АЛ ҚЫЗЫЛ

Әсіре қызыл, нарттай. ~ … салон іші азан-қазан боп кеткен, ал қызыл шырайлы адам енді ашудан түтіге булығып, найзағайдан от шашқан құдайдай қаһарланып, екі жұдырығын жоғары түйген күйі қалш-қалш етіп айқайға басқан. Дж.Лон.

АЛА АЙРАН ЕТТІ

Ойран салды, әңкі-тәңкісін шығарды. ~ Алтын Орда тағынан дәметер деп, бір жазда ат жалын тартып мінер аға-інісін тегіс өлтірді. Абат елді ала айран етті. Әйтсе де меншіктенген алтын тақ оған да құтты болмады. І.Ес.

АЛА АУЫЗДЫҚ (ТУДЫ)

Келіспеушілік, дау-дамай. ~ Бірақ, соның ішінде Досовтың есінен кетпестей болған бір ой бар-ды. Ол ауылдың ала ауыздығы жайлы еді. Бұл ойын айтардан бұрын Нұрмолда терең күрсініп, қобалжып кетті. С.Бақ. ~ Кейін дүнгендер арасында ала ауыздық туып, Бордың айтқанына көнбей бұра тартатындар көбейе бастайды. Қ.Жұм.

АЛА АЯҚ

Қу, арам, залым, сұм. ~ Жылтыр аты шулы ала аяқ. Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ж.Айм. ~ Бұлар ішкі Россиядағы арғымақ өсіретін заводтардан келгендер. Арғы тегі – Англиядан шыққандар. Біреуінің құнына бір айғыр үйірдің бағасы жетпейді. Бәрі де ала аяқ жирен қасқалар. С.Мұқ. ~ Ақынның арызқой жауларын бұлар да жек көретiн болып шықты. «Дарынсыз ала аяқ, боқ домалатқан сасық қоңыз!» деп ит терiсiн басына қаптағанға Ақын құлап түстi. Т.Сәу.

АЛА БАЛТА, АҚ БІЛЕКТІҢ КҮШІ

Адал шайқас д.м. ~ Бәрекелді! «Намыс жолында жан пида» деген ерлерден айналдым. Алайда «Ала балта, ақ білектің күші»
деп, алысар адал шайқас, әділ майдан заманы бабаларымызбен бірге өтіп кетіпті. К.Сег.

АҚЫРЗАМАНДЫ ҮЙІП-ТӨКТІ

Қорқытып, үркітіп, қара аспанды төндірді. ~ Ол тұрмақ қабылдуына да кіре алмайсың, үлкен үйдің маңайынан да жүре алмайсың! » деп қайдағы жоқ ақырзаманды үйіп– төккен. Қ.Жиен.

АЛА БҮЛІК

1. Содыр, бұзық, лаңкес, бүлікшіл, тынышсыз. ~ Сұрақшы Керімбекті белгілі қылмыстарға қалай да мойындату үшін бір талай айла-шарғы ойластырған тәрізді… Ол үшін Арыппайды жықпай болмайды. Керімбектің інісін бұлар жай ғана есер, ала бүлік деп білмейді. Ж.Ахм.~ Қашан ұлы падишамыз қазақтың бар тізгінін бір тегеурінді қолға жиып бермей, бұлар бәрібір баян таптырмайды. Сондай жағдайда ғана мынау ала бүлік Хиуа мен Бұхара бұл тараптан аяғын тарта жүрер еді. Ә.Кек.
2. Билікке қарсы көтеріліс, дүмпу. ~ Осынау ала бүліктердің түп-тамырында наркобарондар мен әскерилердің, әсіресе орыстың әскери адамдарының мүддесі жатыр. Т.Әс.

АҚЫРЗАМАННЫҢ АДАМЫ

Адамгершілік қасиеттерден жұрдай д.м. ~ Аты жаман аңыздың Алматыда болғанына опынамын. Досқараны көргім келмейді. Көре қалсам, ақырзаманның адамы алдымнан шыққандай абдырап қаламын. Қ.Түм.

АЛА БҮЛІК ШЫҒАРДЫ

Дау-жанжал шығарды, қақтығысқа барды. ~ Бәрінің сөзі бір жерден шығып, оған сабыр берсе жақсы. Ала бүлік шығарып, қолтығына су бүркіп: “Аттан, аттанға” салса ше? М.Әбд.

АҚЫРЫ НАСЫРҒА ШАПТЫ

Істің арты жамандыққа апарды, шатаққа ұласты. ~ Тұнғатар тәуір жігіт болып өседі де, Үкімен тұз — еңбегі жарасып, оң
жақта қалың ойнайды. Осындай жарастықты көңілдердің арасына Сартай тікендей қадалмақ болады. Қыз оған көнбейді.
Ақыры насырға шауып, ұзатып әкеткен Үкіні Сартай қалың қолмен барып Тұнғатардан тартып әкетеді. C.Мұқ.