Жасы келген қарияның жас баланың сөзіне құлақ асуы туралы. ~ – Түйе қартайса ботасына ереді, – деп, шашақты сұлу сақалын желге желпіп, күліп қояды Хамзекең. З.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫНДАЙ
Өте ауыр, үлкен. ~ Мұның өзі күнделікті өмірде , баспасөз бетінде жиі айтылып , тіпті айтаайта әбден жауыр тартқан қарапайым тақырып болғанмен , астарында түйенің қомындай ауыр зіл бар. Е.Сер. ~ Тартады кеп соқасын. Артта Дымдап тараған. Табанына оралған. Трактордың жер аз ба! Тың — даланың семізі, Семіз түйе қомындай. Қ.Мырз.
ТҮК ТҮСІНСЕМ БҰЙЫРМАСЫН
Ештеңе ұқпадым д.м. * Теріс айналды. Доскей дастарқан мәзірі үстінде қолынан кесесін түсіріп алған қонақтай, аңқиып, ыңғайсызданып қалды. Ішінен: «Түк түсінсем бұйырмасын» деп ойлады. Д.Досж. ~ — Әй, Бөден, сенің бүгін кеңседе қалғаның есте қалар іс болды. Мен қамалып қалыппын, есігімді ашып жіберші, — дейді өмірі түстен кейін орнынан таптырмайтын орынбасарымыз. — Есігі несі, жеңгеміз қайда? — деймін. Түкке түсінсем бұйырмасын. О.Әуб.
ТҮЙЕ ҚОТЫР (СӨЗ)
Әркімге бір тиісіп, қағытып отыратын адамның қыршаңқы тілі туралы. ~ Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр, Бұйрық айтып біреуге арнап отыр. Жұлындырып ежелден отыратын Мұның сөзі қыршаңқы, түйе қотыр.. Жамбыл.
ТҮЙЕНІҢ ТАБАНЫ ТИЕР
Өте алыс жер. * Шығасыға иесі басшы деген, балаларының қалаға кетуіне бір себептен Байсұлтан өзін де кінәлі санайтын… Түйенің табаны тиер бір қиырда қыңырайып жатып алды. Ә.Асқ.
ТҮКІРІГІ ЖЕРГЕ ТҮСПЕДІ
Беделі өсіп, билігі жүріп тұрды. * … Бас агрономның қазір "тіфу" деген түкірігі жерге түспей, дәуірлеп тұрған шағы. О.Сәрс. * Алыс-жақынға аса беделді, «тү» деген түкірігі жерге түспей тұрған облыстық соттың бастығы Қоқымбайдың әйелі Гүлиша аймақтағы партия мектебінен, бір жылдық саяси курстан көңілді оралды. Ж.Самит.* Қазақстан қайдасың деп тарта бер енді. Жолыңа кім көлденең түсер екен кәнеки. Жерлік патша ғой ауыл секратары. Ту деген түкірігі жерге түспей тұрған жас, жаңа бастық. Жоғардағы артқы тірегі де жойқын мықты көрінеді, — деп еді. Т.Рыск.
ТҮЙЕ ӨРКЕШ
Түйенің өркешіндей болып дөңкиіп, төбе-төбе болып жатқан дөң, адырлар туралы. * Сеңгір-сеңгір таулардан, үңгір-үңгір құздардан, түйе өркешті шыңдардан, қыз емшекті тастардан өтіп, бұраң-бұраң сүрлеумен бес атты кісі бес құмырсқа боп өрмелеп, Алтайдың басына шықты. Ж.Айм. ~ Маратбектің көздеген нысанасы — қарсысындағы қос шоқының түйе өркеші. Одан әрі ирелеңдеп басталатын сай тереңдеп ұзап, ақар-шақар тірескен көп төбенің шатқалына ұласады. Төбе сайын қорым тас. С.См. * Түйе өркештенген адырлар бітіп, алдарынан далиып кең жазық ашылды. О.Бөк.
ТҮЙЕНІҢ ТАБАНЫНДАЙ
Өте үлкен. ~ Осылардың көбі төрт жылда төрт ай оқымай-ақ университеттің түйенің табанындай дипломын қойынға тығады. Т.Қож. ~ — Бұл өзі я әрі, я бері емес, көңілге тимейтін, сырт көзге еленбейтін сүйей салды сырғытпа сөз. Баяғыда су жұқпас сері жігіттің аузынан естіген едім. Ай, өзі де жүрген жұпар кіндік болатын. К.Сег. ~ — Өзін мұқабадан жасапты-ау, ә… Кішігірім кітап сияқты екен. Мына біреу түйенің табанындай жалпиып жатқаны мөрі ме?!-деп таңдайын қағып-қағып қайырып берді. Н.Сер.
ТҮКІРІГІ ТҮЙМЕ АЛТЫН
Әлдебіреуді жер-көкке сыйғызбай дәріптеу хақында. ~ Бәрі түкірігі түйме алтын саналған мысық мұрт тиранның «қоғам неғұрлым алға басқан сайын, тап тартысы солғұрлым шиеленісе түседі» дейтін сандырағына көзсіз сенгендіктен ғой. Т.Сәу.
ТҮЙЕ ТАБАН (ТАБАНДЫ)
1. Табаны жалпақ, үлкен. ~ Арғы бетке шыға бере, өзінің мана, таңертең жүріп өткен ізі үстіне баттиған үлкен, үлкен болғанда, әрқайсысы қарсақ ізіндей жуан төрт бақайлы, үшбұрыш түйе табанды — тарбия жазылған алақан аумағындай зор, доп-домалак жолбарыс ізі түскенін көрді. М.Мағ. ~ Бұқпан отағасының ұзын тұрқы: бойы бір жарым кез және бір сүйем, кебеже қарынды, ешкі сақалды, торсық бетті, түйе табанды, аяқ- мойыны қысқа (тіпті мойын да жоқ!), салпиған бұғақты, есек құлақты, ырбиған семіз саусақты, түкті білекті адам. Сөйлемейді, мөңірейді, мөңіремейді екен, бақырады — дауысы сондай. М.Дәул. 2, Қазақ оюларының бір түрі, түйенің басқан ізіндегі қос табаны сияқты дөңгеленіп келетін, S әріпі тәрізді күрделі өрнек. Төзімділік пен сабырлықтың, мықтылық пен тұрақтылықтың белгісі. Сонымен бірге, алыс жолға шығатын адамның киіміне осы өрнекті салатын дәстүр де болған.
