АҚЫЛ ҚОНДЫ

Санасы оянды; ақыл-ойы жетілді. ~ Қазір қылықты жас әйелдің ақыл–инабатына тәнті боп жүр өзі. Ертең анасынан ақыл қонған бәле ауылды аузына қаратса ше?! Жо–жоқ, бұлай қарап отырудың жөні жоқ. Ол күшіктің көзін құрту керек… А.Үс. ~ Ара-тұра қайталап, әркімге құлаққағыс қып отыратын осы сөздеріне қарағанда алжитын жасында ақыл қона бастаған сияқты. Ғ.Біл.

АҚШАНЫҢ БУЫ

Байлыққа, ақшаға мастану, желігу. ~ Қайтарда әпкем қолыма үш сом ұстатты. Қуанып кеттім. О, үш сом көп ақша… мен үшін. Үш сомды уыстап алып, құстай ұшып, интернаттың қақпасына да жетпеймін бе? Әлгі ақшаның буы болуы керек, қақпадан жалғыз өтудің қауіпті екенін де ойламаппын. Ш.Мұр. ~ Әуелде ақшаның буымен әлемді сатып алатындай шағын ауылға сыймап еді, ол еркелік леспромхоздың кезінде ғана екен. Қ.Ысқ. ~ Қанша салмақтанайын десе де, ақшаның буы қоя ма, құйрық басып жәшіктің шетінде отыр еді, ұшып тұрып құлдыраңдай алдарынан шықты. Т.Сәу. ~ Әлі кеңес заманы болатын, ол шақ. Бұлди байлыққа сол кезде-ақ бата бастаған. Ақшаның буы жаман екен. Н.Дәу.

АҚЫЛ ҚОСТЫ

Білгенін айтып, ақыл-кеңесін берді. ~ Жер таңдау, ел таңдау, көшу, қону да, соғысу, бітімдесу де, барлығында ханның ең алдымен ақыл қосатын кісілері солар болатын. М.Әу. ~ Ақыл таппай сасқалақтағанда медет тұтар жалғыз тiрек өзiңiзсiз. Сiзбен ой бөлiсейiн деп келдiм, не ақыл қосасыз? Т.Сәу.

АҚЫ ДАУЛАДЫ

Істеген еңбегіне (не сатқан тауарына) тиісті төлем талап етіп, дау көтерді, соттасты. ~ Идің, сасық шайырдың ішінде таңертеңнен кешке дейін топырлап жүрген жұмысшылардың арасы күннен-күнге өзгере берді. Кейде ақы даулап, кейде киім даулап, байдың конторына жұмысшылар жиі келетін болып алды. М.Дәу. ~ Біраз сөйлесіп, озып кеткен көшіне барып еді, бір жігітпен шоқша қара сақалды қайта келіп, Ілияспен ілінісе бастады. Ілиястан бір ақы даулады. Жанжалдасты. С.Сей. ~ Желдібайдың бұл өтінішін әбес көрді білем, Елемес қабағына кірбең алып: − Байдан ақы даулап алып беретін мұғалімді сот деп ойлайсыз ба? — деді. С.Ом.

АҚЫЛ ҚҰРДЫ (ҚҰРАДЫ)

Шешімге келді, уағдаласты. ~ Бар еді орта жолда терең құдық, Кетейік соған тастап шеген қылып. Екеуі Қасен ерді өлтірмекке, Келісті осылайша ақыл құрып. «Нұрғ.» ~ Ол бірнеше рет шолып барып, сұлтан ордасының қай жұртта отырғанын біліп келіп жүруші еді. Сол күні де біз ордаға таяу бір тұрғыдан қарауылдап жатып, алдағы қимылға ақыл құрадық. Ж.Сәм.

АҚЫЛ — АУЫС, ЫРЫС — ЖҰҒЫС

Игіліктің ортақ болғаны жөн д.м. мәтел сөз. ~ «Ақыл — ауыс, ырыс — жұғыс» дегендей Гауһарымның басына іс түскен кезде басымызды оңға қаратуға тілеулес болған еді. Т.Рыс.

АҚЫЛ САЛДЫ

Кеңесті; ақыл сұрады. ~ Есқазы би топ құрып келгенде, бip қойын ғана сойып беріп: осы сөзбен құтылыпты, «маған ақыл салмағандығы үшін тентекке ара түсе алмаймын. Күнәһарларың әне, өз ықтиярларыңа бердім!» деп ipгeciн бөле қашыпты. Қ.Шаб. ~ Шойын жол салуға мені де азғырды. Сен қалай ойлайсың, Дүрия, барайын ба? – Жас емессің ғой қызға ақыл салатын. Азу тісі шыққан жігітсің, өзің біл. О.Бөк.

АҚЫЛ — АУЫС, ЫРЫС — ЖҰҒЫС

Жақсыдан шарапат. ~ «Ақыл — ауыс, ырыс — жұғыс» дегендей Гауһарымның басына іс түскен кезде басымызды оңға қаратуға тілеулес болған еді. Т.Рыс.

АҚЫЛ (ОЙ) КӨЗІМЕН ҚАРАДЫ

Терең пайымдап, ой қорыту, ақыл таразасына салу. ~ Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп… Абай. ~ Күйінбе көп пұл беріп кейінінен, Сұлулап, сыртын жауып зерлегенге. Осы айтқан үгітімде ғибрат көп, Отырып ой көзімен серлегенге. Т.Ізт.

АҚЫЛ АЛТАУ, ОЙ ЖЕТЕУ БОЛДЫ

~ Ұлан-байтақ сақарада үдере көшіп-қонып жүріп ұлы Қазақ Ордасын құрған алаштың алып хандары ел үшін бейнет кешті. Жаудан жағасы босамады. Бейбіт өмір үшін алысты. Жұлысты. Ойы онға, санасы санға бөлінді. Абай жарықтық айтқандай, ақыл алтау, ой жетеу болды. Д.Аман.