~ Ол енді кітап кейіпкеріне келмейтін кез- келген әрекеттен жүрегі айни бастады. Алақаны қышыды, бұл бұндай уақытта
әдетте жігіттерін ертіп алып қараңғы жертөлелерде қанға шомылып қайтатын. АҚ. «Қателікті сүю».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛАҚАНЫН ЫСТЫ
Құмартты, дәмеленді. ~ Орайында айта кете йік, Сұлтанбек – Бәтима – Мұстафа оқиғасына кезінде қызыққан жазушы жалғыз С.Мұқанов қана емес, уақытында бұл тақырыпқа Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов секілді қалыптасқан жазушылардың өзі «шіркін шабыттанып жазатын махаббат драмасы екен-ау» деп алақандарын ысқан. Қ.Ерг.
АЛАҒАЙ ДА БҰЛАҒАЙ
Абыр-сабыр әбігерге, дүрлігіс – дүрбелеңге толы уақыт. ~ Ал одан әрі тағы бір кезең – сонау жиырмасыншы жылдардың соңы, отызыншы жылдардың басындағы алағай да бұлағай заманда Үстірт асып, үдіре көтеріліп Әмуді бетке алып жер ауып кеткен елдің көне жұрты Сам құмы. М.Айым. ~ Әйтеуір, аласапыран, алағай да бұлағай буырқанған жұмбақ сезім санасын сансыратқаны рас; шарқ ұрған жаны тәнге бағынбай қойғаны шын. Ж.Шағ. ~ Баспалдақты былқ-былқ басып түсіп, құбылаға қараған қақпаға беттеді. Мойнын созып, көшеге қарап еді, алағай да бұлағай жел пілте — пілте шашын тарақтай жөнелді. М.Қаб.
АЛАҚАНЫНА САЛЫП АЯЛАДЫ (МӘПЕЛЕДІ, ӘЛПЕШТЕДІ)
Бағып-қақты; аялап, бетінен қақпай, үпілеп өсірді. ~ … əйтеуір кішкене Жебеш Мұхтардың атын да, затын да алақанына салып аялап жүрген бір ақжарма асыл, аяулы іні. З.Қаб. ~ Ана Сәулетхандай дөңгелетіп алып кетсең, жұртың да, өкіметің де алақанына сап аялайды. К.Хам. ~ … осы уақытқа дейін өмір алақанына сап тек мәпелеп келген, тау қиясындай қыспақ дүниені әлі көрмеген балғын жасты халқына деген шексіз махаббатқа баулыды. І.Ес. ~ Махаббат пен жақындықтың ізі де қалмапты. Әйелінің бұл мінезі аяулы, көрікті гүл деп, алақанына салып мәпелегені кенет ащы тікенегімен қарып алғандай көрінді. Мұрат тіл қатпастан түнерген қалпы үйден шығып кетті. Т.Ахт. ~ Жаман неме, бұл да өзіңдей біреудің баласы емес пе? Алақанына салып әлпештеген еркесі емес пе? Обалы қайда? Ә.Тар.
АЛАЙ-ДҮЛЕЙ КӨҢІЛ (СЕЗІМ)
Байыз таппай өрекпіген жүрек, қобалжыған, толқулы көңіл-күй. ~ Қойдың қүзетінде жүріп, іштей арпалысып, алай-дүлей көңілін байыздата алмай, тыпыршыды. Сенерін де, сенбесін де білмейді. ал енді, сенді делік, бәрі рас болды – не істер еді?.. О.Бөк. ~ Қиналмайды, өзі сұранып, тіл ұшына оңай орала салатын жыр шумақтары бірімен-бірі үндестік тауып, қапелімде жан-жағынан қара дауыл тұрғызып, қапелімде жайма шуақ жаздың жадыраған шуақты күніне тап келгізіп, алай-дүлей сезім қақпақылына түседі де, дария ағысымен бірге жүйткіп аға жөнеледі. Қ.Жиен.
АЛАҚАНЫНА ТҮКІРУ
Әлдебір іске құлшына дайындалу; тас-түйін әзір болу. ~ Қырық жігіт, қосарында бір-бір ат, атқа қонды. Қалған қол таң ата қозғалды. Тықының қамалын қамайды. Батырлар алақанына түкіріп жүр. З.Шүк. ~ Бұрынғыдай лекциядан кейін басы ауған жаққа қаңғитын сыбай-салтаң жүріс жоқ. Келесі семинарға қапысыз-ақ дайындалады. «Кәне, шал, осы жолы сынап көрші!» деп алақанына түкіріп-ақ барады. Т.Сәу.
АЛАЙ-ДҮЛЕЙ ҚЫЛДЫ
Ұйқы-тұйқысын, астан-кестенін шығарды. ~ Қамшы зуы құлақты жарады. Алма, қауынның тәтті исі ауаны алады. Күн ыстық. Тау басынан жүйрік жел домалап, хош иісті аңызғақты алай-дүлей қылады. Ж.Айм.
АЛАҚАНЫНДАЙ БІЛЕДІ
Өте жақсы таниды, толық хабардар. ~ Қазірде Медеттің отряды да сөйленіп, ауызға қайта-қайта алынып жатқан сұраулар да осы еді. Базар бұл жәйді алақанындай білетін. М.Әу. ~ Ақшоқы Алтынсарының көз алдына перде боп керіле кетті. Бірақ, Ақшоқы перделегенмен, Көкшенің бар денесі, бар сұлулығы Алтынсарының жүрегінде жазулы. Көкшенің қай жерінде нендей тамаша барын ол өз алақанындай біледі. С.Мұқ.
АЛАКЕУІМ (АЛАГЕУІМ) ТАРТТЫ
Таң сібірлеп атқан, не ымырт үйіріле бастаған кездердегі елең-алаң уақыт туралы. ~ Бала, қалай отын жетіп тұр ма? — деді ол алакеуім тартқан кеңсеге келген соң. Н.Сер. ~ Дала алагеуім тартқан кезде есік алдына екі мәшине іркес-тіркес келіп тоқтады. Б.Нұр.
АЛАКӨЗ БОЛДЫ
Ұнатпады, жек көре қарады. ~ Осыдан әкемнің маған деген көзқарасы өзгерді. Маған «қатын әперем» деп мұндай күйге ұшырады. Олай болса, мен «қырсық» болып тидім. Әкем маған алакөз болды. І.Жанс.
