Саналы, парасатты. ~ Молқыда тәйжі Алпыс, би Шерікбай, Әрбір ел тап-табымен болды ыңғай. Әбдірақ, Кәлпе менен Әжік байлар, Бәрі де адам еді ақылға сай. БС. «Үркін- Қорқын».
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚЫЛ ТОҚТАТҚАН АДАМ
Кемеліне келіп, ой-санасы жетілген, өмірден көрген-білгені көп адам туралы. ~ Бағила ақыл тоқтатқан, ересек адамдардың және бірін–бірі бұрыннан білетін адамдардың өзара отырып та ресми қарым–қатынастың оңай тұтқыны бола салатындарына түсінбеді. Д.Ис. ~ Мұндайда не істеу керек? Ақыл тоқтатқан адам өзін қалай ұстағаны жөн? Соның амалын да, емін де таба алмай пұшайман болып отырмын, мінеки. Ә.Асқ.
АҚЫЛ ТОҚТАТТЫ
Ес кіріп, ер жетті, санасы жетілді. ~ Асылжанның балдай тәтті кішкентай кездегі неше түрлі қызық қылықтары көзінің алдына елес беріп өте шықты. Ол енді ақыл тоқтатып, сабасына түсті. М.Әбд. ~ Жеті мүшесінің түгел орынында, орынында емес екенін тексергісі келгендей тұла бойын түгел бір шолып шықты. Баласы ақыл тоқтатып есейіп қалыпты. Ә.Кек.~ Балалық, жастық дәуренде көп нәрсеге мән бермейді екенбіз, енді елуге таялып ақыл тоқтатқанда алды-артыңды шолғың, білгің келеді — бірақ сырласатын адам азайған. (Өзімнің шешем, әжем құралпы адамдарды айтам…) Б.Тоғ.
АҚЫЛ ТІС
Адамның түпкі азу тісі, бала есейе келе шығатын болғандықтан осылай аталған. ~ Ақыл тістің орнына алтын тіс салдырған бітене тұйық кісі қырмабастың сөзін бөлді. Б.Тоғ. ~ Бұл жолы оң жақ езу жоғары әжептәуір көтерілгендіктен әйелдің ақыл тісінің алтын екенін отырғандардың бәрі де көрді. Б.Қыд.
АҚЫЛ ТІСІ ШЫҚПАҒАН
Ақылы кірмеген деген мағынада. (Ақыл тісі шықса, ақыл кіреді деген түсінікке орай). ~ Бүгін қазақ жастары кімге сенерін білмейді. Біреуі — әсіре діншіл, арабшыл. Біреуі — орысшыл мәңгүрт. Біреуі — азған, біреуі — тозған. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине Отанын, ұлтын сүймейтін алпысқа келгенше ақыл тісі шықпаған ағалар кінәлі. БАҚ
АҚЫЛҒА ДИҚАН
Ақылға жетік. ~ Реңкі жаман құбылып, Ашылмаған бала еді, Ақылға диқан дана еді, Сөз айтпады суырылып. БС. «Болат — Жанат». ~ Бір падиша бар еді, Ақылға диқан дана еді, Жасөспірім бала еді. Өзінің аты Халдарша, Әкесі Жұлдыз хан еді. БС. «Болат — Жанат».
АҚЫЛҒА ЖЕҢДІРДІ
Ашуын басып, сабасына түсті. ~ Доскей шалдың: «Далабай үйленетін болыпты» деген тікенектей хабарын естігенде «Алматыға бармаймын» деп қалса да, кейін көп толқыған, ренішін ақылға жеңдірген. Д.Дос.
АҚЫЛҒА ЖҮГІНДІ
Ойланып істеді, жөн шешім қабылдады. ~ Бұл бойыңа сенбе, ойыңа сен, мақтан сөзге ерме, мағыналы тірлікке ер дегені. Сондықтан түйеге ұқсап орынсыз түксие бермеңдер, шырақтарым. Ақылға жүгініңдер, — деп күліп еді әжем. Б.Мом. ~ Осы тақылеттес күдіктің, топшылаудың бәрін айта келіп Соппек: – Ашқарақ адам ақылға жүгінбейді. Исахан бір асам құйрық үшін қораға түсетін қасқыр! – деп түйді. Т.Әл. ~ Жеңiп те көрген жұртпыз, жеңiлiп те көрген жұртпыз. Ең қиыны соның бiрi болар! Ақылға жүгiнейiк, ағайын. Бес–алты күн жерiмдi таптады деп текiрек–тентектерiңе басындырма, жамағат. К.Сег.
АҚЫЛҒА ЖҮЙРІК
Ойлау қабылеті жете дамыған, ақылман. ~ Артына белгі қалдырмай, Бауыры қатты тас өлім. Жыламайын десе де, Шыдарлық па осы өлім? Орамды тілді ауыздым, Ақылға жүйрік маңыздым, Көп жасамай тез кетіп, Көзімнің жасын ағыздың. Абай.
АҚШАНЫ КҮРЕП ТАБАДЫ
Табысы мол. ~ Бекең миығынан жымиып күлдi де, қызметiне кете барды. Көршiмiз Зада, күйеуi үлкен жазушы, ақшаны күреп табады. Ш.Құм. ~ Кәмпит, шоколад шығаратын цех ашып, өнімді сауда желілеріне қораптап артып, ақшаны күреп табатын күн туған секілді. Д.Дос.
