Әр жерден бір үйірілген, сирек бұлт. ~ Елтайға ала шабыр бұлты арылмайтын сұрғылт күз елестеді. М.Қаб. ~ Шеттері жырымдалған тулақтай ала шабыр бұлт күміс айдың бетін қымтай жапты. І.Ес. ~ Март айының көп жылдан бергі жоқ жылы шағы туған сияқты еді, қарашы бүгін аспанды ала шабыр бұлт қаптап, күннің көзін әлсін-әлсін жаба бергенін. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛА ӨКПЕ
Аласұрып, жанталасқан, беймаза.~ Рас, мынау алабажақ, ала өкпе, қым-қуыт тіршілікте өлеңсіз де өмір сүріп келе жатқандар аз емес шығар-ау… Бірақ Абай мұндайларға мынаны айтқан: “Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны теңеңдер…” И.Сап. ~ Салпаңдаған жылтыр қап тапаншасы санын сарт-сұрт соғып сабылған өкiл мен әкiмнен көп нәрсе жоқ. Жаппай колхозға бiрiгемiз деп ала өкпе. Т.Сәу. ~ Саған ешбір үйез бастығы елдің құс, қоян ататын мылтығын жина деп айтпайды. «Шаш ал десе, бас алып» сендер сияқты ала өкпе, қазанбұзарлар, елді үркітіп, шу шығарып жүретін. Сендер сияқтының сойқанынан «қызылдар, коммунистер бұзақы» деп жаманатқа таңады. С.Бақ.
АЛА ШАПҚЫН БОЛДЫ
Әрі-бері шапқылап, зығыры шықты, әуре-сарсаңға түсті. ~ Түн қатып ұйықтамай, күндіз желі басында тұрып қалғитын жануар ол да көз шырымын сағынан болар. Ай бойы ала шапқын болған Веттехник те алғаш рет Алтайдың зәмзәмдай кәусәріне шөлін бір қандырды. Қ.Ысқ. ~ Түс ауа денесі қызып, бейберекет сандырақтай бастады. Жалғыз жиен бірдеме болып кетпесін деп нағашы жұрты ала шапқынға түсті. Ақыры көрші ауылдан бақсы шалды шақыртты. Қ.Мүб. ~ Яков арқар тоқтысының сан ет, сүбелеріне құйрық май қосып кәуапқа дайындап, Балбала жүні жұлынған үндіктің сыртын жалынға ыстап, ала шапқын болып жатыр екен. Н.Дәу.
АЛА ӨКПЕ БОЛДЫ
Асығып-үсігіп, аптығып, жанталасты, алас ұрды, мазадан айрылды. ~ Сөйтіп, біраз шапқаннан кейін ала өкпе болған асаудың үсті-басы ақ көбік тер болып, сайтаны бастыға бастайды. С.Мұр. ~ Мынауыңыз жаяу бәйге ме? Е, оған біз не үшін ала өкпе боламыз? Бәйгеңіз болса мына Ештайға бере салыңыз, ақыр ол алдына жан салмайды. К.Сег. ~ Қыз оқып кімді көгерткен. Әліпті таяқ деп білмесек те, ағаңның екі аяғын бір етікке тыққан қатын болғанбыз. Енді сенің көйлегің, көншегің деп ала өкпе болар жайым жоқ. К.Қаз.
АЛА ШҰБАР
Әр түрлі, аралас, ала-құла. ~ Бұлақтың тәттісі де, тазасы да, Көлдердің кең мөлдірі тап осында. Айдыны ала шұбар, құс қиқулар. Ауыл, мал, масаты көл жағасында. І.Жан. ~ Баяндама тыңдаушыларына тегіс ұнаған сияқты болды. Бірақ, уком хатшысы сыртқы көрінісі ғана ала-құла емес, білімі де ала шұбар, кешегі ауылдан шыққан шала сауатты волком мүшелеріне түсінікті сөйлеу үшін қазақ тілінің халықтың жағын көбірек іздеп қара терге түсті. Х.Ес. ~ Көпке дейін сендер жақтан күдерім үзілмеді. Кетермін, жетермін деп дәмеленумен болдым. Соғыс тұтқындары кілең орыстар емес, ала шұбар әр ұлт араласып кеткен көже қойыртпақ дүние еді. Ғ.Біл.
АЛА ӨКПЕ БІЛДІРДІ
Біреуге кінә артты, реніш білдірді, кейіді. ~ Аз нәрсеге ала өкпе білдіріп араздасып кетерміз бе, әлде туысқан боп зілсіз араласармыз ба деп екіұдай келген едім. С.См.
АЛА ШҰБАР ЫМЫРТ
Күн еңкейіп, көлеңке ұзарған, ала кеуім уақыт.~ Өтеу сыбызғы тартса Мырзаның көз алдына қарашаның ала шұбар ымырты қайғып келеді де тұрады: пеш көмейін күңіренте суырып, қара құрық терезені қара жалаудай жалп-жалп сабалаған қара жел, сарнаған орман, зарлаған тоқал тамның төрт бұрышы, сол бұрышта солығын баса алмай өксуден шаршаған Өтеу… Қ.Ысқ. ~ Қарлы –жаңбырлы ала шұбар ымыртта ала өгізді алдына салып томпылдата қуалап қабасақал кете барды. Қ.Ысқ. ~ Ала шұбар ымыртты атымен қақ жарып қайта бұрылған қабасақал: — Әй, ақымақ, қайт кейін! Шешең сен түгіл анау ішіндегі ұятын асырап алсын! — деп ақырған. Қ.Ысқ.
АЛА ӨКПЕ ТИГІР!
Малға айтылатын қарғыс, арам қатқыр д.м. ~ …жалғыз-ақ шеткі қараша үй жақтан отауға қарай беттеген толық әйел арба жанында тұрған көзге қораш бала жігітті көре сала: – Мына ала өкпе тигірлеріңді кидірмелетіп қайда апарасың, үйге кіргізейін деп пе ең соншама? Әрмен, ана жаққа қарай әкет, төңіректі былғайсың! Жөн-жосықты білмейтін қандай көргенсіз неме едің, өзің!— деп киліге кетті. Х.Ес.
АЛАБӨТЕН ЫҚЫЛАС БІЛДІРДІ
Көңілі ерекше екенін танытты. ~ Ол иконаның алдына барып, дауыстап дұға оқи бастады. Жиналған адамдардың бәрі басын төмен салып тұрды, ал помещик Максимов тіпті алабөтен ықылас білдіргенсіп, екі қолын жайған күйі алға шығыңқырап тұрды. Ф.Дос. ~ Шақырды. Келдім. Онысына рахмет. Бірақ мен болмасам басқа біреу, бәлки, менен гөрі икемді, менен гөрі білімі де, біліктілігі де ілгері біреу істеуі мүмкін еді ғой. Маған басқалардан алабөтен ықылас білдіре қойған жоқ. С.Им.
АЛА САБЫР КҮН КЕШТІ
Беймаза, дау-дамайы көп, берекесіз күйде болды. ~ Ерлі–зайыпты екеуі жан түсінбес ырғылжың күйге ұшырағалы, жіпсілең, аласабыр күндер кешкелі қашан! Ұядай жылы үй ішін азынаған ызғырыққа толтырғандай екеуі талай рет қабақ шытысты, бірін–бірі көрер–көзге бейкүнә жәбірлеп, біріне–бірі ап–ашық айыптар тақты. Ізінше, ері өзінше, зайыбы өзінше тұнжыр томсарып, үнсіз ымыраласқандай болды. Ш.Айт.
