1. Өзімен бірге ертіп кетті; қалдырмады. ~ Жансейітті және менің жігіттерімді талға байлап, екі қызды өздерімен бірге ала кетті. Сәскелік жер ұзаған соң менің қол-аяғымды босатып, кері қайтарды. Б.Тоғ. ~ Биыл бір ана дүниеден өтті. Ішіндегі үлкен сыр, құпияны ала кетті. Ә.Ыс.
2. Басына түскен пәлені өзі ғана көтермей, басқа біреуге де жала жапуыа, қылмысына ортақ қылды. ~ «Жалғыз кетпеспін! Ала кетермін талайыңды құрдымға!» дегені шатынаған көздерден білінді. С.См. ~ Біреуі бірін айдатса, айдатқан адам өзін кімнің көрсеткенінбілді. Оларды ұрып–соғып тергеген кезде сол өзін айдатқан адамды ала кетті. Ол да «жау» деді. А.Жақ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЛА КЕУІМ
Ымырт жабылып, көз байланған уақыт. ~ Дүние жым- жырт еді. Дүние елестей ала кеуім күңгірт еді… Қ.Ысқ. ~ Маған бұрылып қарамайды, күңгірт жарықтан жүзін анық көре алмаймын. Осындай ала кеуім шақта оның қағазға үңілгені несі? Т.Ахт.
АЛА КӨБЕҢ
1. Қараңғы түсе бастаған мезгіл, кешкі уақыт. ~ Қой қайырған қайнаға сай ішімен ала көбенде шауып бара жатқан бір топ аттыны көріпті… Б.Тоғ. ~ Лиманың басы айналып, көзі қарауыта бастады, әлі шам жақпай, кешкі ала көбеңде отырған мына үшеуі бірте-бірте алыстай бастады. Ә.Тар.
2. Біреуден ілгері, біреуден кейін, алым-берім, құба төбел д.м. ~ Онсыз да ала көбең шаруаны күйттеген ағайыннан алып алты, жеп жеті болмасын көрегендікпен сезгендей екен. Ә.Асқ. ~ Мал баққан ала көбең шаруаның онан сайын зәресі ұшты. Ә.Нұрп.
АЛА КӨБЕҢ ТАРТТЫ
Кеш түсті, ымырт үйірілді. ~ Жым– жырт ұйып жатқан жайлы түн алакөбең тартып, бірте– бірте бозғылттана бастады. О.Бөк.
АЛА КӨБЕҢ ШАҚ
Ымырт түскен уақыт. ~ Қос бүйірін таянған қара көк таулар ауысып алмасқан ала көбең шақта оң, солға сезілер-сезілмес теңселгендей. М.Қаб.
АЛА КӨЗ БОЛДЫ
Ара қатынасы суыды, кикілжің туды. ~ Үй өзіңдікі, жата бер, ─ деп шешіле сөйледі. Бертшек мұны да тыңдамады. ─ Жоқ, Битабар, келінмен алакөз болғым келмейді. Кетем дедім, кетем… С.Шай.
АЛА КӨЗБЕН ҚАРАДЫ
Жақтырмай көз тастады, ұнатпайтынын сездірді.~ Әжем күрсініп қойды. Қиялы әлдеқайда жетелеп кеткендей өз сезіміне кенеліп отырған сияқты. Апаларым мен жаққа ала көзбен қарап, жауығып алғандай. Б.Мом. ~ Бет–аузы көгілдір тартып, өн бойының арса–арсасы шыққан неме әкесіне ала көзбен қарады. Н.Дәу.
АЛА ЖАҢҚА ӘҢГІМЕ
Алып-ұшты, дүрлікпе, үрейлі сыбыс. ~ Бұл күнде ел ішінде ала жаңқа әңгіме көп. Заманның толқыған желі біресе оңнан, біресе солдан ұрғылап, тоғайлар теңселіп, торғайлар үріккен бір дәуірге кез келді. Ж.Шәк.
АЛА КӨЗДЕНДІ
Қитығып, іштей наразы болып, жақтырмаған мінез танытты.~ Бірақ бұл өлкеге шекараның мойны алыс, бұл ауғанмен ел-жұрты оған ере ме? Қазірдің өзінде ала көзденіп, атарға оқ таппай отырған тәрізді. Б.Тоғ. ~ Меніңше, Алдабергеновтің ең осал, бейбақ жері сол: азғантай ауылдың ауыз бірлігін әлі орната алған жоқ. Кейде орынды–орынсыз қиқу, қиқу боп, өзара ала көздене кетеді. Бірін–бірі жамандайды, өсек айтады. С.Бақ.
АЛА ЖАҢҚА КӨҢІЛ
Беймаза, әлденеге алаңдаулы, дегбірсіз көңіл. ~ Алып ұшып елді сағынған ала жаңқа көңіл, енді от басып, аяғы күйген жандай асығыс тыпыршып, ақыры ең болмаса жақындайық дегендей Сарыағашқа қоныс аударып тынды. К.Өт.
