АҚЫЛЫ КӨЗІНДЕ (КӨЗ АЛДЫНДА)

Көргенін ғана пайымдай алатын, одан ары не беріге миы жете бермейтін санасыздық туралы. ~ Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Абай. ~ Қайдан білесің?! Жұрт ақылы көзінде ғой. Бопыраздатып, сым шалбармен сидаңдап жүргенге «тұтқаның бірі осының қолында емес» деп ойламайтын сияқты. Ж.Айм. ~ Тарихтан, яғни халық өмірінде болған оқиғалардан хабары жоқ Шепенің, қазақша айтқанда «ақылы көз алдында» яғни көзі көрігі жүргеннен арғының да, бергінің де оған қажеті жоқ. С.Мұқ.

АҚЫЛЫ КІРДІ (ЕНДІ)

Ақыл тоқтатты, естияр болды. ~ «Сотқа беремін» деп одыраңдаған екен. Мастығы тараған соң ақылы кіріп, өз кінәсін сезіп, әрі қырман басындағы куәлардан сескеніп, арыз жазбапты. Ш.Мұр. ~ “Бәлкім, бұл ақылы кіріп, ішкенін қойып кетер, а? Ш.Айт.

АҚЫЛЫ ҚЫСҚА

Ақыл-ойы жетіспеген, жарымес. ~ …сатушы қатын маған көзін шатыната қарайды. Өзі бар-ау, маған жеке меншік арағын сататындай! Шашы ұзын, ақылы қысқа неме! Ғ.Қаб. ~ Қауым жоқ отыратын сөзін тыңдап, Шашы ұзын, ақылы қысқа ұрғашының Түріне сенген екен толған күндей! Тұра ма өмір бақи жалған бірдей? К.Ахм.

АҚЫЛЫ ТОЛДЫ (ТОЛЫСТЫ)

Санасы өсті, жетілді. ~ Иә, солай, келесі жылы оқысын. Бір жылдың ары– берісі жоқ, қайта ақылы толып келеді, — деді «деректір». Д.Әш. ~ Халелім де ер жетіп, ақылы толысты. Отау иесі болатын шаққа кәміл жетті. С.Жүн.

АҚЫЛЫ ТҮЗУ

Саналы, пайымы дұрыс, зерделі. ~ Россияның терең түпкірінен әлденендсй құдіретті толқын көтеріліп, немесе әуелгі дүмпумен шарадан асқан, бір жағы Қытай, бір жағы Батыс Европаға лықсыған жүздеген мың, бәлкім, бірнеше миллион қарулы әскер, ақылы түзу, отаншыл азамат қайтадан күш жиса… М.Мағ.

АҚЫЛЫ ТҮСТЕН КЕЙІН КІРДІ

Ақылы таяз, не нәрсені де кеш ұғып, кеш пайымдайтын адам туралы. ~ Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы, Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры: «Адам — құл өзін жеңіп ұстамаған» Деген бір Сократтың бар нақылы. С-М.Тор. ~ «Әттегене-ай!—деді ол ішінен,— ешкімнен ұялмай-ақ, «Гүлнашты өзім апарып салам, Орал, сен әуре болмай-ақ қой» деуім керек екен ғой. «Жаманның ақылы түстен кейін келеді» деген осы — дағы!» Т.Әл ~ Бригадир ренжи ме, ренжімей ме, мен оны ойлап тұрғаным жоқ, ақымақтың ақылы түстен кейін кіреді деп, менің көз алдымда аспаз жеңгеміз… Қ.Ысқ.

АҚЫЛЫ ШОЛАҚ

Ойлау қабылеті төмен, зердесіз, есалаң. ~ Кейде ақылы шолақтарға қамшыжұмсамай-ақ‚ майда тiлмен асты-үстiне түсiп, оларды дегенiне көндiретiн. Б.Алд. ~ Өйткенi, ақылы шолақтықтан түзiлiп, ақымақтықтан туындайтын тосын жұмбақтарды шешу жұмыр басты пенденiң қолынан келмейтұғын харекет. Ж.Шағ. ~ Қасапшының итіндей жалақ қағады. Мінезі жеңіл, ақылы шолақтығы андағайлап-ақ тұр. Т.Рыс.

АҚЫЛЫ АЙРАН, ОЙЫ ОЙРАН

Қатты абыржып, не істеп, не қоярын білмеді; есінен адасты. ~ Ол қазір өздерінің қай тұста екенін, құрлықтан алыста ма, жақында ма, теңізде ме, жоқ әлде дауыл оларды мұхитқа айдап әкетті ме — сол арасын ажырата алмай ақылы айран, ойы ойран болып отыр. Ш.Айт.

АҚЫЛЫН АЙРАН ҚЫЛДЫ

Есінен адастырды. ~ Әз Тәукенің қартайып қалған інісі Қайып та, баласы Болат та ел басқаруға қабілеттері жетпейтін еді. Әсіресе Әз Тәукенің баласы Болат ел билемек түгел, өзінің отбасына әлі келмейтін жетесіз жуас, дарынсыз адам болды. Осыны біле тұра Болатты хан сайлағаны Назардың ақылын айран қылған болатын. Б.Әл.

АҚЫЛҒА ШАҚЫРДЫ

Тоқтау айтты, сабырға шақырды. ~ Ішіндегі иман жүзді ақсақал бағанадан бері үндемей отыр еді, дәл осы тұста басалқылық айтып, елді ақылға шакырмақ болды: — Оу, халайық, бәріміз бірдей бір адамды жамандағанда жақсы адамды, өкімет басында жүрген тілектес мұсылманды жерден қазып табамыз ба? Б.Тоғ. ~ Түн ішінде отырмын ғой, бар шыным. Сол екі ортада дүниеге тұңғышымыз да келді. Ақылға шақырып, «мынау судай шашуды қой дедім. Құрып кетесің. Ессіз адам болғанмен, есепсіз дүние жоқ. К.Қаз.