АЛАҚАН ЖАЙДЫ

1. Бірдеңе дәметіп, тіленді, қайыр сұрады. ~ Асау десе албастысы бар Сұлтанмұраттың алдына кеп алақан жаймайтын адам жоқ. Ондайда бәрі бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалады. Ш.Айт. ~ Қайыршы көрсе қайырым жасағысы кеп етжүректері елжіреп тұратындығы сонша, ала дорбасы алдына түсіп шеттен келіп алақан жайған мүсәпір миллиардерлерге бар-жоғы бір чемодан бакс берсе, «мә, сенен аяғанды ит жесін» деп бір заводты немесе бір мұнай компаниясын ұстата салатын. Т.Сәук.
2. Құшағын ашты; еліттірді; қонақжай мінез танытты.
~ Тамшы кіршіксіз мөлдір болғанмен күлім қаққан көк аспан күңгірт тартып жүре берді; кел-кел деп шаттана алақан жайған Алатаудың бөктері түксиіп алыстап барады. Т.Сәук. ~ Сексеуіл шоқты жанарым менің, Жасын ойнатшы жалғанға. Бақытқа байтақ бала күндерім, Алақан жайсын арманға. Д.Кәп.

АЛАҚАН КӨЗ

Бақырайған үлкен көз. ~ … ішпей мас, әрі нас елу шамасында жасы бар, қой сақтардың басындай басы бар, жай формының өзі сұп-суық бүйі секілді түксиген, бұқа мойын, өгіз құрсақ, алақан көз, жайын ауыз, добыра сақал, тоқпақ мұрын, бір түрлі нысаналы жануар еді. С.Тор. ~ Босағаны аттай бере кілт тоқтады, қорбиған ебдейсіз денесі еңіске түскен аюдай қопарыла бұрылды. Ежелгі қанталаған алақан көз төрде отырған Афанасиймен бір сүзісіп өтті. Қ.Ысқ.

АЛАҚАН СОҚТЫ

Қол шапалақтап, қолпаштады. ~ Жұрт дуылдатып алақан соғып, «горьколап» айқай салғанда, Ағиіс қаймыға төмен қарап, Келдібай да қысылып мүдірумен тұр. Ғ.Сл. ~ Желге қарсы ұшқанда саумал самал бетіңді желпиді. Аққайың мен теректің, емен мен жиде ағашының жап–жасыл жапырағы алақан соғып, саған ақ жол тілейді. С.Дос. ~ Шырынкүл де аянбайды. Бір әуенді аяқтап, екіншісіне, одан үшіншісіне көшеді. Шаршамайды. «Тыңдаушылары» алақан соғып, қайта– қайта сұраныс түсіріп жатса, мұндайда әнші шаршай ма?! Қ.Жиен.

АЛАҚАНҒА САЛҒАНДАЙ

Ап-анық, бес саусақтай. ~ Осыншама шырма–шату өлшемді дәл есептеп, құрылысшы инженерге алақанға салғандай ғып қазақшалап бермесең бар ғой – алып құрылыс ұстыны сағат тіліндей теңселіп кетуі кәдік. Д.Дос. ~ Агба кейде–кейде ойдым–ойдым тұлпардан да әрі барып жүрді, Шамды сар желдіріп, сүйір шоқының төбесіне көтерілсе, бар маңай алақанға салғандай айқын көрінеді. А.См. ~ Торы атқа қамшыны басып келеді. Міне, алда ең соңғы дөң қалды. Созыла шапқан торы тік өрден іркілмей шықты. Әп– сәтте Үйжығылған алақанға салғандай көрінді. С.Мұр.

АЛАҚАНҒА САЛДЫ

Мәпелеп, аялады, құрметке бөледі. ~ Осылай бірер қарағанда– ақ ішкі дүниеңді жіті барлап, бар сырыңды, жай– күйіңді түп– түгел алақанға салып əкететін секілді. Сондай бір алымды, аңғарымпаз көз. Түкпір– түкпіріңді тінте, ақтарып– төңкере, тексере қарайды. З.Қаб. ~ Сенсең ендігі байламды өзің айт. Қалған өмірімде сені алақанға салып, аялап өтсем арманым жоқ. С.Дос.

Қолына ұстатты. ~ Қызғаншақтығы болмаса, Қоныс адал жар, асыл әке бола білді. Тапқанын Тотының алақанына салады. Отбасынан мейірім шуағын аямайды. Ү.Жлк. ~ Ақшам жоқ, барым осы, – деп сағатты қара қатынның алақанына салды. – Бұл сенің құныңнан қымбат. – Сосын үйіліп жатқан нанды түгел көтеріп алып, ар таман барып состиып тұрған балаға қарай жүрді. Н.Дәу. ~ Ырза болған қайыршы әйел саусағындағы қос бауырдақты жүзігін шешіп алып, қоярда қоймай алақанына салып кетіпті. Ү.Жлк.

АЛАҚАННЫҢ АЯСЫНДАЙ

Аумағы тар, шағын ғана. ~ Жазық өлке алақанның аясындай жұртқа көрініп тұр. Шүу дегенде, əр қайсының жүрісін көріп тұрды. Содан кейін бірінен бірі айыру қиындай берді. Ж.Айм. ~ Байқадам (Балжанның əкесі) үйі өзеннің қақ жиегінде. Қасынан өткен қайықшыларға Байқадамның қорасы алақанның аясындай көрініп тұрады. Ж.Айм. ~ Балта терезеден көшеге қарады. Жаңбыр сол баяғы қалпы. Қайта, күшейген тәрізді. Жоғарыда алақанның аясындай ғана болып аспан көрінеді. Қара қоңыр бұлттар көшкен керуендей болып бірте– бірте жоғалып барады. М.Дәу.

АЛАҚАННЫҢ ЖЫЛУЫ

Мейірім, қайырым таныту, қамқор болу туралы. ~ Сол жалғыз жанар арқылы жұмбақ қыздың дидары, беймәлім қыздың айдалада – аппақ қардың арасында адасып жүрген теңдесіз жетім сұлулығын рухани қуат етті; күні бүгінге дейін сол еңбектен жаралған алақанның жылуы жалыққан, тәңірім– ау, кейде бір шаршаған жанын жаннатқа, сол жаққа – Қар қызының отанына жүр– жүрлейді… О.Бөк. ~ Көзінің нұры, өмірінің гүлі – жалғыз ұлдан олардың аянары жоқ еді. Қос жүректің жыры, егіз-екі алақанның жылуы жас нәрестенің жанына нәзік нұр, сезіміне сұлу сыр құймай қойсын ба?
Ү.Жлк.

АЛАҚАНЫ АШЫҚ

Жомарт, мырза адамның сипаты. ~ Қайын-қайынаға, абысын-ажын бәрі де оған «Айтолқын десе Айтолқын ғой» десетін. Өйткені келген ағайын-туған бұл үйден құрауыз аттанып көрген жоқ болатын, барлық уақытта-ақ шамалы ғана малмен дастарқаны да жиылмайтын, алақаны ашық еді. Б.Қыд. ~ Кеш қалдың, Ыстыбай! Байталдың бас жібі басқаның қолында кеткен. Әйтпесе сен дегенде алақаным ашық. С.См.

АЛАҚАНЫ КЕҢ

Қолы ашық, береген. ~ Ағасы түгіл, Сұлтанның сайтаны да жоқ еді. Өтірігімді шығарма деп, менің санымды тағы шымшып қойды да, сөйлей берді: — Дәулеті мол, дастарқанын бай, алақаны кең болсын деп қойған ғой. Ей, Дәулет, біз асығып отырмыз. Сен бізге бір-бір кеседен қымыз бер. Б.Соқ. ~ Ағайын-туыстың алақаны кең ғой, қоғадай жапырылып көмектесті. БАҚ

АЛА ӨКПЕ БІЛДІРДІ

Біреуге кінә артты, реніш білдірді, кейіді. ~ Аз нәрсеге ала өкпе білдіріп араздасып кетерміз бе, әлде туысқан боп зілсіз араласармыз ба деп екіұдай келген едім. С.См.