Нұрын сеуіп, жарықтандырды, елес берді, сезім сыйлады. ~ Екі шалдың сол қаяусыз қарым-қатынасы жастары алшақ жатқан Сүкең мен Сәрәлдің арасына да сәулесін түсіргендей. М.Қаб. ~ Адам жүрегіндегі жылылық бейне бір атып келе жатқан таң шапағаты секілді. Бүкіл дүниені нұрға бөлейтіндей адамдық ықылас ішкі әлемге де сәулесін түсіреді. Ә.Ысқ.
Автор: Админ
СӘУЛІМ БОЛДЫ
Бой жетті. ~ Қыздар сәулім болғанда жүріс түзер (Халық әні). ~ Ой жағалап ойнақтаған шұнақ қара қасқа лақша ыршып- ыршып түскісі келеді. Бірақ Күнікей ыршымайды: ол енді өзінің сәулім болғанына көзі жетті. Сәулім болса, бала қаздай байпаңдап, салмақпен жүру керек. Ж.Айм.
СӘУРІК АЙҒЫР
Үйірге түсе бастаған жас айғыр. ~ Кең далаға кішкентай үйірін сыйғызбай, тырқыратып қуалап болатын сәурік айғыр бар да, қыдыр дарыған байдың кереге жал құтпан айғыры бар-ау. Мен де сені келешекте сол құтпан айғырдай үйіріне тыныш, ақылы алдында, ашуы соңында жүретін зәбірсіз жан бола ма деуші едім. Ә.Нұрп. ~ Құла жирен сәурік айғыр екі байталды алдына сала қуып ала жөнелді. С.Бег.
СӘУРІК АЙҒЫРДАЙ
Өрекпіген, алып ұшпа, алып соқпа мінезді ер адамға қатысты айтылады. ~ Есер топ одан сайын мәз болады. − Әй, сәурік айғырдай қақшаңдаған мына немені де сүйтсек қайтеді! Ә.Кек. ~ Жайнақ құшағынан жерге түсіріп, айбат шеккен бейнемен одырая қарады. Анау бұрынғы дағдысымен, сәурік айғырдай кіжіңдеп, «әкеңнің…» деп, келдегін көтере ұмтылып еді… С.Мұқ. ~ – Қош, қазақтың бетке ұстаған ғалымдарын институттан қудың. Анайы тілмен айтқанда, сәурік айғырша сауырлап талап, әлі де қуып жатсың. Ә.Нұрп. ~ Үйірдегі жасамалы айғырдай өлі ешкімге билік бермеймін деп жүрген шешен биді, сәурік айғырдай төтеден қосылған Ақан алмастай азуымен тура шоқтықтан қыршып, шоңқитып кеткен. С.Жүн. ~ Есейіп, ер-азамат болғанша Орағымды да ұрушы ең — ау, сен шал. Үйірінің берекесін алатын жаман сәурік айғыр сықылды ол нең ол? Қ.Ысқ.
СИ ДЕСЕ СИГІЗДІ
Айтқанын істетті, әмірін жүргізді. * Е, қойшы әрман, кәрі кісіше мақалдамай! Көксауда не келбет бар? Бір жұрын. Сонда да алпыс үй Жаманқұсты си десе, сигізіп… отыр. Көктұмсықта не түр бар? О да ауылнай боп пәлен етіп, түген етіп жүр… деп елдегі атқа мінер, пысықтарды, сұмдарды санай бастады. Ж.Айм.
СИДА БОЙЫ КӨТЕРІЛДІ
Біршама жоғарылады. ~ Соқыр тұман сида бойы көтерілген. Мұнарттың арғы түкпірінен жыртиып күн де көрінді. Қ.Ысқ.
СИДАМ (СИДАҢ) БОЙЛЫ
Серейген ұзын бойлы, арық адам туралы. * Солаң етіп қай жақтан шыға келгені белгісіз, сидам бойлы бір жігіт көлеңкедей қалқайып қасыма тұра қалды. Шашы, қасы қап-қара, шүңіт көз, аққұба, әдемі жігіт. Т.Сәу. ~ Ызбары бетіне шауып, бас уәзірін шақыртқан. Көзінде ара-тұра жылт етерлік нұры бар, шоқша сақалды, сидаң бойлы ұйғыр шатыс Бақты-Қожа хан сарайына имене еніп: — Хан ием, келіп тұрмын, — деп тағзым етті. Ә.Ыб.
СИДАҢ АЯҚ
Сидиған, ұзын сирақты адам. ~ Біреуге ағыл-тегіл жыр біткенмен, Ақыл мен мінез бітпес құр күткенмен. Жан көп қой сыңар бақыт, с и д а ң а я қ, Атаққа бір жамбастап жылжып келген (Ғ.Қайырбеков, Торғай.). Қазақтың тоқпақ жалды, мықты жылқысымен аралас қаз мойын, с и д а ң а я қ түрікмен жылқылары да көзге түседі (І.Есенберлин, Қаһар). Тәпелтек Санат с и д а ң б ұ т жігіттерге ілесе алмады (С.Сарғасқаев, Біз төртеу.).
СИДАҢ ЖІГІТ
Қылжақбас, қалжыңқой, сауықшыл, істеген ісінде пәтуа жоқ, жылпостау жігіт. ~ Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ, Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ, Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ. Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ, Бәрі де шаруаға келеді олақ. Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп, Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ. Абай. ~ Әрине, «бет-аузын жүз құбылтқан», «қас керіп», «қоразданған» даңғой, тыраш бейшараның тырақы болмысын көз алдыңызға елестетіп, еріксіз күлетініңіз рас. Бірақ Абай оның портретін жасағанда, оны келеке ету үшін, мазақ қылу үшін жасамаған. Қайта, оның портретін «осыңдай сидаң жігіттің елде мол-ақ» екенінен жаны күйініп, жүрегі өртеніп отырып жасаған. Бұл жердегі күлкі — күйзеліс күлкісі. Т.Мед.
СӘТ-САҒАТЫ ЖЕТТІ
Уақыты келді. ~ Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Ә.Нұрш.
