Ішерге асы жоқ, киергі киімі жоқ, жоқшылық көрген үй. ~ Енді есеп білмейтін бастығы бар жерлерде «ақ үй, айраны жоқ қақ үй» дегендей қамбалар қаңырап бос қалды. Оған ақ түйенің қарыны жарылған, ақ сабан, қызыл қырман кезде де бір дән құйылған жоқ. Б.Қыд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ ТАМАҚ
Сұлу қыздың сипаты, иек асты, ақ борықтай тамағы. ~ Ақ тамақ, қызыл жүз, Қарағым, бетіңді аш! Қара көз, имек қас, Қараса жан тоймас. Аузың бал, қызыл гүл, Ақ тісің кір шалмас. Абай ~ Жандырып қыз күйігі сырланған күй, Тіл қатпай, үн қатумен ұрланған күй. Сүйсем деп ақ тамақты алдындағы, Албытып асықтықпан жынданған күй. І.Жан. ~ Шашы сары, көзі көк, бойжеткендер мен сүліктей сұлу ақ тамақ қазақ арулары көз сүздіріп, қала көркін одан сайын асырып тұр. Н.Абд.
АҚ ҮЙЕК МАЛ
Адал еңбекпен келген құтты мал. ~ Қап, не қыласың, қолға түссе, оныкі ақ үйек адал мал болар еді-ау. Ә.Нұрп.
АҚ ТАҢ
Айналаны нұрға бөлеп, шуақтана атқан таң. ~ Жанымды жырға бөлеп таң атырған, Әнім едің ақ таңда жаратылған. М.Мақ. ~ Көктемнің ұлпа самалы осылай аңқылдар еді, жер–жаһанды нәзіктік пен үйлесім, ізгілік пен сағынышқа мелдектетіп желпитін. Ақ таңда сібірлеген жылы жаңбыр кіршең дүниені осылай шайып, рахман нұры болып төгілетін–тұғын. Ж.Шағ. ~ Кәрі жүрегі су етті. Сонау бір аязды ақ таңда таулар теңселген кездегідей, тұла бойына біреу суық су төгіп жібергендей болды. Қ.Ысқ.
АҚ ҮСТІНЕН ҚАРА ТАНЫДЫ
Шындыққа көз жеткізді. ~ Сонда Қамар, әйтеуір, ақ үстінен қара тани ма деген адам еді деп, бір жағы жұртына шаққандай қып, қапасын бөліп, … мөлдіреген көзінің күйікті жасын тарс-тарс төгіп, өксіп отырып, мынаны айтты… С. Тор.
АҚ ТЕР, КӨК ТЕР БОЛДЫ
Әбден терге малшынды, аяғынан сабылып, әбден шаршады, иті шықты. ~ Амал нешік, жұмыстың аты жұмыс, тоқтатып қоюға болмайды. Ақ тер, көк тер болып, арпалысқан адамдар. Ш.Айт. ~ Арықтың арғы бетінде Құлшығаш; бүкшеңдеп қой сойып жатыр, әлгіде ақ тер, көк тер боп атына өңгеріп әкелген. Д.Дос. ~ … өткелшінің ақ тер, көк тері шығып, өлермендене тыным- тыныштық таппағаны жүз таныстардың көпшілігінің көңілінде мүсіркеушілік бір сезім туғызғанын да ол аңдамағаны кәміл… М.Сүн. ~ … Егер мұның өлімінде ешқандай күн болмаса, өкімет сол үшін бір жылдан бері ақ тер, көк терге түсіп, сабылар ма еді? Қ.Жұм.
АҚ ШАЛДЫ
Шашы, самайы, сақал-мұрты ағара бастады. ~ Күтпеген қырау қоп-қою шаштың о жер, бұ жерінен бұрқ-бұрқ ете қалып, самайын тұтас ақ шалды. Ш.Айт. ~ Көңіліндегі сөзін бастай алмай көпке дейін
күрмеле берді. Тағы біраз уақыт ақ шалған күйектей қара сақалын алақанына толтыра уыстап отырды да, салмақты үнмен самтсылдап дауысын ерлете сөйледі… Ә.Нұрп. ~ Біз шаң–пұңымызды қағып, беті–басымызды сүртіп, өзімізше дабырласып жатқанда, үйден шашын ақ шалған мұртты кісі жүгіріп шығып, өлең айтқандай айқайлап кеп амандасты. О.Әуб.
АҚ ТОНЫН КИГІЗДІ +
~ Ертесіне үзікті сабалаған атты адамның айғайынан оянды. «Әй, Әділ, сені ме! Тұра тұр бәлем, ақ тоныңды кигізермін! Күн
шыққанша байдың баласы құсап бұ қай жатысың? Өй, жалаң аяқ жаман аңшы. Тұр кәне! » – деп айғайға басып тұрған
бригадир екен. Ү.Жәл.
АҚ ТОРҒЫН
Ақ өңді, нәзік, сұлу. ~ Соны ойлаған кезде ақ торғын маңдайына екі тік сызық көріне қалады. Апасы есіне түседі де, көзінен екі моншақ домалап кетеді… Ж.Айм. ~ Әр жеріне жапырақ-жапырақ жамау жапсырған алаша қаптағы тезекті кіре беріске, босағаның аузына сүйей салды да, сұңғақ бойлы, ақ торғын келіншек сықырлауық сыртындағы есік жапқысының бір шетін желп еткізіп ашып, сыртқа қайта шығып кетті. М.Ай.
АҚ ТОРҒЫНДАЙ МОЙЫН
Үлбіреген жібектей, жұп-жұмыр. ~ Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар, Үлбіреген тамағын күн шалмайды. Тақтадай жауырыны бар, иығы тік, Екі алма кеудесінде қисаймайды. Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес, Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды. Абай.~ Ақ торғындай мойынын күн сүйеді, Осыншама сұлу ғып кім жаратқан… Жанарында жас толған қара нәркес, Қарасаң да тоймайсың ертеңді-кеш. Қарашығы қайнаған терең ойда, Кел, адамзат, дегендей жұмбағын шеш. И.Бай.
