Дау, шатақ іздеді, арамдық ойлады. ~ Бұл — оның Қарымсақ ана жақтан анық дерек әкелгеннен кейінгі жылмағайлығы еді. Іс солай болғанмен бәле қуумен қоңсылығы жоқ Мұрыншақ ойланып… Ж.Ахм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
БӘЛЕ ЖАПТЫ
Жалған айып тақты. ~ Қызғанғаның – қызыл итке… Оның үстіне Мұртаза байдың баласы деген қоңырауы бар, қос қатын алды деп тағы бәле жаба ма… Не керек, елден жесір кетті, жетім бала кетті. Сүйекке таңба болды. Жесір мен жетім ерден кетсе де, елден кетпеуші еді. Заман кері кетті… Ш.Мұр. ~ Дүйсен алдаса да, қорқытса да байлардан қымыз алдыртады. Бірақ өзінің де шақшадай басы шарадай болады. Қамбарлар: «Дүйсен бәйгені өзінің Бектемір әулетіне таратып жатыр»,- деп бәле жапты. А, құдай-тағала! Т.Әбд.
БӘЛЕ ЕКЕН
Жәй адам емес екен. ~ Бірақ журналист те жас болғанмен бәле екен. Осы жердің тумасы ғой‚ өз топырағының ойпат– қыраты мен кедір– бұдырына дейін жатқа айтты. Қ.Түм. ~ Тас соқты деп тау құламайтыны сияқты, бiздi ренжiдi деп қанатты құс та жолынан азбаса керек. Тiлге тиек боп та жарымас, сiрә! – деп тұжырып тастады Нәргүл. Iшiнен: «Iм–м! Мына қыз бәле екен. Сөз бiлетiн жан болды!» деп түйген жас жiгiт ендi ақтала тiл қатты. Р.Рай.
БӘЛЕ БОЛДЫ
Қырсығы тиді. ~ Бұл іске көмекші күш ретінде соларды да тартуы кәдік. Барымды салам. Мына қыз да бәле болды. Қобыз дей ме. Айтпақшы‚ осы үйде қобыз жоқ па екен? Қ.Түм. ~ Ботакөз, Күлпаш, Шұға… Олар он үшінде отау иесі болған қыздар. Балдар мені «қияли» дейді, осы қиялилығым басыма бәле болды, көп жерде кедергі де келтіріп жүр. Қ.Жиен.
БӘЛЕ БАСЫ
Дау-дамайдың шыққан тұсы, себебі. ~ Ата жолын қуса, алтын таққа анық мұрагер Сеңгінің ұлы – Сыбан – Рабтан екен. Бүгін ол бұның ырқынан шықпағанымен тап ертең сойыл соғарға келгенде бұлт етпесіне кім кепіл? Сүйеніш болса жақсы, күйінішке бастар бәле басы тағы сол Сыбан– Рабтан болса қайтпек. С.См. Дау-дамайдың шыққан себебі, сылтауы. * Бәленің басы Ситан сыболыш!.. Қасында жүріп-ақ қан қан қақсатып кетеді. Қ.Ысқ. * Алтай деген онсыз да қазақ ішіндегі бәленің басы боп, «Ұлы Гоминдаң үкіметіне» көз алартумен, керек десе бір рулы Шақабай керей күні бүгін бағынбай, тау жайлап соғысумен келе жатқан ел. Ж.Ахм. * Әне, бәленің басы осы құм мен теңіз арасында. Әлі сауыты қатпаған балғын тасбақаның етіне жерік жалмауыздар жан-жақтан андыздап берер. Ш.Мұрт. * Бәленің басы «сен неге қатын алмайсыңнан» басталып жүр. Қайта- қайта сүйкеніп, тілмен қажап, жуандық көрсететіндерін қайтерсің! Ә.Асқ.
БӘЛЕ БАҚТЫ
Дау-дамай, өсек, шатақ іздеді. ~ Дәрігер Элисабатпен әңгімелесу, ақыл-кеңесін тыңдау оған көп пайда келтірді, көп нәрсеге көзін ашып, өмірдегі алуан ауыртпалыққа шыдамдылық танытуға көмектесті. Ал, әрі надан, әрі бәле баққан қара тобырға бұл жағдай королева оның көңілдесі деп ойлауға және сондай сөз таратуға желеу болды. М.Серв.
БӘЛЕ (БОЛЫП) ЖАБЫСТЫ
Қырсыққа шалдықты, кесірі тиді. ~ Тамызда болатын бәйгеден бақ сынамақшы еді. Тер алған күні ақсаңдады да қалды. Ертеңіне шабуға мүлдем жарамады. «Бұған не бәле жабысты?» – деп дағдарды Қисықмойын. Т.Әл. ~ Көз ілмеген жалғыз Мақпал еді. Бойына бала біткенін білгені бәле болып жабысқандай. З.Шүк. ~ Кейінгі жастар ол Асқардың қай Асқар екенін де айырып жатқан жоқ. Әшейін жер аты секілді. Бірақ сол күмбез бұған кейін бәле боп жабысты. Т.Әбд. ~ Ал бір уыс ауыл екі бірдей арысынан тірідей айырылып, енді міне алты жастағы баласынан алпыс жастағы шалына дейін бар тірлігі қарағайды тоқтатып, Пантақтың өлігін іздеп өзен жағалады. Төрт ай дегенде су тартылып, атының өлігін тапса да, бәле боп жабысқан Пантақты таба алмады. Н.Абд.
БӘЛЕ-ЖАЛАСЫНАН АУЛАҚ
Ат-тонын ала қашты. ~ He дейді? Қой, ойбай! Құрсын әрі! Бәле- жаласынан аулақ! Бір нәрсеге ұрыңдырып жүрер! — деген ер адамның үні шықты ар жақтан. Қ.Ысқ. ~ — Жаңағы ақшаны маған беріңдерші, қамырмен жабыстыра салайын. Біреу– міреу көріп қояр. Бәле– жаласынан аулақ, — деп кейуана шешесі бәйек боп жүр. Қ.Түм.
БӘЛДУ-БӘЛДУ БӘРІ ӨТІРІК
Айтқан сөзінің шыны жоқ, бәрі жалған. ~…Геннадий Колбин сайлаушылар алдында құлаш– құлаш уəде беріп (соның бірі – жол салдыру), жұрт басына жұмақ орната жаздаған екен, бəлду– бəлду бəрі өтірік, керісінше, елді қаралай жұтатып тынғанға ұқсайды. Бұдан асқан тозғындау бола ма? З.Қаб.
БӘКЕНЕ БОЙЛЫ
Бойы қысқа, тапал. ~ Басқа жерi аман болса, түк етпейдi! – дедi ойнақы үнмен бәкене бойлы кәртамыстау қыз. – Өстiгеннен өлген қыздың моласын көрген жоқпын. Т.Сәу. ~ Бәкене бойлы, одан да аласа, балбал тас секілді қиық көзді қияпатсыз-ақ жігіт. М.Қаб.

