Адамның ажал алдындағы соңғы демі. ~ Сұлулық пенен пәктіктен Рақат күткен, бақ күткен, Шығып кеткенше ақтық дем, Арпалысып өтер қасқайып Күңкілмен, бұқпа сақтықпен. Ф.Оңғ. ~ «Әрине, көк тас керек. Керек– ақ! Жер бетіндегі ақтық демін жұтып таусып, ақырғы жолын шалқалап келіп осы араға тіреген жанның аты– жөні жазылып тұрғаны дұрыс– ақ. Әбден дұрыс. С.См.~ – Бұдан басқа не сөзің бар айтатын? Таусылды ма былшылың? Сеземісің ақтық деміңнің таянғанын?–дейді хан қаһарланып. М.Әбд. Айғанымның бұл қылықтары — бой жасау ғана болып шықты. Былайша тып — тың жатқан ол, «келіп қалды, келін балаң!» деп әлдекім бөлмесіне шүйінші сұрап бас сұға бергенде, көзін төңкере кеп ашып, қайта қатты жұмды да, демін ышқына алды… Бұл, — Айғанымның ақтық демі екен. C.Мұқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚТЫҚ ДЕМІ БІТКЕНШЕ (ТАУСЫЛҒАНША)
Өмірінің соңғы сәтіне шейін, кеудесінен жаны ұшқанша, өмірі үзілгенше. ~ Дарға асса — құдай қосқан қосағымен бірге асылады, басын кессе -жендеттің алдына бірге барады. Ақтық демдері біткенше жарық дүниені бірге көреді. Араларына адам түгілі ажал түспейді. Ә.Кек. ~ Қалың елді өзі басқарып, жасы ұлғайып егде тартқанша аттан түспей, төбе би болып жетпіс тоғыз жасында аға сұлтан дәрежесіне көтерілген қайратты дана би. Өзінің ақтық демі біткенше бар күшін ел басқару ісіне арнаған. С.Бат. ~ А–а, солай ма? Мен басқа оймен әлек боп тұрғанда сіз кешірілмес күнә жасаған екенсіз ғой. Естімеген ол сөзімді мен ақтық демім біткенше кеше алмаймын! Д.Ис. ~ Арман ағысында ол көкке көтеріліп, теңіз түбіне түсе алар. Ақтық демі таусылғанша ой ойлап, қиял қанатында ұшатындығымен де адам биік, адам ұлы. Ш.Айт.
АҚТЫҚ ДЕМІ ҮЗІЛДІ
Жүріп кетті, қайтыс болды. ~ Ақыры көктемнің бір майдай еріген ақ шуақты таңында, күннің нұры тау басынан енді ғана төгіліп келе жатқанда… жалғыз ұлдың ақтық демі үзілді. Д.Әш.
АҚТЫҚ ЖОЛ
Соңғы сапар. ~ Адам ғұмыры таусылып, анау зират басындағы мәңгі жайына ақтық жолын шалқалап қана жүріп барады ғой. Көрсін ел, білсін жұрт. Аза жолы — ақтық жолы. Бұдан кейін мынау көшені, анау күнді көрмейді ол. Көрмейді. С.См. ~ Шалқалап иықтан иыққа ауысып табыт ішінде жатқан адам ақтық жолында бүкіл әлеммен қоштасып келеді. С.См.
АҚТЫҚ ЗАУАЛ ШАҚ
Фәниден бақиға аттанған соңғы сәті. ~ Бұл тірлікте мұны көре алмайтындар, іштарлық етіп, басындағы бағын қызғанатындар көп еді. Енді ақтық зауал шағында да мұның қайтпас қайсар өлімін көріп, іштері күйсін! Қ.Жұм.
АҚТАН КЕТТІ (КҮЙДІ, ӨЛДІ)
1. Ақ ісі үшін запа шекті, қорлық көрді.
2. Нақақтан өлді.
~ Балам ақтан кетті! — Ал менің… — Мен ше? Мені де тыңдаңыз! БАҚ
АҚТЫҚ КҮШІН ЖИДЫ (САЛДЫ)
Жан-дәрмен болды, жанталасты. ~ Торшолақ аянды азайтуға айналды. Мына қыбырмен жуырда анау бес қараға жете алмасын сезді. Қарғалап, зарлап, боқтап, кейіп, ақтық күшін жиып, қос тепекке салып тыпырлап көріп еді, Торшолақтан қайран болмады. Ж.Айм.~ Енді бір кезде жүрегі өрекпіген бүркіт шаңқ етіп, ақтық күшін жиып алды. Қос қанаты шатыр-шұтыр етіп, ауаны дар айырып, темен қарай тас қияға тура құлдилады. С.Жүн. ~ Қатты қысылып шын ышқынған арлан жан дәрменде жалт бұрылып, ақтық күшін салып, жақын арадағы тоғайға төтелей тартты. С.Жүн.
АҚТАН СОПЫ
~ Әсіресе күн ұзын ақтан сопысынып, адам ақысынан сескеніп шегіншектеп келе жатқан Әбіш шұрқырап жатқан қалың жылқыға келген соң теретін жеміске жеткен адамдай барлығын да ұмытып, жер жағдайын байқап, оңтайлы жерді Сатанға сыбырлай бастады. І.Жан. ~ — Керімбек мырза! Сіз ақтан сопы кісі бола — ақ қойыңыз! Ал ініңіз бұл істі әркімнен өз өшін алу үшін істеп отыр — ақ дейік… Бірақ тақ осының өзіне сыртынан қарағанда да оның дертімен сіздің кінәратыңыз айна қатесіз кіндіктес болып отырған жоқ па? Т.Рыс.
АҚТЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТТІ
Соңғы сапарға аттандырды, құрметпен жерледі. ~ Осындағы біздер өлген жігіттің өзі түгіл аты– жөнін де білмейміз ғой. Бірақ, бұлардың өз арасында беделі ғаламат деседі. Москвадан, Кавказдан, Орта Азиядан қаншама адам келді. Бәрі осы жігітке ақтық қызмет көрсету үшін келді. С.См.
АҚСАҚ ИТТІҢ ДӘМЕСІ ӘУДЕМ ЖЕРДЕ (КӨҢІЛІ АРҒЫ ЖАҚТА)
Шама-шарқына қарамайды; әлін білмеген әлек д.м. ~ Дені сау ер-азаматтың бәрі майданда, елдегі шал-шауқан, ақсақ-
тоқсақтың құтырып тұрған заманы ғой. «Ақсақ иттің дәмесі әу дем жерде» демекші, мұның да дәмесі зор болатын. Күңкілдеп
көріп еді, шешесі тиып тастады… Т.Сәу.~ Зәу- зәтімен сондай. Бұл да биліктен дәметеді. Билік екеуміздің қай теңіміз. Ақсақ
иттің көңілі арғы жақта деген ғой әйтеуір. Қ.Ысқ. ~ Ендеше, аяғыңдағы пимаңды шешіп бер. Жаңа екен, — деді шал
Нұржанның аяғына қысық көзін сығырайта қадап… Ана екеуі тіпті таң қалды. — Мәссаған безгелдек, — деп Аманжан тағы да
ысқырып қалды. — Ақсақ иттің көңілі ар жақта. О.Бөк.
