АҚША ТАПТЫ

Пайда түсірді, күн көріс амалын жасады. ~ Оның өзі де инемен құдық қазғандай бір азап. Қыс бойы азаптанып жүріп аздаған ақша таптым да, оған бір қабат киім алдым. Ә.Әб. ~ Жүсіптің аз білімінің бағасы ешуақытта бұндай көтерілген емес. Бір жағынан жұртқа арыз жазып беріп ақша табады. Ғ.Мұс.

АҚША ТӨКТІ

Мол қаржы жұмсады, ақшаны уыстап шашты. ~ Ақыры сотқа кетіп, болып зор іс, Әжібайды ұстап алды он шақты орыс. Адвокат, төрелерге ақша төгіп, Кепілге шықты біраз Әжібай болыс. С.Тор.

АҚШАМ ЖАМЫРАДЫ

Ымырт үйірілді, қараңғы түсті, қас қарайып кеш болды. ~ Күн батып, ақшам жамырап, ел орынға отырған кезде аң аулағандар ауылға келді. Т.Әбд. ~ Бесіннен кейін күн батып, ақшам жамырағанша, тағы да аласұрып сырғауыл кестік. С.Сей. ~ Ақшам жамырап, қас қарайған мезгілде Тасжан жолға қайта шықты. О.Бөк. ~ Ақшам жамырап, әлгінде ғана серейіп, бедірейіп тұрған шоқы – төбелер серек тұлғасынан айрылып, қараңғы тарта бастаған алакеуім шақта бұлдырай алыстап, жоғалып бара жатты. С.См.

АҚТЫҚ САПАРҒА АТТАНДЫ

Көз жұмды, қайтыс болды. ~ Уақыт мұрша бермесе де ол әлгі қиыспас естеліктерін еске түсірмей бұл дүниеден аттанғысы келмеді. Кешікпей ақтық сапарға аттанатынын бір елі естен шығармай, енді ол өзінің естеліктерімен қоштасты. Ш.Айт.

АҚШАМ НАМАЗ

Ымырт түскенде оқылатын, бес уақыт намаздың біреуі. ~ Бұл кезде қас қарайып, ымырт үйіріле бастаған– ды. Үлкендер ақшам намазын оқып алғаннан кейін, мана бата жасалған құнан қойдың еті піскенше, тағы біраз әңгімелесіп отырды. Қ.Жұм.

АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Құрметпен, салт-ғұрыпқа сай жерледі, соңғы сапарға аттандырды. ~ Сен сірә, есіңнен ауысқан шығарсың, Рыскүл?! Әке– шешемді ақтық сапарға арулап шығарып салған киелі шаңырақта думандатып туған күнімді тойлап жатсам…Масқара, масқара! Мұнан соң елдің бетіне қалай қараймын! Қ.Жиен.

АҚШАМ СӨНДІ

Күн батты, қараңғы түсті. ~ Ақшам сөніп, ел орнына-отырар отырмаста жеткен суық хабар–қарлы тауға жастана қонған, кең сайдағы қалың ауылды лезде дүрліктіріп жіберді. Ж.Шәк.

АҚТЫҚ СӘТ

Жан үзілер шақ. ~ Өлейін деп жатса да, тәкаппар шалынын басын кішірейтпейін дегені ме, сақалынан жас сорғалап, жылап тұрған Ізбастан бұрын: «кештім» деді де, ғұмыры бетіне жел боп тимеген жібектей аяулы жары бір-екі ықылық атып, жан тәсілім қылды. Өзінің кішіпейіл мінезінен ақтық сәтте де айныған жоқ, марқұм. Ү.Жлк.

АҚШАМ ТҮСТІ

Ымырт жабылды, күн қарая бастады. ~ Қос батыр елден озып кетіп қалды, Барды да көрге кіріп жатып қалды. Ақшам түсе қалың қол шеру тартқан, Молаға таяу жерге қона қалды. БС. «Жәнібек б.» ~ Сол күні жұмыстан әбден шаршаған жігіт ақшам түсе кеңседен көшеге шықты. Аялдамада туфлиін бір-біріне соғып, көп тұрды. М.Қаб.

АҚТЫ-БОЗДЫ АҒЫЗЫП СӨЙЛЕДІ

Әріден қозғап, қызыл тілге сүйеніп, ділмарлана сөйледі. ~ Бірақ көптің бет бұрып, жауап күткені Абайдың өз баласы Мағаш болды. Ал ол болса, шешен мен ділмәрдің ақты-бозды ағызып сөйлеген аламыш тіліне таңданған жоқ, тал бойы ұйыған да жоқ. М.Әу.