АЛА ЖІБІН АТТАДЫ

Біреуге залал келтірді, обалына қалды. ~ Неге Адам өмірі алысқан, арпалысқан өмір?! Өйткені, Адам пақыр мына өмір жалғыз рет берілген, сондықтан Жер бетінде шалқып өмір сүру керек деп біледі. Содан байлыққа, билікке таласады. Алысады. Арпалысады. Адамдықтың ала жібін аттайды. С.Елу.

АЛА ЖІБІН АТТАМАДЫ

Қиянат жасаған жоқ, арамдыққа барған емес.
~ Менің сонша не қылығым бар еді? Кісінің ала жібін аттадым, ба? Кісіге сұғанақтық, несібе құмарлық қылдым ба? Кісі өлтірдім бе? Ел тонадым ба? Азырақ жастықты кім қылмайды?.. «Иманды» білдім, оразамды тұттым. Намазымды оқыдым. Ж.Айм. ~ Бұл қылмыс, қылмыс! Ешкімнің ала жібін аттап көрген емеспін. Бір деңіз. Менің тойым ешқашан да арам тиын-тебенге жасалмайды. М.Қаб. ~ Мен Совет өкіметін құлатқалы жүрген жан емен. Мен қалқозыңның малын талағаным жоқ, бір адамның ала жібін аттағаным жоқ, зияным да жоқ, тигізетін пайдам да болмайды, өйткені жасым, міне, жетпіс екіге келді. Б.Қыд.

АЛА ЖІПТЕРІН КЕСІСТІ

Бірін-бірі көрместей болып ренжісті, өкпе сақтады, теріс айналып кетті. ~ Алпыс төртінші жылдан бері екеуі бірін-бірі жатқа санап, ала жіптерін кесісіп, әрқайсысы өз жөнімен кетпеп пе еді. О.Сәр.

АЛА КЕТТІ

1. Өзімен бірге ертіп кетті; қалдырмады. ~ Жансейітті және менің жігіттерімді талға байлап, екі қызды өздерімен бірге ала кетті. Сәскелік жер ұзаған соң менің қол-аяғымды босатып, кері қайтарды. Б.Тоғ. ~ Биыл бір ана дүниеден өтті. Ішіндегі үлкен сыр, құпияны ала кетті. Ә.Ыс.
2. Басына түскен пәлені өзі ғана көтермей, басқа біреуге де жала жапуыа, қылмысына ортақ қылды. ~ «Жалғыз кетпеспін! Ала кетермін талайыңды құрдымға!» дегені шатынаған көздерден білінді. С.См. ~ Біреуі бірін айдатса, айдатқан адам өзін кімнің көрсеткенінбілді. Оларды ұрып–соғып тергеген кезде сол өзін айдатқан адамды ала кетті. Ол да «жау» деді. А.Жақ.

АЛА КЕУІМ

Ымырт жабылып, көз байланған уақыт. ~ Дүние жым- жырт еді. Дүние елестей ала кеуім күңгірт еді… Қ.Ысқ. ~ Маған бұрылып қарамайды, күңгірт жарықтан жүзін анық көре алмаймын. Осындай ала кеуім шақта оның қағазға үңілгені несі? Т.Ахт.

АЛА КӨБЕҢ

1. Қараңғы түсе бастаған мезгіл, кешкі уақыт. ~ Қой қайырған қайнаға сай ішімен ала көбенде шауып бара жатқан бір топ аттыны көріпті… Б.Тоғ. ~ Лиманың басы айналып, көзі қарауыта бастады, әлі шам жақпай, кешкі ала көбеңде отырған мына үшеуі бірте-бірте алыстай бастады. Ә.Тар.
2. Біреуден ілгері, біреуден кейін, алым-берім, құба төбел д.м. ~ Онсыз да ала көбең шаруаны күйттеген ағайыннан алып алты, жеп жеті болмасын көрегендікпен сезгендей екен. Ә.Асқ. ~ Мал баққан ала көбең шаруаның онан сайын зәресі ұшты. Ә.Нұрп.

АЛА КӨБЕҢ ТАРТТЫ

Кеш түсті, ымырт үйірілді. ~ Жым– жырт ұйып жатқан жайлы түн алакөбең тартып, бірте– бірте бозғылттана бастады. О.Бөк.

АЛА КӨБЕҢ ШАҚ

Ымырт түскен уақыт. ~ Қос бүйірін таянған қара көк таулар ауысып алмасқан ала көбең шақта оң, солға сезілер-сезілмес теңселгендей. М.Қаб.

АЛА КӨЗ БОЛДЫ

Ара қатынасы суыды, кикілжің туды. ~ Үй өзіңдікі, жата бер, ─ деп шешіле сөйледі. Бертшек мұны да тыңдамады. ─ Жоқ, Битабар, келінмен алакөз болғым келмейді. Кетем дедім, кетем… С.Шай.

АҚЫРЫ НЕ КЕРЕК

Сөйтіп, сонымен, не айтары бар д.с. қыстырма тіркес. ~ Содан бірер жыл азаматтың басы жұмысты болып, ақыры не керек, соғыстан бір-ақ шығыпты. С.См. ~ Содан у-шу. Серәлінің үй-іші жылап-сықтап, мал сойылып, құран оқылып, ақыры не керек, жетісін бергелі жатқанда Серәлінің өзі келсін… Сөйтіп бір масқара болған. Т.Әб.