~ Әйел басына қорлық жетістіріп, некелі күйеуі алдында жуылмас күнәкәр ететін жалғыз жағдай бар… еркек көзіне шөп салып, ақ төсегін былғайды… З.Шүк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ ТУ КӨТЕРДІ
Қол көтеріп, жауына берілді, тізе бүкті. ~ Ақ ту көтеріп, патша ағзамның ғұзырына қайтадан бас ұрмақ – кіндік кескен мекенге жетіп, не болса да қалың елмен бірге көрмек. М.Мағ. ~ Бораған оқ сап тиылып, сәл үнсіздіктен кейін біреу шала орысшалап айғай салды: – Шық бері! — Капитан ақ ту көтеріп, траншеядан шықты: – Мен – Совет Армиясының капитанымын. Бір батальон солдатыммен сіздерге берілгім келеді!.. Т.Сәу.
АҚ ТҰШ, АҚ СИЫРДЫҢ СҮТІН ІШ /
Кісі түшкіргенде айтылатын әзіл тілек. ~ Ақ тұш! Ақ сиырдың сүтін іш! Ақ сүт берер саған күш. Шым-шым мөлдір суға түс, Тұмау тисе, қуа түс! ҚАӘ.
АҚ ТҮЙЕ БАС ҚЫЛДЫ (ЖАСАДЫ, БОЛДЫ)
Біреуді жабылып жығып салып, кеудесінен басып, тырп еткізбеу. ~ Күнікейдің ағасы бар: Жұматай таз. Тамақ беріп жұмсаса, ол соған мəз. Көп бала бұралқы итше түйе бас қып, Желін қап тақиясын алып қашып … ажуалап, ыза қылушы еді. Ж.Айм. ~ Бір қолын Хиуаға, бір қолын орысқа жайып телмендеп отырған Қараған түрікпендерін жылда ақ түйе бас қылғанда не табамыз? Ә.Кек. ~ Ол тап биыл жазда да не дей қояр дейсің! Ар жағындағы башқұрттармен ақ түйе бас боп жатыр деседі. Бер жағындағы торғауытқа топалаң тисе де, қайырыла қояр мұршаны қайдан табады?!. Ә.Кек.
АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛДЫ
Қуанышқа, жақсылықка, тойға, үлкен олжаға тап болды, жақсылыққа кенелді. ~ Құдай жарылқады десейші! — Ақ түйенің қарны жарылды десейші. Ж.Айм. ~ Нарша байғүс куанып, ақ түйенін карны жарылып жатыр десеңші онда. Ә.Нұрш.
АҚ ТҮСТІЛЕР
«Ақ нәсіл» өкілдері, еуропалықтар д.м. ~ Сонда, Адамзатымыз — ақ түстілер болғаны ма? Жер бетіндегі қаншама ұлт пен ұлыстың тағдырын европалықтар ғана шешуі керек пе? М.Мағ.
АҚ ТҮТЕК БОРАН
Көз аштырмай, алай-түлей, ұйытқып соққан қарлы жел; алай-түлей түтеген боран, қар суырған бұрқасын. ~ Көп жетімекке көп бағандардың не айтқанын кім білсін, әйтеуір өз құлағында қалғаны боздаған осы бір қоңыр үн. Ақ түтек боранда ащы зар, сырмалы сары аязда үскіріктің ызғырық ызыңындай болып та естілетін. Қ.Ысқ.
~ Жапалақтап, орай да борай соққан қардан басқа дәнеңе көрінбейді. Сол ақ түтектің арасымен Қаранар жүрісінен танбай салып ұрып келеді. Ш.Айт.
~ Сенің өн бойыңда, шынында да батырларға тән молдық, ерлік бар еді. Сол дархан молдығың мен кеңдігіңнен де бейбіт заманда бейуақ, опат болдың. Ақ түтек боранда бала кезден бауыр басқан рулін ғана басыңды сүйеді. Ә.Кек.
АҚ ТІЛЕУ
Ізгі тілек, адал ниетті көңілден шыққан бата. ~ Апарасың қай жаққа? Ортақтық, тыныштық достық қой, Оның қадірін кім білер? Әркімге-ақ тілеу қостық қой, Бәрі — алдамшы саудагер. Абай ~ Абзал ананың қолымен ақ сүтке жасалған кеспе көже Меңтай екеуіміз ақ тілеумен табысқан алғашкы күні аузымызға алған асыл асымыз болды. Ә.Нұрш.
АҚ УЫҚТЫ, КИІЗ ТУЫРЛЫҚТЫ
Қазақтың киіз үйінің жалпылама сипаты ретінде айтылады. ~ Ал ешкінің асығындай қағылез Мадан қазақша мүдіріссіз сөйлеп: – Қанша дегенмен, қазақ- қалмақ – ағаш уықты, киіз туырлықты, бір елміз ғой. Қ.Жұм.
АҚ СИРАҚ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Қолайсыз ауа райының салдарынан малынан айрылды, жұтап қалды. ~ Хатшы болса «Аяз би, әліңді біл», пысықсымай артынды қысып отырмайсың ба» дейді-ау тегі! Қасым болса «қай шекеміздің қызғандығынан осы тойды өткізіп жатырмыз, ақ сирақ болсақ та, атой сала береміз бе, тегі» дегендей. К.Қаз. ~ Бұдан 4-5 жыл бұрын қатардағы дәулетті үйдің бірі болған. Жалпыға келген жұт Өңгелбайды да ақ сирақ қылып кеткен. Б.Май. ~ Әр адам ауа райы туралы бір-бір жорамал: «Биыл доңыз жылы, баяғы заманда қойшы атаулыны ақ сирақ қылып, ел ақтатып жіберетін, қатын-қалаш, бала-шаға қара қазан түбіне қарап қалатын жұт доңыз!» М.Қаб.
