Ес кіріп, ер жетті, санасы жетілді. ~ Асылжанның балдай тәтті кішкентай кездегі неше түрлі қызық қылықтары көзінің алдына елес беріп өте шықты. Ол енді ақыл тоқтатып, сабасына түсті. М.Әбд. ~ Жеті мүшесінің түгел орынында, орынында емес екенін тексергісі келгендей тұла бойын түгел бір шолып шықты. Баласы ақыл тоқтатып есейіп қалыпты. Ә.Кек.~ Балалық, жастық дәуренде көп нәрсеге мән бермейді екенбіз, енді елуге таялып ақыл тоқтатқанда алды-артыңды шолғың, білгің келеді — бірақ сырласатын адам азайған. (Өзімнің шешем, әжем құралпы адамдарды айтам…) Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫЛ ТІС
Адамның түпкі азу тісі, бала есейе келе шығатын болғандықтан осылай аталған. ~ Ақыл тістің орнына алтын тіс салдырған бітене тұйық кісі қырмабастың сөзін бөлді. Б.Тоғ. ~ Бұл жолы оң жақ езу жоғары әжептәуір көтерілгендіктен әйелдің ақыл тісінің алтын екенін отырғандардың бәрі де көрді. Б.Қыд.
АҚЫЛ ТІСІ ШЫҚПАҒАН
Ақылы кірмеген деген мағынада. (Ақыл тісі шықса, ақыл кіреді деген түсінікке орай). ~ Бүгін қазақ жастары кімге сенерін білмейді. Біреуі — әсіре діншіл, арабшыл. Біреуі — орысшыл мәңгүрт. Біреуі — азған, біреуі — тозған. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине Отанын, ұлтын сүймейтін алпысқа келгенше ақыл тісі шықпаған ағалар кінәлі. БАҚ
АҚЫЛҒА ДИҚАН
Ақылға жетік. ~ Реңкі жаман құбылып, Ашылмаған бала еді, Ақылға диқан дана еді, Сөз айтпады суырылып. БС. «Болат — Жанат». ~ Бір падиша бар еді, Ақылға диқан дана еді, Жасөспірім бала еді. Өзінің аты Халдарша, Әкесі Жұлдыз хан еді. БС. «Болат — Жанат».
АҚЫЛҒА ЖЕҢДІРДІ
Ашуын басып, сабасына түсті. ~ Доскей шалдың: «Далабай үйленетін болыпты» деген тікенектей хабарын естігенде «Алматыға бармаймын» деп қалса да, кейін көп толқыған, ренішін ақылға жеңдірген. Д.Дос.
АҚЫЛҒА ЖҮГІНДІ
Ойланып істеді, жөн шешім қабылдады. ~ Бұл бойыңа сенбе, ойыңа сен, мақтан сөзге ерме, мағыналы тірлікке ер дегені. Сондықтан түйеге ұқсап орынсыз түксие бермеңдер, шырақтарым. Ақылға жүгініңдер, — деп күліп еді әжем. Б.Мом. ~ Осы тақылеттес күдіктің, топшылаудың бәрін айта келіп Соппек: – Ашқарақ адам ақылға жүгінбейді. Исахан бір асам құйрық үшін қораға түсетін қасқыр! – деп түйді. Т.Әл. ~ Жеңiп те көрген жұртпыз, жеңiлiп те көрген жұртпыз. Ең қиыны соның бiрi болар! Ақылға жүгiнейiк, ағайын. Бес–алты күн жерiмдi таптады деп текiрек–тентектерiңе басындырма, жамағат. К.Сег.
АҚЫЛҒА ЖҮЙРІК
Ойлау қабылеті жете дамыған, ақылман. ~ Артына белгі қалдырмай, Бауыры қатты тас өлім. Жыламайын десе де, Шыдарлық па осы өлім? Орамды тілді ауыздым, Ақылға жүйрік маңыздым, Көп жасамай тез кетіп, Көзімнің жасын ағыздың. Абай.
АҚЫЛҒА КЕЛ
Ойлан, аптығыңды бас, бәтуаға кел д.м. ~ Қой, шалым. Ақылға кел. Балтағұл — жақсы бала: өзі әнші, күйші әрі балуан, атбегі… Кешегі Бигелді бидің баласы екенін неге ұмыттың? Б.Тоғ. ~ Әкем әлдене емеурінді емексітіп «көн қатса қалыбына барады», «шешесін көріп қызын ал» деп алыстан хат жазып, «ақылға кел» деп шақырған еді … Д.Дос. ~ Ауыл бірге күйініп, қызынар Айжанға: Ақылға кел, өз ошағыңды суытпа» дер деп күткен. Бәрі керісінше шыр айналып, алшысынан түспей, бүк болды. М.Сүн.
АҚЫЛҒА КЕЛДІ
Жөн сөзге құлақ асты. ~ Міне мұның дұрыс сөз. Бекер жылағанша осындай ақылға келсең не етті. Бозторғайдың дауысына
тарт. Ж.Сәм. ~ Бір балаға ие болмай ай қарап, жұлдыз санап жүрсіздер ме?- деген зілді сөздерді төгіп-төгіп тастайды. Көп
ұзамай ақылға келіп: − Сәл тоқтай тұрыңыз, мұндай оқиғаны бұған дейін көрмек түгіл естімеп ек. Кезекші дәрігерден сұрап
келейін,- деген. М.Қаб.
АҚЫЛҒА КЕЛМЕГЕН
1. Ой-санасы әлі жетілмеген, оң мен солын ажыратуға ақылы жетпейтін жас бала туралы. ~ Балам-ай, шырағым, мені танимысың? Қандай күйде жатырмын? Шешеңнің сандығында бір алмас кездік бар. Шешеңе барып: «Әкемнің кездігін бер!» – деп жылай берсең, алып береді, – дейді. Ақылға келмеген жас сәби мұны түсінбейді. — Сен менің әкем емессің, менің әкем шешемнің қойнында жатыр, – дейді де кете барады. Қаз.ерт.
2. Ғажайып; өңі түгіл түсіңде де көрмеген. ~ Физика ақылға келмеген дүниелерді ойлап табуға көмектеседі. БАҚ
