Түнгі аспанда жарық із қалдырып, ғайып болатын метеор. ~ Қазақта «ақпа жұлдыз» деген бір ұғым бар. «Түнде төбеден жұлдыз ағып өтсе, қазақтар оны екі түрлі жориды: бірі-бір адам дүниеден көшті, жұлдызы ағып жерге түсті деп беттерін сипайды; екінші жағы тұрғы көк қақпасы ашылды» деп осы кезде аспанға қарап қол жайса тілегі қабыл болады дейді. Ә.Мар. ~ Шаңырақтың күлдіреуші арасынан, айдың әлсіреп бара жатқан жарығы, тамшылағандай шашырап, бозамықтана түсіп тұр. Ақпа жұлдыздар ашық, тұңғиық аспаннан тез ғайып болатын, тұрлаусыз із қалдырып, көкжиекке сорғалай сырғанап, құлдырап құлап жатыр. Т.Рыс. ~ Шабысы шығыс пен батысты жалғап, басты арқаға салып ап зырлағанда, мүйіздері ақпа жұлдыздай жарқырап көгілдір кеңістікті тіліп бара жатады дейді. С.Ел.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚКӨТ ТОРҒАЙ
Ұшып қонған, жеңілтек, шыжбалақ кісі. ~ «Дегенмен, – деп ойлады Еркін, – жылына бір қоғам өзгерсе де өзгермейтін, сіңісіп кете берер көнтері, көзқарастан, идея мен принциптен жұрдай осы іспетті әпербақан, жандайшаптардан сақтану керек-ау. Мұндай ақкөт торғайлар қандай өкіметті де ұшпаққа шығармас. О.Бөк.
АҚКӨТ ТОРҒАЙ СИЯҚТЫ (ҚҰСАП, -ША, -ДАЙ)
Қылпылдап, жарамсақтанып, ұшып қонған, жеңілтек кісі туралы. ~ Құнанбай мұның бөгелгеніне ыза боп: – Ей, тілмәш, осы саған «әке» дейін, жарықтығым, тек дегенімді түгел жеткізші!.. Ін аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді қойшы осы!.. — деді. М.Әу. ~ Мінез-құлқы дарақы Өтеген Жолдыбай шығып кеткен соң:- Әлгі бір шыпжықай жігіт-ау! Ақкөт торғай құсап қипалақтап отыр еді. Біздің сөзімізді жақтырмады білем, ойдайт деген! Т.Рыс. ~ Нұртаза зығыры қайнап, «аузыңа құм құйылып отыр ма» дегендей қасындағы Көбей биге алара қарады. Әшейінде ауыз жаппай ақкөт торғайша шыбжың қағатын ол мына топтың алдында тосыла берген. С.Жүн. ~ Әй, Ыстыбай! Ақкөт торғайдай шықылдаған шалдың сандырағынан қорқып қалдың ба? Әкет! Біржан дейді ғой, Керей үшін жандаралға жанұшырған күйіме кедергі болмақ бұл. С.См.
АҚҚА ЖАРЫМАДЫ
Ашықты, мал сүті жетімсіз болды. ~ Бірақ мал əлі тоя қоймаған соң ауылдар да аққа жарыған жоқ. Е.Мұх. ~ … сұмырай келсе су құриды деп сорлы жұрттың басқа азабы аз болғандай екі қыс қатарынан жұтқа, екі жаз қатарынан құрғақшылыққа ұшырап, қыста қызылға, жазда аққа жарымай, қу қаудай қурап, жығыла кеткелі отырғанын сығырақ көз сімсік жоңғар қайтып көрмей, қайтып білмей отырғанына бұл қатты қайран қалып жүр. Ә.Кек.
АҚҚА КҮЙЕ ЖАҚТЫ
Біреуді қаралады, нақақ күйдірді, жала жапты. ~ Біреудің арына тиер, намысына нұқсан болар тұстары болса алып-ақ таста!» – деп тапсырдым. Дүниеде аққа күйе жағып алудан ауыр тиер азап жоқ. Сол жағынан сақ болғым-ақ келіп еді. С.Им.
АҚҚА ҚАРА БАСҚАНДАЙ
Жарасымсыз, үйлеспейтін әрекет туралы. ~ Ежелден жайбасар, саспас адамның жоқтан өзгеге қоқшаңдап, қалайда, осы қылығы өзіне аққа қара басқандай үйлеспей тұратын. Т.Әбд.
АҚҚА ҚАРА ЖАҚТЫ
Жазықсызға кінә тақты, адал адамға арамдық жасады. ~ Жарайды, қапаланатын ештеңе жоқ. Біздің мынау аласапыран, Сəкен ағамыз айтқандай, «тар жол, тайғақ кешу» тіршілігімізде жаманның жақсыға жала жабуы, аққа қара жағу, етектен тарту, жағадан алу дегендер əбден əдетке айналып тұр ғой. З.Қаб. ~ Арандатайын деген екенсіңдер! — дедім ашуға булығып,- аққа қара жаға алмайсыңдар… Түбінде бізге қазған орларыңа өздерің түсесіңдер. С.Ом.
АҚҚА ҚҰДАЙ ЖАҚ
Адал, жаны таза адамға Құдай жақтасады. ~ Мұның себебі көп қой, қалқам… озбырлықтан, құлдықтан құтылу үшін соғысады да… — Қытайлар көп дейді ғой. Оны қазақтар жеңе ала ма? — «Аққа Құдай жақ» деген. Т.Рыс. ~ Мақан күрсінді. Сонысынан ұялғандай, серпіліп күлімдеген рай танытты. — Аққа құдай жақ деген. С.См.
АҚҚА ТОЙДЫ
Сүт мол болып, жарылқады. ~ Жарлы– жақыбайлар аз күн болса да аққа тойып, суыққа тоңбай, ыстыққа шөлдемей, табиғаттың төлеусіз берген бағының арқасында тыраңдап рахаттанғысы келеді. Шәк.
АҚ ШАҢҚАН
Біркелкі ақ түсті. ~ Сылдыраған жыланшық жылға, қаптаған қасқа бұлақ, қайыңды, теректі ойпаңдар, белес-белес төбелер баурында ақ шаңқан үйлерін жамырата тігіп … М.Мағ. ~ Бірақ, даяшы да тұрған билер оны қай үйге кіргізуін білмейді. Алайда оны қадір тұтып, алтын дөдеге жапқан ақ шаңқан боз ордаға апарып кіргізеді. Ә.Мар. ~ Бұл мыңғырған қой өріп шығатын түстіктің түкті даласы да емес, сағат бойы сандалсаң таусылып бермейтін, үйлері ақ шаңқан, көшесінде қылтанақ жоқ, құжынаған жұрты бар байлыққа батқан селолар мен станицаларға да ұқсамайды. И.Бун.
