Сүт мол болып, жарылқады. ~ Жарлы– жақыбайлар аз күн болса да аққа тойып, суыққа тоңбай, ыстыққа шөлдемей, табиғаттың төлеусіз берген бағының арқасында тыраңдап рахаттанғысы келеді. Шәк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ
Түнгі аспанда бір көрініп, әуеде із қалдырып, өшетін астрономиялық құбылыс, метеор. ~ Тау биігіне қарай аққан жұлдыз көк шатырға, көк күмбезге алтын сызықша сызды. С.Сей. ~ Сөзі кенет үзіліп қалған Қызырбектің көтерген қолы сылқ ете түсті. Сейітхан аспанға қарады. Аққан жұлдыздың жолақты ізі ақырын-ақырын өшіп жатты. Ж.Шәк.
АҚҚАН ЖҰЛДЫЗДАЙ
Өте жылдам, ағып өтетін құбылыс, әрекеттің сипаты. ~ Ортадағы ауылдан ақ садақтай болып көсіліп, ақ тазы жөнелгенде, күншығыс жақтағы ауылдан да жүгірген иттерден озып, аққан жұлдыздай зымырап, бір жарау шабдар атты жөнелді. С.Сей. ~ Барған сайын машинаның қатары сиредi. Сол тұста ғана ашық далада аққан жұлдыздай жалғыз заулап келе жатқанын байыптады. Жаңа машина да ұшардай шүйлiгедi, қараталдай шапшиды. Ә.Ыб.
АҚ-ҚАРАНЫ АШТЫ
~ Шектен шыққан жерім жоқ. Тек еруліге – қарулы, сен қылғанға мен қылдым. Күндердің күнінде қазақтан да қара қылды қақ жаратын әділ қазы шығып, ақ-қараны ашар заман болса, кім кінәлі, кімнің кінәсіз болғанына кейінгі ұрпақтың көзі жетер. Исі қазаққа қылдай жазығым жоқ еді. Ә.Нұрп.
АҚҚУДАЙ МҮШЕЛІ, ҚҰЛЫНДАЙ МҮСІНДІ
Сымбатына көз тоймастай сұлу келбетті. ~ Үстінде төс жағы сүйірленіп келген кішкентай қиығы бар аппақ ақ жібек көйлек, аяғына ақ туфли, ақ носки киген, сұңғақ бойлы, қаз кеуделі, тік иықты Айжан аққудай мүшелі, құлындай мүсінді еді. С.Дос.
АҚИЫҚ ҚЫРАН
Қайтпас, қайсар, ер жігіт. ~ Баяғы ор тұлғаң, қияда бүркіт ұстап тұрған сұлу бейнең қайда? Со кезде өзің де ақиық қыран сияқты едің ғой! Өзің айтатын көңіліңдегі ақ құсың қайда?» Б.Тоғ. ~ Өйткені «жер үстінде жылжуға жаралған — көк бетінде самғай алмайды». Сақыштың өресі ақиық қыран Садық емес, қиялы қанатсыз Сәрсен. Бұған менің көзім сол жарты сағат отырғанда әбден жетті. І.Ес.~ Осыдан бес-алты күн бұрын ол маған Ақбаянның таңдағанына лайық шын ақиық қыран тәрізді көрініп еді, ал бүгін суға түскен тауықтай әбігері кете қапты… І.Ес.
АҚҚУДАЙ ТАРАНДЫ
Ұзақ сәнденді. ~ Киген киімінің қонымды, әшекей-моншақтарының сәнді болуын өсе келе өзі де ерекше қадағалауды әдет қылған. Қимыл-қозғалысының өзі бір түрлі жарасымды, кербез. Аққудай таранып, төрінде Ақбөбек отырғанда, ақ боз үйдің іші аппақ нұрға қарығып, арайланып тұратын. Ү.Жлк.
АҚИЯ ҚАРАП, АҚЫРА СӨЙЛЕДІ
Айбаттанды, зәр шашты, сес көрсетті. ~ Бәрінің астында жарау ат, кейбіреулерінің мойнында мылтық, белінде қылыш – ақия қарап, ақыра сөйлейді. Б.Тоғ.
АҚМЫЛТЫҚ БОРАН
Ызғарлы, ұзағынан соғатын, түтеген қарлы боран. ~ … майысқақ шiлiктен гөрi бәйтерекке дауылмен айқасу әлдеқайда қиынырақ – сынып, түбiрiмен опырылып түскенше қарсы қарап қасқайып тұра бередi. Жалғыз болғанмен көпке пана. Түтеген ақмылтық боран, аспан айналған аптапта ұшқан құс, жүгiрген аң жан-жақтан жамырай кеп қалқасын саялайды. Т.Сәу.
АҚКӨЗ АҢҚАУ
Алды-артын ойламайтын аңғырт. ~ Соншама ақкөз аңқау, қалтасының түбі тесік кеңқолтық мінезбен жүріп осыншалық алданамын, жалаңаш құйрығымен мұзға отырамын деп тегі ойламапты. Д.Дос.
