~ «Жастығымда еңбек бер, қартайғанда дәулет бер» деген сез бар. Сол айтқандай, жастарымыз еңбек пен тұрмыста жандары өссін. Ал қарттарымыз ақ сақалды, сары тісті жасқа толып, дәулет рахатын көрсін. Б.Мом. ~ Ақ сақалды, сары тісті шалдарымыз Тізелерін құшақтап қалды де. Ақша жүзді аналарды зар илетіп Қайғы-мұңға салды де. Ғ.Біл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ СҮТІН КЕШТІ
Ризашылығын білдірді; батасын берді. ~ Құлындарым!.. Құлындарым!.. Мен өліп қалып, сендер аман-сау өз үйлеріңе оралып, мен өздеріңді қайыра бір көре алмайтын күн болса… мына сорлы аналарың… ақ сүтін… кешті деп ойлаңдар… кештім… ақ сүтімді, құлындарым, кештім… Ж.Ерғ.
АҚ САМАЙ (САМАЙЛЫ)
Шашына ақ кірген адам туралы.~ Атамды көрген емеспін. Мен үш жасқа толғанда қайтыс болыпты. Содан ба, ақ самай, өзі еңкіштеу, қолына таяқ ұстаған бейтаныс қариялардың бәрін атама ұқсатамын. М.Қаб. ~ Іргедегі тұрған үйдің балконына ала шапанды, ақ самайлы еркек шығып, ол да қолындағы дүрбісімен көз ұшында кетіп бара жатқан қызды қуалай қарады. О.Бөк.
АҚ СҮТІН КӨККЕ САУДЫ (АТТЫ)
~ Ақ сүтін көкке сауып тілеген анаңның, сақалынан сорасы ағып еңіреп, намазға жығылып, құлшылық еткен әкеңнің тілеуін Хақ тағала шын берген екен. Тура сол Жәнібек шабарманнан айнымайсың. Бар мінез, бар қылығың сойып қаптағандай! С.Жүн. ~ Сөзін «тумай кет, тумай кет, ақ сүтімнен садаға кет, кешпеймін ойбай, кешпеймін». «Тоғыз ай, он күн көтергем, Көтерген екем бекер мен! Сүйткен құлыным мынадай, Енді қалай етермін!» деп жылады ол. Екі емшегін қолына ұстап, сүтін көкке атқан кемпір, жалынған баласының сөзін құлағына ілмей бозарып талып кетті. С.Мұқ.
АҚ САҢЛАҚ
1. Бәйгеде алда келетін жүйрік тұлпар, ерекше талантымен жұрттан озған өнер иесі туралы. ~ Ақ саңлақ жүйрік жастардың өлеңдерін мұқият тексерген әділқазы алқасы Қарағанды поэзиясына екпіні тау жығардай жаңа адуын толқынның келгеніне куә болды. БАҚ
2. Ашық, сәулелі. ~ Жазғы жарық ақ саңлақ аспанның астында, сондай кешкі мезгілде ашық ауада отырып ішкен ас балдан тәтті көрінді… С.Сей. ~ Күнбатыс жақ әлі де аппақ саңлақтанып тұрса да, күншығыс жақтан қошқылданып, түннің қаракөк көpiнe бастады. С.Сей.
АҚ ТАБАН
Мал-мүліктен айрылып, қайыршылық күйге түскен адам. ~ Монғол, жоңғар арт-артынан қаптаған Кезде елімді қалмады жау
шаппаған. Ойран болып Отырарым, Саураным, Сонда болдым шұбырынды ақ табан. О.Асқ. ~ Ағажан, ажыратшы ақ-қараны,
Жетімек ем, өмірдің ақ табаны. Арыздасып қалайын атыңды бұр, Артымда сорлы бауыр қап барады. М.Мақ. ~ Ол ертең
аттанады. Аттанады еңбектің ақ табаны: Күрегінің орнына қару алып, Жауынгердің рөлін атқарады. Ол ертең аттанады.
М.Мақ.
АҚ САУСАҚ
Жанын қинап жұмыс істемейтін, сылқым, нәзік бикеш. ~ Уысың толар жуан бұрымның астынан аз ғана мойны ағараңдайды. Үлбіреген ақ саусақ емес әр іске үйреніскен қолдары сенімді де оңтайлы қимылдайды. Ғ.Мүс. ~ Жан күйттейтін қаратаяқ емес, ауласына шөп-шалаң егіп, тауық-сауығын асырап шаруасын шұқыламай, аспақтап не жоқ еді десеңші, бұл шіркінге. Т.Сәу.
АҚ ТАБАН БОЛДЫ
1. Ұзақ жүріп, шаршап шалдықты, қалжырады, азып-тозды. ~ Мал жауда қалды. Бірінен-бірі адасқан жұрт. Ұлы жүз бен
Орта жүздің найман, қоңыраты жол-жөнекей Сырдария бойындағы екі Ала көлдің екеуінің де жағасын өлікке толтырып
Бұқараға құлады. Орта жүздің арғыны мен қыпшағы ақ шаңытты толарсақтан кешіп, ақ табан боп Торғай бойына тұмсық
іліктірді. Ә.Кек. ~ Сөткеге созылған жүрістен әбден қалжырап, ақ табан бопты. Д.Ис. ~ Уа, Төле би, Сені халқың
Көрегенім деуші еді, Ақ табан боп шұбырған, Қаралы мына халқыңның, Көргенің бар ма, жарқыным Топырайтып тұрлауын?
Т.Ахт.
2. Ел-жұртынан айрылып, тентіреп кетті. ~ Тоқтамасқа меңзеймін, Жалғызымның шамасын. Кетер болсаң, сұлтаным,
Енекемнің еміп кет, Төсіндегі екі мамасын! Тіл білмеген дұшпанға, Сұлтаным, жалғыз барасың! Қош сұлтаным, аман бол,
Әлдекандай боласың! Тоқсандағы атаң Тоқтарбай, Бұтында жоқ ыстаны, Тізесіне тон жетпей, Ақ табан боп
АҚ СИРАҚ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Қолайсыз ауа райының салдарынан малынан айрылды, жұтап қалды. ~ Хатшы болса «Аяз би, әліңді біл», пысықсымай артынды қысып отырмайсың ба» дейді-ау тегі! Қасым болса «қай шекеміздің қызғандығынан осы тойды өткізіп жатырмыз, ақ сирақ болсақ та, атой сала береміз бе, тегі» дегендей. К.Қаз. ~ Бұдан 4-5 жыл бұрын қатардағы дәулетті үйдің бірі болған. Жалпыға келген жұт Өңгелбайды да ақ сирақ қылып кеткен. Б.Май. ~ Әр адам ауа райы туралы бір-бір жорамал: «Биыл доңыз жылы, баяғы заманда қойшы атаулыны ақ сирақ қылып, ел ақтатып жіберетін, қатын-қалаш, бала-шаға қара қазан түбіне қарап қалатын жұт доңыз!» М.Қаб.
АҚ ПЕН ҚЫЗЫЛ АРАСЫНДА
Күн бата, ымырт үйірілген кез. ~ Бірінің соңынан бірі шұбалған машиналар ақ пен қызыл арасында шөбі күйген сүр даланың
шаңдағын шұбалтып, күнбатысқа маңдай түзеп зымырап барады. Ә.Нұрп. ~ Кеше кешкілік бұлардың азын-аулақ уақ
жандығына қасқыр шапқан. Күн енді байи бастаған ақ пен қызылдың арасы еді. Қораға беттеген қой дүркіреп кеп қашты.
Р.От. ~ Ақ пен қызыл арасында беттақтаймен бірдей боп балыққа толған қара қайықтар біріне-бірі құйрықтасып келіп
жататын! Ә.Нұрп. ~ Ақ пен қызыл арасында ауыз ашып жатқан кісілердің үстіне именшектей кіреді. Ә.Нұрп.
