Көз жұмды, қайтыс болды. ~ Уақыт мұрша бермесе де ол әлгі қиыспас естеліктерін еске түсірмей бұл дүниеден аттанғысы келмеді. Кешікпей ақтық сапарға аттанатынын бір елі естен шығармай, енді ол өзінің естеліктерімен қоштасты. Ш.Айт.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚШАМ НАМАЗ
Ымырт түскенде оқылатын, бес уақыт намаздың біреуі. ~ Бұл кезде қас қарайып, ымырт үйіріле бастаған– ды. Үлкендер ақшам намазын оқып алғаннан кейін, мана бата жасалған құнан қойдың еті піскенше, тағы біраз әңгімелесіп отырды. Қ.Жұм.
АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Құрметпен, салт-ғұрыпқа сай жерледі, соңғы сапарға аттандырды. ~ Сен сірә, есіңнен ауысқан шығарсың, Рыскүл?! Әке– шешемді ақтық сапарға арулап шығарып салған киелі шаңырақта думандатып туған күнімді тойлап жатсам…Масқара, масқара! Мұнан соң елдің бетіне қалай қараймын! Қ.Жиен.
АҚШАМ СӨНДІ
Күн батты, қараңғы түсті. ~ Ақшам сөніп, ел орнына-отырар отырмаста жеткен суық хабар–қарлы тауға жастана қонған, кең сайдағы қалың ауылды лезде дүрліктіріп жіберді. Ж.Шәк.
АҚТЫҚ СӘТ
Жан үзілер шақ. ~ Өлейін деп жатса да, тәкаппар шалынын басын кішірейтпейін дегені ме, сақалынан жас сорғалап, жылап тұрған Ізбастан бұрын: «кештім» деді де, ғұмыры бетіне жел боп тимеген жібектей аяулы жары бір-екі ықылық атып, жан тәсілім қылды. Өзінің кішіпейіл мінезінен ақтық сәтте де айныған жоқ, марқұм. Ү.Жлк.
АҚШАМ ТҮСТІ
Ымырт жабылды, күн қарая бастады. ~ Қос батыр елден озып кетіп қалды, Барды да көрге кіріп жатып қалды. Ақшам түсе қалың қол шеру тартқан, Молаға таяу жерге қона қалды. БС. «Жәнібек б.» ~ Сол күні жұмыстан әбден шаршаған жігіт ақшам түсе кеңседен көшеге шықты. Аялдамада туфлиін бір-біріне соғып, көп тұрды. М.Қаб.
АҚТЫҚ СӨЗ
Соңғы тілек, аманат, ақырғы уәж. ~ Ақтық сөз деп бір тіл қаттым, Түсіндіріп зарымды. Кей көргенде назбен қарап, Қайнатасың қамымды. С.Бег. ~ Қайрат Рысқұлбековтің ата-анасына жазған «Соңғы хаты» мен сот залында айтқан әйгілі «Ақтық сөзі» һәм өсиет-аманаты кім-кімді де терең толғанысқа, тебіреніске қалдырары сөзсіз. БАҚ ~ Әр күні таңертең ақтық сөзімді күбірлеп, «қошң деп аттанамын да, әр күні кешке қайтып келемін. Жас топырақты жастанып күңіреніп шығамын. Ж.Сәм. ~ Орынбай. Демесін, сен бара тұр. Демесін (сұрланып). Жоқ, кетпеймін! Мен ақтық сөздеріңді естіп кетем: өлтіруші кім? Соны маған айтып беріңдер. Б.Май.
АҚШАМ ҮЙІРІЛДІ
~ Саттар қаланың батыс шетінде тұратын. Аялдамаға келіп жаңбыр астында автобус күтті. Бүгін ақшам ерте үйірілді. Кеш түсті. С.Елу. ~ Екі жігіт кешкі салқынмен ат үстінде біраз серуендеп, ауылға ақшам үйіріліп, көз байланар шақта бір – ақ оралған. Мұнда манағыдай емес, адам аяғы сиреп, төңірек тынышталып қалыпты. Қ.Жұм. ~ Сөдегей жүрісті адам, әрине, күндіз жүрмейді, апақ– сапақ кешкі ымыртты бетке алады. Ақшам үйіріліп, көз байланар шақта тосқауылда жатқандар талдың арасынан шығып, енді жарқабақтың астындағы көпірдің дәл аузына келіп тұрды. Қ.Жұм.
АҚТЫЛЫ ҚОЙ
Ақ-қарасы аралас, қотан-қотан көп қой. ~ Күн ыстық. Аспанда ақ сабынның көбігіндей, мамық ақ бұлт жүзеді. Әуе шыбынның ызыңы, шегірткенің шырылы. Ащы өзеннің бір мүйісінде ақ борықтай ауыр қотан ақтылы қой жатыр. Ж.Айм. ~ Ондағыдай жұртта енді береке бел бар ма? Дəулет бар ма? (Қойға көзінің қырын салып): Шалқып жатқан ақтылы қой жер қайысып сонау өлкеге сыймай кетуші еді. Байдан туған жанның бір өзінен алты қотан қой өруші еді. ~ Ақ мамаңа асықпа, Апам малда, қашықта. Ақтылы қой бағып жүр, Алтын жұлдыз тағып жүр». Қ-М. Әли.
АҚТЫЛЫ ҚОЙ, АЛАЛЫ ЖЫЛҚЫ
Ерекше байлықтың көрінісі; мыңғырған мал. ~ Әсіреп біресе шешесіне, біресе қызына қарап қойып, ауыз жаппай сөйлеп келеді. Шынардың басына орнатпаған жұмағы жоқ. Ақ отау да тігіп берді. Ақтылы қой, алалы жылқыны да алдына салды. Ғ.Мүс. ~ Көзін жұмып жіберіп еді, оның алдынан ақтылы қой, алалы жылқы, боздаған інген, өкірген өгіз өтіп жатты. Қ.Бал. ~ Мәмбет, Шотай руларының ақтылы қой, алалы жылқысы мамырлап өріп, жусап жататын маңғаз далада жаңа өмірдің тың тынысы байқалады. Ғ.Біл.
