АҚЫЛДАН АДАСТЫРДЫ

Есінен айырды. ~ Қарын аш, шөл шыдатпас, адам төзгісіз аштық пен шөл ақылдан адастыра жаздайды. Ш.Айт. ~ Демьянов, демек, тағы да сақшыларды алмастырып жатыр. Жүрек сыздататын, ақылдан адастыратын жым-жырт айлы түн тап тұрған орында қатып қалғандай. М.Кәр.

АҚЫЛДАН АЙРЫЛДЫ

Ойлау қабылетінен, ақыл-есінен жұрдай болды. ~ Олар шықты есiктен ханға өкпелеп, Көшеден шулап және жылаған көп: «Хан мен уәзiр ақылдан айрылыпты, Өлтiрейiк екеуiн, жынды екен»,— деп. Абай. ~ Мені алжастырып жіберді ғой, Айша апа. Ашу үстінде ақылдан айрылып қалғанымды кейін білдім. Б.Мом. ~ Бұл адам деген хайуанның көзінен жас шыққанда барып, көкірегіне ақыл келеді. Олардың көзі жастан айықса, көкірегі ақылдан айрылады. Ә.Кек.

АҚЫЛДАН ЖАРЫМ БОЛДЫ

Есінен ауысты; ақылдан айрылды. ~ Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым, Бір суыр, мал дегенде, қолда барым. Әйелім тел қоянды жаздай сауып, Түйреді сары майды екі қарын. Қаз. ерт.

АҚЫЛДАН ТАНДЫ

Ақыл-есінен айрылды. ~ Аз нәрсені алып кек Таза ақылдан танғансыз. Іш ауруы тиді деп, Жүрегім жанып күйді деп, Сағындым тағы үйді деп, Айтқаныма нанғансыз. Шәк.

АҚЫЛДАН ШАЙНАМ ЖОҚ

Мисыз; жарымес. ~ Ойбай-ау, өзіңнің ақылың бар қыз шығар деп жүрсем, ақылдан шайнам ештемең жоқ екен ғой. — Артығыңыз болса ауысарсыз. Б.Қыд.

АҚЫЛ-ЕСІ ДҰРЫС

Ес-тұсынан адасқан жоқ д.м. ~ Ақбала қой шетінде жүрген қойшы баладан әкесінің халін сұрап еді. Әкеңнің әлі ақыл-есі дұрыс, көңілін сұрай келген кісілерді таниды деген соң, Ақбаланың жүрегі орнына түсті. Ж.Айм. ~ Басына суланған киіздің бір шетін бүркеп, бала мен енесінің қасына ол да жата кетті. «Өлетініңді білген өлімнің өзінен де қорқынышты екен-ау?!» — деді әлі ақыл-есі дұрыс екенін өзі соңғы рет сезіп жатып. Б.Нұр.

АҚЫЛ-ЕСІН АЛДЫ

Еліттірді, ақылынан адастырды. ~ Өте шебер қолдан шыққан сиқырлы дүние қыздың ақыл-есін алды. Ә.Ыб. ~ Бұған да қанағаттанбай, көкейін тескен байлық, мансапқа деген құштарлық басына шауып, ақыл-есін алды. К.Дүй.

АҚЫЛ-ЕСІНЕН АДАСТЫ

Жынданып кеткендей болды, не істеп, не қойғанын білмей қалды. ~ Не болды дейсіздер ғой. Тергеуге келген бастығымыз Үбианды көргенде, ақыл есінен адасқандай телмірді де қалды. Б.Мом. ~ Сеньор Кихана! (Ақыл-есінен адаспай тұрғанда, салиқалы идальгодан кезбе рыцарьға айнала қоймаған кезде Дон Кихотты жұрт осылай атайтын.) Кім сізді бұлай сабап кеткен? — деді. Серв. ~ Дориан бойын билей алмай, ақыл-есінен адасып, қолын жерге таяған күйінде не істерін білмей отырып қалды. О.Уай.

АҚЫЛ-ОЙҒА ТАПШЫ

Санасыз, түйсіксіз д.м. ~ Шен-шекпенге сатылып, Батпаққа елін батырып, Дұшпанына оқ салып, Еліне қарай атылып, Біздің естімін деген жақсылар – Ақыл-ойға тапшылар Заңын білмей алдатты. Сырғалыңды күң қылып, Солқылдақты жүн қылып, Күніңді тұман түн қылып, Қыл мойынға тақалтып, Шабақтай желге қақалтып, Көмейіне салар қармақты… Дулат.

АҚЫЛҒА САЙДЫ

Дұрыс тоқтамға келді, ақылға жүгінді. ~ …дүниежүзілік топалаң соғыстың бұрқ ете қалуына әкеле жаздап әрең тұр. Сондықтан да екі жақтың комиссиялары ақырында ақылға сайып, дүниежүзілік өрт шығарып алмауға тырысып, егер өрт шыға қалса екі жақ та оңбайтынын сезіп мәмлеге келмек болды. Ш.Айт.