АҚЫЛ-ОЙДАН БАЗ КЕШТІ

Ақылдан адасты д.м. ~ Ақыл-ойдан баз кешіп, әсіреарийлікке бой алдырған ұрдажық ұлтшылдық қызды-қыздыға келгенде қызыл қанмен шөл қандырып, дүйім дүниені алатайдай бүлдірді. И.Сап.

АҚЫЛҒА САЛДЫ

Ой елегінен өткізіп, пайғамдады. ~ Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып. Залымдықпен ел алса, сол оза ма, Маңайының бәрін де оттай шарпып? Шәк. ~ Жаранына жиылған Аббас былай бұйырған: «Тез ақылға салыңдар! Жұлдызды алдау жөні не? Сөйтіп, тірі, өлі ме, Қалап, затымды алыңдар!» М.Жұм. ~ Бұрын сыйын көрмеген, араласпаған елдің ішінде өнеріңді ортаға салмай, өзіңді-өзің жасырғаның – түбі жалған намысқойлық шығар, ақылға салшы. Қ.Тол.

АҚЫЛЫ АЗЫП, ТОНЫ ТОЗДЫ

Ақыл-есі кеміді; жадап-жүдеді. ~ «Кәрi түйе тайғақ, кәрi кiсi жайдақ». Менiң де ақыл азып, тоным тозған күйiм бар. К.Сег.

АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ

Еш қисыны жоқ, сену қиын. ~ Тұрар Рысқұлов, Смағүл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов… мына сіз сияқты даяр басшылар тұрғанда, қайдағы бір білімсіз партизанды қазақ даласына жіберуі, – түк ақылға сыймайды! Б.Тоғ.~ Соған бола лаға безу ақылға сыймайды. – Жапар қисынды айтылса да бұл уәжге келiспей, қарсылығын бiлдiрдi. Ә.Ыб.

АҚЫЛЫ АЙНЫДЫ

Жынданды, дәлдуленді. ~ Есі ауысқан! Құдай білед! – Көзіне қара, көзіне! Құтырған! – Ойбу, сорлы-ай! Ақылы айныпты! – Тарт бері! Қайыңға әкел! Ш.Айт.

АҚЫЛҒА СЫЙЫМДЫ

Көңілге қонатындай, нанымды, қисынды, жөні бар. ~ Елдің көксейтіні басшының ақылға сыйымды, иманды нұсқау, бұйрығы. Н.Дәу. ~ Енді ол өзінің осынау құдіретті күш жігерін үлкен мәнді мақсатқа арнау керек екендігін түсінді. Арнамаған күннің өзінде сол қыруар еңбегінің ішінен ақылға сыйымды, мәнді бірдеңе тапсам деп ойлады. Т.Әбд. ~ Ал енді «бұрын қалай болған» дегенге келетін болсақ, жаңағы өзің «Қыз Жібек» фильмінен үзінді келтіргеніңдей отты өшірмеген, қайта оны жаққан ғой. Ақылға сыйымдысы да сол ғой енді. Ж.Баб.

АҚЫЛЫ АЙРАН БОЛДЫ

Не ойлап, не қоярын білмей қалды, миы шатасты. ~ Қызылдар бел алып барады дегелі, ақылы айран бола бастаған. Б.Тоғ.

АҚЫЛҒА СЫЙЫМСЫЗ

Көңілге қонбайды, мүмкін емес. ~ Сәлден соң теңіз үстінде көзге түртсе көргісіз, түпсіз түнек түн басты. Тұман тұтқынында күндіз жүзудің өзі далбаса, ал мына көрдей қараңғы түнде жүзу мүлде ақылға сыйымсыз. Ш.Айт. ~ Сәлден соң теңіз үстінде көзге түртсе көргісіз, түпсіз түнек түн басты. Тұман тұтқынында күндіз жүзудің өзі далбаса, ал мына көрдей қараңғы түнде жүзу мүлде ақылға сыйымсыз. Ш.Айт.

АҚЫЛҒА ШАҚЫРДЫ

Тоқтау айтты, сабырға шақырды. ~ Ішіндегі иман жүзді ақсақал бағанадан бері үндемей отыр еді, дәл осы тұста басалқылық айтып, елді ақылға шакырмақ болды: — Оу, халайық, бәріміз бірдей бір адамды жамандағанда жақсы адамды, өкімет басында жүрген тілектес мұсылманды жерден қазып табамыз ба? Б.Тоғ. ~ Түн ішінде отырмын ғой, бар шыным. Сол екі ортада дүниеге тұңғышымыз да келді. Ақылға шақырып, «мынау судай шашуды қой дедім. Құрып кетесің. Ессіз адам болғанмен, есепсіз дүние жоқ. К.Қаз.

АҚЫЛҒА ЖҮГІНДІ

Ойланып істеді, жөн шешім қабылдады. ~ Бұл бойыңа сенбе, ойыңа сен, мақтан сөзге ерме, мағыналы тірлікке ер дегені. Сондықтан түйеге ұқсап орынсыз түксие бермеңдер, шырақтарым. Ақылға жүгініңдер, — деп күліп еді әжем. Б.Мом. ~ Осы тақылеттес күдіктің, топшылаудың бәрін айта келіп Соппек: – Ашқарақ адам ақылға жүгінбейді. Исахан бір асам құйрық үшін қораға түсетін қасқыр! – деп түйді. Т.Әл. ~ Жеңiп те көрген жұртпыз, жеңiлiп те көрген жұртпыз. Ең қиыны соның бiрi болар! Ақылға жүгiнейiк, ағайын. Бес–алты күн жерiмдi таптады деп текiрек–тентектерiңе басындырма, жамағат. К.Сег.