Тереңірек ойланды; жағдайды дұрыс пайымдап, зерделеді. ~ «Жарайды» дей қоюға, Шыңғыс әрі «шылқы май» көретін орнын қимады, әрі «Есенейден қорқып кетіпті» деген атақты қорлық көрді. Бірақ «ақылына айғыр салып» байқаса, Құрымсының айтып отырғаны шындық. С.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫЛЫ АСҚАН, ҚАЙРАТЫ ТАСҚАН
~ Ерте–ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде қазақтың жұмақ елінде, жерұйық атты жерінде ақылы асқан, қайраты тасқан
бай болыпты. С.Дос. ~ Себебі қамшыгердің қамшысы атан түйе мен өгіздің өзін сеспей қатырады. Бұл – әбден машықтанған, қайраты тасыған адамның ғана қолынан келетін іс. Ж.Баб.
АҚЫЛЫНА КӨРКІ САЙ
Сұлулығы мен парасаты, зейін-зердесі пара-пар. ~ … нағыз бес аспап дейтін тұз елінің әйелдеріне айтылатын мақтаудың бәріне Дәмелінің ісі сайма-сай. Ақылына өңі, көркі сай. С.Жүн.~ Рас, қызым сұлу еді. Сегіз қызды бұйым құрлы көрмей жүрген соң-ақ түсінікті ғой. Сары қыз дедім ғой. Сондай «светной» қыз еді. Ақылына көркі сай, сұңғақ бойлының нақ өзі. А.Нүс.
АҚЫЛЫ АУДЫ
Ақыл-есін жоғалтты. ~ Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды. Күні-түні шуласып, таласады, Ұмытты тамақ жеу мен және ұйықтауды. Абай. ~ Болған соң уәделi күн, жауын жауды, Судан iшкен жынды боп, ақылы ауды. Күнi–түнi шуласып, таласады, Ұмытты тамақ жеу мен және ұйықтауды. Абай. ~ Онда бар өлтіре ме деген қауіп, Жамал қорқып келеді ақылы ауып. Амалсыз шақырған соң келе жатыр, Бетіне ақ торғыннан перде жауып. «Ер Тарғ».
АҚЫЛЫ АУЫСТЫ
Жынданды, ойлау қабылетінен айрылды. ~ Жалғыз ұлынан айрылып қайғыдан қан жұтқан шерлі кейуана не демейді, ақылы ауысқан… ойы ортайған… бір дем ары, бір дем бері болып жүріп айтқан сандырақ сөзі шығар деседі… Д.Дос. ~ Мылгун үндеген жоқ. Оның басы бірте– бірте салбырап, ақылы ауысқан адамдай алдына қарауға қорқып, бүк түсіп қалды. Ш.Айт. ~ Гауһарға берген адамды құтыртатын дәріні осы балаларға ішкізген ғой, сұмырайлар! ? Өз қызымды осы жолы қайтсем де жындыханадан шығарып әкетермін, кеудемде жаным болса. Ал мына ақылы ауысқан көген көздерді қайту керек?. Т.Рыс.
АҚЫЛЫ БҮТІН
Есі дұрыс; ақыл-ойы жетілген; миында кемістік жоқ. ~ Сөзді қанша астарлап айтқанмен, түпкі төркіні осы еді ғой. Ақылы бүтін келін емес пе, өзі де білдірер шет-жағасын деп те жүрдім. Ш.Айт.
АҚЫЛЫ КЕЛТЕ
Терең ойламайтын, бір нәрсенің парқына бара бермейтін, ақымақтау, алаңғасар адам туралы. ~ Қарасу қапасында қалғандар үндемейді. Оларды ешкім ескермейді. Олар ұмыт болған. Ақылы келте адамдар күні кешегі опат дәуірді елең де қылмайды. Ш.Мұр.
АҚЫЛЫ КЕМІС (КЕМ)
Ақыл-ойында кінарат бар, басы дұрыс жұмыс істемейді. ~ Сендер өздерің бастап жіберген жоқсындар ма? Үй иесінің ақылы кемісі анық болды. М.Мағ.~ … осы әлемдік, ғарыштық апаттан кейін адамзат бақытсыз болып қалды. Ақылы кеміс, жарымжан болып қалды. Т.Әс. ~ Арада екі-үш күн өтпей ата қораздан айрылып аһ ұрдым. Жарайды, ақ кеп ақылы кем жас еді, сондықтан қара мысық аузына аңдаусызда түсіп қалды делік, ал ата қораз өйтіп ашықауыздық жасай қоймайтын-ды. М.Қаб.
АҚЫЛЫ КӨЗІНДЕ (КӨЗ АЛДЫНДА)
Көргенін ғана пайымдай алатын, одан ары не беріге миы жете бермейтін санасыздық туралы. ~ Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Абай. ~ Қайдан білесің?! Жұрт ақылы көзінде ғой. Бопыраздатып, сым шалбармен сидаңдап жүргенге «тұтқаның бірі осының қолында емес» деп ойламайтын сияқты. Ж.Айм. ~ Тарихтан, яғни халық өмірінде болған оқиғалардан хабары жоқ Шепенің, қазақша айтқанда «ақылы көз алдында» яғни көзі көрігі жүргеннен арғының да, бергінің де оған қажеті жоқ. С.Мұқ.
АҚЫЛЫ КІРДІ (ЕНДІ)
Ақыл тоқтатты, естияр болды. ~ «Сотқа беремін» деп одыраңдаған екен. Мастығы тараған соң ақылы кіріп, өз кінәсін сезіп, әрі қырман басындағы куәлардан сескеніп, арыз жазбапты. Ш.Мұр. ~ “Бәлкім, бұл ақылы кіріп, ішкенін қойып кетер, а? Ш.Айт.
