АҚСАҚ ИТТІҢ ДӘМЕСІ ӘУДЕМ ЖЕРДЕ (КӨҢІЛІ АРҒЫ ЖАҚТА)

Шама-шарқына қарамайды; әлін білмеген әлек д.м. ~ Дені сау ер-азаматтың бәрі майданда, елдегі шал-шауқан, ақсақ-
тоқсақтың құтырып тұрған заманы ғой. «Ақсақ иттің дәмесі әу дем жерде» демекші, мұның да дәмесі зор болатын. Күңкілдеп
көріп еді, шешесі тиып тастады… Т.Сәу.~ Зәу- зәтімен сондай. Бұл да биліктен дәметеді. Билік екеуміздің қай теңіміз. Ақсақ
иттің көңілі арғы жақта деген ғой әйтеуір. Қ.Ысқ. ~ Ендеше, аяғыңдағы пимаңды шешіп бер. Жаңа екен, — деді шал
Нұржанның аяғына қысық көзін сығырайта қадап… Ана екеуі тіпті таң қалды. — Мәссаған безгелдек, — деп Аманжан тағы да
ысқырып қалды. — Ақсақ иттің көңілі ар жақта. О.Бөк.

АҚСАҚ ҚОЙ ТҮСТЕН КЕЙІН МАҢЫРАЙДЫ

Жайбасарлық, бейқамдық туралы. ~ Ақсақ қой түскен кейін маңырайды деп, балық үлес біткенде «мен қайда қалдым» деп барған Веттехник ең болмаса сақалына қолын жеткізе алмай қор болды. Қ.Ысқ.

АҚСАҚ ҚОЙДАЙ (МАҢЫРАДЫ)

Жұрттың артына ілесуден аспайтын, іске жоқ, жайбасар адам туралы. ~ Әрине, сіз қайдан білесіз… Сіз тек сиыр жайын ғана білесіз де… Жылда өстіп ақсақ қойдай ел соңында жүресіз. Д.Әш. ~ Кеше ғана емес пе, елмен бірдей тіршілік қызығын тең бөлісіп жүргені. Енді қазір тобынан бөлінген ақсақ қойдай, өз, уайымынан артыла алмай жатқан жатысы мынау. Т.Әбд. ~ Әріп: – Төрімнен көрім жуықтасын, сені алпыс күн атан етпей, алты күн бура ғып, біреулерден кек алайын деп едім, түк бітірмей ақсақ қойдай маңырап қайттың ғой! – деп табалады. Т.Әл.

АҚСАҚАЛ, ҚАРАСАҚАЛ

Ел үлкендері. ~ Ортасында: Құнанбай, Бөжей. Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар — бәрі бар. Алдағы осылар да, артынан ентелеп тұрған ақсақал, қарасақал. Әр рудың, көп рудың адамдары. Ылғи атқамінері ғана. Ішінде жұпыны киімді біреу жоқ. М.Әу. ~ Шалғынға желі тартып, бие байлап, Құлынды қуып ұстап қоңыр төстен. Ақсақал, қарасақал, үлкендері, Тоқталып төбесінде сөз сөйлескен. І.Жан. ~ Кеудесінде намысы бар арашаға түскен жігіттер мен «ау, буларың не?» деп ақылға салам деген ақсақал, қарасақал біткеннің бәрін бүкіл жұрттың көз алдында оққа байлапты, кейбіреулерін қылышпен шауып өлтіріпті. І.Ес.

АҚСАҚТЫ ТЫҢДАЙ, ӨТІРІКТІ ШЫНДАЙ ҚЫЛДЫ

Өтірікті судай сапырып, сөзіне иландыра сөйледі. ~ . Ол байдың қатындарына асқан жарамсақ. Соларға жағыну үшін ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылып бәйбішеге жеткізбесе іші жарылып кететін көрші. І.Жанс. ~ Әсіресе, көрші отырған Күзембайдың Дәметкені көріп қойғаны қиын болды. Ол байдың қатындарына асқан жарамсақ. Соларға жағыну үшін ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылып бәйбішеге жеткізбесе іші жарылып кететін көрші. І.Ес. ~ Жазушылардың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, ойдан қосып, болмағанды болғандай етіп жазатын әдеті бар. Б.Соқп.~ Жәнібек енді жөткірініп алып, қаттырақ сөйледі. – Ізіне бір түскен соң Жәкең таппай қоя ма? Тентіреп жүріп ту-ту Қыпшақ еліне асып кетіпті. Әшейін, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай соғып, еріккен елді сөзге қарық қып, есіп жүр екен. С.Жүн.

АҚСАП ҚАЛДЫ (ТҰР, ЖАТЫР)

Кемістігі көп д.м. ~ Әу, онысы несі, сонша асығып? Мұхит асып, сонау АҚШ–тан келгенде сонша асыға ма екен кісі? – Ой, папа, сен қызықсың. Ол мұнда ұзақ болса бизнесі ақсап қалады. С.Дос. ~ …аударма жайлы пікірі қатты ұнады. Өзі аудармашы болуы керек. Тәржіме жайында мазасыз ой үстінде жүргені көрінеді. Бізде тікелей аударма өнері шынында да ақсап тұр. Т.Әс. ~ Жә, қос қолымызды көтердік бұл өлеңге. Ұйқас, үндестіктерің төрт аяғынан бірдей ақсап жатыр, бірақ кеудесінде жаны, тамырында қаны бар. М.Қаб. ~ Ал тіпті сұрай қалған күнде де Жанай не біледі? Қандай қылмыстың үстінен түсіп, көзімен көріп еді? Рас, колхоздың жұмысы ақсап жатады. С.Мұр.

АҚСАРБАС АЙТТЫ (ШАЛДЫ)

Тәңірге жалбарынды; сойылған мал түрінде берілге садақа, құрбандық. ~ Ақсарбас айтып жолына. Тұтанған үміт жылт етіп,. Жұрт жүрегін жылытты. Айбалтасын қолға алып, Атқа қонды ертемен. С. Баяз. ~ Байлап отырған малы бар екен, аман-есен оралғанымызға ақсарбас айтып, той жасады. Б.Тоғ. ~ Көп әңгіменің соңында бұлар бір мәмлеге келді. «Ақсарбас» айтып, ертеңінде өз елдеріне тарап жатты. Ә.Шәр.

АҚСАУЛЫ АҚАУ

Елеулі кемістік, жасыруға келмейтін мін д.м. ~ Алыста жүріп мұқатылғанын, келіні кетіп, күлкі боп отырғанын, бұл тек ер ағына мін емес, бүкіл руға түскен сын, ақсаулы ақау екенін айтыпты. Б.Мом.

АҚСҮЙЕК АШТЫҚ (ЖҰТ)

Мал қырылып, ел күйзелген ауыр нәубат. ~ Өстіп қиналған сәттерде кешегі 32-інің ақсүйек аштығында қарақалпақ жерінде сүйектері көмусіз қалған байғұс ата-анасының аруағын күңірентеді. С.Ел.~ Мен өзім жас күнімде қарға бақтым, Қарғаны семірсін деп жарға бақтым. Мешін жылы ақсүйек үлкен жұт боп, Арығына қарғаның жабу жаптым. ҚЕрт.

АҚСҮЙЕК ҚЫЛДЫ (БОЛДЫ)

Жұтатты, күйзеліске салды, жұт әкелді. ~ «Жаным-ау, мына Құдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі боран! Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау, сорлыны!» – деп уайым айтып, ұзын қара сақалын ұстап, Базаралы ойлана қалды» М.Әу. ~ Жаяу Мұсаның дәптері бойынша, 1879 жыл Мұса үшін өте қуанышты жыл болса да, екінші жағынан үлкен апатқа ұшыратқан ауыр жыл болған. Бұл жыл халықтың малы жұттан ақсүйек болып қырылған, атақты «қоян жылы» болып аталады. Ә.Мар.