АЛ БАЛЫҚ, АУЗЫМА САЛ БАЛЫҚ

Дайын асқа тік қасық. ~ «Ал балық — аузыма сал, балық» деп қол қусырып, қарап отырғанда Құдайдың да аспаннан тастап берері жоқ. Т.Рыс.

АЛ КЕУДЕ

Өр көкірек, кеудемсоқ. ~ Өмір берген деген мейір төккен деген сөз, арқыраған аюдай ал кеуде ерлердің, ақылгөй ақсақалдардың сөзін тыңдамағанда неге екен, сенің сөзіңді тыңдап, алдынан тоссаң бетіңді қақпайтынына шешем де таңырқап ‹‹Осы баланың бір шарапаты бар›› деп қояды. Б.Жұм. ~ Ендеше, қадірменді Жапекең сүйегі баяғыда қурап қалған сол алкеудеге бола немене жанығып отыр, түсінсе бұйырмасын. М.Қаб. ~ Шет елге қалай шығудың жай-жапсарын суыртпақтап сұрай бастады. Көп сөйлеп, көп нәрсені түсіндіргенсіген бұл жігіт ұр да жық алкеуде мінез байқатты. Н.Абд.~ Ол үндемедi. Өзiнiң алкеуделiгi мен бiрмойындығын танытып, қабағын түйiп, күжiрейдi де қалды. Ә.Ыб.

АЛ ҚЫЗЫЛ

Әсіре қызыл, нарттай. ~ … салон іші азан-қазан боп кеткен, ал қызыл шырайлы адам енді ашудан түтіге булығып, найзағайдан от шашқан құдайдай қаһарланып, екі жұдырығын жоғары түйген күйі қалш-қалш етіп айқайға басқан. Дж.Лон.

АЛА АЙРАН ЕТТІ

Ойран салды, әңкі-тәңкісін шығарды. ~ Алтын Орда тағынан дәметер деп, бір жазда ат жалын тартып мінер аға-інісін тегіс өлтірді. Абат елді ала айран етті. Әйтсе де меншіктенген алтын тақ оған да құтты болмады. І.Ес.

АЛА АУЫЗДЫҚ (ТУДЫ)

Келіспеушілік, дау-дамай. ~ Бірақ, соның ішінде Досовтың есінен кетпестей болған бір ой бар-ды. Ол ауылдың ала ауыздығы жайлы еді. Бұл ойын айтардан бұрын Нұрмолда терең күрсініп, қобалжып кетті. С.Бақ. ~ Кейін дүнгендер арасында ала ауыздық туып, Бордың айтқанына көнбей бұра тартатындар көбейе бастайды. Қ.Жұм.

АЛА АЯҚ

Қу, арам, залым, сұм. ~ Жылтыр аты шулы ала аяқ. Оның қылмаған бұзақылығы жоқ. Ж.Айм. ~ Бұлар ішкі Россиядағы арғымақ өсіретін заводтардан келгендер. Арғы тегі – Англиядан шыққандар. Біреуінің құнына бір айғыр үйірдің бағасы жетпейді. Бәрі де ала аяқ жирен қасқалар. С.Мұқ. ~ Ақынның арызқой жауларын бұлар да жек көретiн болып шықты. «Дарынсыз ала аяқ, боқ домалатқан сасық қоңыз!» деп ит терiсiн басына қаптағанға Ақын құлап түстi. Т.Сәу.

АЛА БАЛТА, АҚ БІЛЕКТІҢ КҮШІ

Адал шайқас д.м. ~ Бәрекелді! «Намыс жолында жан пида» деген ерлерден айналдым. Алайда «Ала балта, ақ білектің күші»
деп, алысар адал шайқас, әділ майдан заманы бабаларымызбен бірге өтіп кетіпті. К.Сег.

АҚЫРЗАМАНДЫ ҮЙІП-ТӨКТІ

Қорқытып, үркітіп, қара аспанды төндірді. ~ Ол тұрмақ қабылдуына да кіре алмайсың, үлкен үйдің маңайынан да жүре алмайсың! » деп қайдағы жоқ ақырзаманды үйіп– төккен. Қ.Жиен.

АЛА БҮЛІК

1. Содыр, бұзық, лаңкес, бүлікшіл, тынышсыз. ~ Сұрақшы Керімбекті белгілі қылмыстарға қалай да мойындату үшін бір талай айла-шарғы ойластырған тәрізді… Ол үшін Арыппайды жықпай болмайды. Керімбектің інісін бұлар жай ғана есер, ала бүлік деп білмейді. Ж.Ахм.~ Қашан ұлы падишамыз қазақтың бар тізгінін бір тегеурінді қолға жиып бермей, бұлар бәрібір баян таптырмайды. Сондай жағдайда ғана мынау ала бүлік Хиуа мен Бұхара бұл тараптан аяғын тарта жүрер еді. Ә.Кек.
2. Билікке қарсы көтеріліс, дүмпу. ~ Осынау ала бүліктердің түп-тамырында наркобарондар мен әскерилердің, әсіресе орыстың әскери адамдарының мүддесі жатыр. Т.Әс.

АҚЫЛЫҢ (ӨЗ АҚЫЛЫҢ) ӨЗІҢЕ

Ақылың қажет емес, сөзіңді босқа шығын қылма д.м. ~ Әй, жарқыным, ақылың өзіңе! Жаудан қорқып өнімді айтпай отыра алайын ба? Қуанса да, қайғырса да, ән салған ата дәстүрін ұмытайын ба? С.См. ~ Арақ ішкен өңшең мас, Есі шала өңшең жас, Дүрсе қоя берісті: «Көр көрінед көзіңе, Өз ақылың — өзіңе! Сен бүйдеме игі істі. М.Жұм. ~ Бар ақылың өзіңе, Кім деп тұрсың, қарағым? Көрінбегін көзіме, Қарыныңды жарамын. Торғай содан кектеніп, Ешкіменен жауықты. А.Ас.