Әбден тозып, сәні кеткен. * Бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты. Ретпен салынған сұлу қала емес. Орта жері болмаса, шеттерінде тәртіп жоқ. Оның үстіне шет шетіне шашыратып салған қазақтың жер үйлері тәртіпке ұқсаған сиықтың бәрін бұзып, қаланың шеттерін түйенің жыртылған ескі жабуындай жалба-жұлба қылып ыдыратып, тоздырып тұр. М.Әуез.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ТҮК ҚОЙМАЙ БОҚТАДЫ
Бүкіл жеті атасынан бастап балағаттады. ~ Сексиіп, Түксиіп өлтірді. Күлкі боп көргенге, Құрбыға қадірсіз. Ас қылып бергенге Шыдамас, сабырсыз. Келді, ойбай, Салды айғай, Түк қоймай боқтады. Абай.
ТҮЙЕНІҢ ЖАРТЫ ЕТІНДЕЙ
Аса үлкен, семіз, денелі адамның сипаты. ~ Шабдар қасқа шалқұйрық айғырдың үстінде түйенің жарты етіндей боп шалқалап жатып алған Батыр сұлтан кеңірейіп құлақ аспай қойды. Ә.Кек. * Өзі түйенің жарты етіндей қомақты, семіз неме көрінеді, әйтеуір жатысы жайлы сияқты. О.Сәрс.
ТҮК ӨНДІРЕ АЛМАДЫ
Іс-әрекетінен ештеңе шықпады; дегеніне қол жеткізбеді. * … көрші ауылда Бұқабай би шабындысын тартып шауып алғанын да, әкесінің әркімге барып, сандалып, түк өндіре алмағанын да Қартқожа жақсы біледі. Ж.Айм. * Қартқожа Сейкебай ауылына бұрылды. — Жаңбырбай үйде ме? — Үйде. Түсе қалды. Қайдан келе жатқанын, түк өндіре алмағанын айтты. Ж.Айм. * – Мынау қайтеді-ей!. Қайтеді-ей, мынау! – деп, Жанымхан есікті ұрғылап біраз тұрды да, ақыры түк өндіре алмайтын болған соң бүгжеңдеп үйіне қарай тартты. Қ.Ысқ. * Не сұрайын деп едіңіз, ұқпадым дегендей міз бақпайды. Арлы-берлі ишаралап түк өндіре алмаған соң дәрменсіз кейіппен қалжырап сұлық отырып қалады. Т.Сәук.
ТҮЙЕ ҚАРТАЙСА БОТАСЫНА ЕРЕДІ
Жасы келген қарияның жас баланың сөзіне құлақ асуы туралы. ~ – Түйе қартайса ботасына ереді, – деп, шашақты сұлу сақалын желге желпіп, күліп қояды Хамзекең. З.Қаб.
ТҮЙЕНІҢ ҚОМЫНДАЙ
Өте ауыр, үлкен. ~ Мұның өзі күнделікті өмірде , баспасөз бетінде жиі айтылып , тіпті айтаайта әбден жауыр тартқан қарапайым тақырып болғанмен , астарында түйенің қомындай ауыр зіл бар. Е.Сер. ~ Тартады кеп соқасын. Артта Дымдап тараған. Табанына оралған. Трактордың жер аз ба! Тың — даланың семізі, Семіз түйе қомындай. Қ.Мырз.
ТҮК ТҮСІНСЕМ БҰЙЫРМАСЫН
Ештеңе ұқпадым д.м. * Теріс айналды. Доскей дастарқан мәзірі үстінде қолынан кесесін түсіріп алған қонақтай, аңқиып, ыңғайсызданып қалды. Ішінен: «Түк түсінсем бұйырмасын» деп ойлады. Д.Досж. ~ — Әй, Бөден, сенің бүгін кеңседе қалғаның есте қалар іс болды. Мен қамалып қалыппын, есігімді ашып жіберші, — дейді өмірі түстен кейін орнынан таптырмайтын орынбасарымыз. — Есігі несі, жеңгеміз қайда? — деймін. Түкке түсінсем бұйырмасын. О.Әуб.
ТҮЙЕ ҚОТЫР (СӨЗ)
Әркімге бір тиісіп, қағытып отыратын адамның қыршаңқы тілі туралы. ~ Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр, Бұйрық айтып біреуге арнап отыр. Жұлындырып ежелден отыратын Мұның сөзі қыршаңқы, түйе қотыр.. Жамбыл.
ТҮЙЕНІҢ ТАБАНЫ ТИЕР
Өте алыс жер. * Шығасыға иесі басшы деген, балаларының қалаға кетуіне бір себептен Байсұлтан өзін де кінәлі санайтын… Түйенің табаны тиер бір қиырда қыңырайып жатып алды. Ә.Асқ.
ТҮКІРІГІ ЖЕРГЕ ТҮСПЕДІ
Беделі өсіп, билігі жүріп тұрды. * … Бас агрономның қазір "тіфу" деген түкірігі жерге түспей, дәуірлеп тұрған шағы. О.Сәрс. * Алыс-жақынға аса беделді, «тү» деген түкірігі жерге түспей тұрған облыстық соттың бастығы Қоқымбайдың әйелі Гүлиша аймақтағы партия мектебінен, бір жылдық саяси курстан көңілді оралды. Ж.Самит.* Қазақстан қайдасың деп тарта бер енді. Жолыңа кім көлденең түсер екен кәнеки. Жерлік патша ғой ауыл секратары. Ту деген түкірігі жерге түспей тұрған жас, жаңа бастық. Жоғардағы артқы тірегі де жойқын мықты көрінеді, — деп еді. Т.Рыск.
