Тәбеттен айрылды. ~ Бір ішек боп қалған қалалыққа қалақ-атаның қалжасы сауап еді. Көк ет кекірік аздырмайды ғой, – деп Іңкең өкініштің төркінін танытты. Т.Әл. ~ Тамақ үстінде үй иесі еттің шұрайлысын Қараштың алдына қарай ысырып, қаупалақтап жатты. — Бәрекелде, ер — жігіт осылай қарбытар болар! «Досыңның асын дұшпан» деген. Мына бала сияқты бір ішек боп қалмай, бұла өсіпсің. Тағы да бір алып жібер! Т.Әл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БІР ІЗГЕ ТҮСІРДІ
Бір қалыпқа, жүйеге келтірді, тиянақтады. ~ «Жүрек соғысы сұрапыл ұрыс даласындағы сүргін салып соғыс ашып жараланған патшадай, жоқ жерден омақаса құлаған, ойламаған тұста ат ойнатып аблығып шыға келген шатақ қолбасшы мінезіндей – қиын еді, бір ізге түсірдім. Д.Дос. ~ Қазақтың тілдік қорында шамамен он миллиондай сөз бар деп бір сөзімде айтқанмын. Оны жүйелеу, зерделеу, бір ізге түсіру – бір күннің, бір жылдың жұмысы емес… Ж.Баб. ~ Солардың бәрін Мұқаң бір жүйеге келтіріп, бір ізге түсіріп, терең түсіндіріп, талдағанда тек аузыңды ашып қаласың… Б.Тоғ.
БІР ИЫҒЫН ӨТІРІККЕ ТЫҚТЫ
Жалған сөйледі. ~ Демьянычке ауылға кетті дерсің, қартың ғұмыр бойы бір иығын өтірікке тығып келе жатыр, күнәсі жеңіл. М.Қаб.
БІР ЗАУАЛ (ЗАУАЛЫ) БОЛАР
Ақыры жақсылыққа апармайды. * Неколайдан күшті «құдірет» те табылар: жазықсыз елді шулатып, зарлатса, оған да бір зауал болар деген жұбанышпен жатып, көзі ұйқыға кетті. Ж.Айм. * Қой, бұлай болмас. Елді қан қақсатқан Неколайға да зауал болып еді. Күштілерге де бір зауал болар. Бірақ қашан болады? Ж.Айм. * Христиандар шошынып маңдайы мен кеудесін оңды-солды шұқылап шоқынды; мұсылман «Астағфираллаһ» деп аһ ұрып жағасын ұстаған. «Мынаған бір зауал болар!» дескен. Т.Сәу. * Жауапсыз кетпес қиянат. Мұның да бір зауалы болар. Қанша арыстан болсаң да айға шауып, асқақтама, қолбасы. С.Дос.
БІР ЗАМАТТА (ЗАМАТ)
Бір кезде, сәлден кейін. ~ Бауыздаған малша қырылдап, жаны шықпай біраз тыпырлады. Содан кейін атыс тоқтады. Мен әлі тірімін. Бір заматта үзенгі бауын салдырлатып, бір салдат бас жағыма келіп атынан түсті. Мылтығын сытырлатып оқтап атқалы жатыр. Мен жабысып жерге кіріп барам. Б.Нұр. ~ Бір заматта таяқ тастам жерде қараңдап келе жатқан бір адамның нобайы көрінді. Оң жағымда етпетінен жатқан Елемес құлағыма аузын тақап: − Дәу де болса анау келе жатқан Жәми шығар,- деді. С.Ом. ~ Темір айыр дөп тисе керек, бір кезде қызыл қауақ қақ бөлінді. Қауақтың ауыз жағы ит мойнында кетті. Сол бір замат қою айранға малынған иттің ала-құла тұмсығы көрінді. Т.Бер.
БІР ЖЫЛДЫҢ ТӨЛІ
Туған жылдары бір; құрдастар. ~ Қанша дегенмен бір жылдың төліміз ғой. Айтсаң, сөзің өтеді, – дейді құрдасына қарап күлімдеп. Ү.Жлк. ~ Бәріміз бір жылдың төліміз ғой, бірақ оның ой– өрісі, өмірге деген көзқарасы бәріміздікінен биік, бәріміздікінен жоғары. Біздің сөздік қорымыз жұтаң ғой, ал Елубай қай тақырыпқа болмасын желдей еседі. Қ.Жиен.
БІР ЖҰТЫМ
Азғана ғана, бір жұтқаннай қалмайтындай. ~ Көздей cap тостағанмен бір жұтым қымыз әкеп берді. Қартқожаның түрі — қымызымен бетке бір қойып, шығып кеткендей еді. Өйтуге дәрмән бар ма? Қымызға амалсыз қолын созды. Ж.Айм. ~ Маскүнем бір жұтым арақ үшін несін аяйды, бұл да билік үшін неміске ме, әзәзіл жын — шайтанға ма, кімге болса да, қызмет қылуға дайын. Т.Ахт.
БІР ЖҰМЫРТҚАСЫ ІШІНДЕ
Ойын түгел айтпай, өзін-өзі тежеп қалды д.м. ~ Мен елге қайтамын ғой деп едім. Оған жарамды атым болмай отыр. Ат жөнінен мен бұларға жалынышты болып қалып отырмын. Мүмкіндігі болса, сен мені бұл қызметтен босатқын, — деп Демесұлын сендірдім. Бірақ та мен айтсам, болысполкомдер ісін өткізер еді… Қойшыбайдың установкасын есіме алып, бір жұмыртқам ішімде болып, сөйлескенім ғой. Б.Мом.
БІР ЖӨНІ БОЛАР
Бір амалы табылар. ~ Тумысынан көргенсіздеу, сіңірі шыққан кедей отбасы ғой. Құдаң да оңып тұрған жоқ. Үндемей қабатын төбет сияқты. Бірақ жомарттық мінезі де жоқ емес. – Алдап– сулап, еркіне жіберіп барып, алыстан қайырмаймысың?– Бір жөні болар. Т.Рыс. ~ Аралбай көзі алақтап, тыпыршып отыр. ─ Бір жөні болар, қояр, бітісерміз, – деп бет алды бірдеңелерді айтып, жәреукелене берді. С.Ом. ~ Ия, әңгіме сонда ғой, балам. Қазір шлюзге қарайтын кез бе. Соғыс болса мынау. Шлюзсіз де бір жөні болар. Ш.Айт.
БІР ЖӨН
Бір басқа; бөлек әңгіме. ~ «Япырай! » – деді де сөзінің аяғын жалғастырмай қойды. Оның жалғасында ағаның ініге деген жанашырлығы жатқанын сездім. Алматы болса бір жөн. Мәскеуге иісі қазақтың билігі жүрмейтініне, бөтен жұрт бөстегіне де отырғызбайтынына өкінген секілді. Қ.Ысқ. ~ Барқ еткен зәрлі дауыстың жақсы лебіз еместігін Түгел түсінді. Өз басы болса бір жөн. Тегістің жайы не болмақ? Ү.Жлк.

