүсіпбек прозасы қазақ әдебиетінде соны соқпақ салғанын дәлелдейді. Д.Қамза. ~ Әдебиетте болсын, өмірде болсын дара болып қалуды, басы байлы құл емес еркін болуды қалады. Басқалардың шиырын қайталағысы келмеді. Шиырды қайталағанды былай қойып өз соқпақтарын салу жолында тынбай ізденді. Ж.Шәк.

Posted in

СОҚЫР ДӘМЕ

Негізсіз үміт, ақталмас бос қиял. ~ Фәйі бос емес,— деді тілмәш жоғын сылтау етіп. Теңдік тілеп, теңескісі келіп жүрген — соқыр дәме жігіттерді сол ізімен қайта қайтарғысы келген. Ж.Ахм. ~ Ал бізде «өзара тығыз байланысқан әлемде өмір сүреміз, бізге бұл індет келмейді» деген соқыр дәме болған шығар. С.Тасб.

Posted in

СОҚЫР АТТЫ ҚОТЫР АТ ТАБАДЫ

Әркім өз теңін іздейді д.м. ~ Іш құста болып жүрсіз, ә? — Елтай басын изеді. — Соқыр атты қотыр ат табады. Біз солай екеміз. Танысып қоялық, айыпқа санамаңыз… Белгібек! — Елтай… Шашлық қайталайық. М.Қаб. .

Posted in

СОҚЫР (КӨРСОҚЫР) ҚҰДАЙ

Тағдырына налу ретінде айтылады. ~ О, құдай! Құлағы керең, көр құдай! Соқыр құдай! Не жазығым бәр еді мұншалық! Алатын болсаң, ит азапқа салмай, неге алмайсың! Б.Соқ. ~ Жүгірмек кет! Жүгірмек кеткір! Сендей бала бергенше, қу бас қып алсайшы! Соқыр құдай! Әй, о нес-әй! О заманнан бұ заман әйелін жасырды деген не сұмдық. Қ.Мұх. ~ Көз жасымды көрер дедім. Көретұғын түрі жоқ. Соғыс біткелі жылдан асты, аман болса, ендігі келмес пе еді. Не жылағаныңды, не құлшылық еткеніңді көрмейтін көрсоқыр құдайға несіне жалынам осы?». К.Қаз.

Posted in

СІҢБІРУГЕ ҚОЛЫ ТИМЕДІ

Ештеңеге уақыт таба алмай, жұмысбасты болды. ~ — Атызға келген балықтың бәрін ұстай берсең жер-көкке сияр емес, — деді Сырбай, және оған жүдә уақыт қайда, жұмыстан жүдә сіңбіруге қол тимейді. Бағып отырған негізгі балығын, да, малын, да күріш болған соң, соны жүдә жақсы есіруге тырысасың да. С.Мұқ. ~ Пешті жөндеп, есікті қаптап, терезелердің жақтауларын қиюластырып, үйді қысқа әзірлеудің әлегімен Әбутәліп мұрнынан шаншылып, сіңбіруге қолы тимейді. Ш.Айт. ~ Қатар-қатар дүкен құрып, іс көрігін қыздырып, сіңбіруге қолы тимей, кәсіп қылып жатқандардың өнерін тамашалайды. Ү.Жәл. ~ Кеңкелестеу еді, сіңбіруге қолы тимей жүретін ол да енді… Ж.Аяз.