Ашу шақырды. ~ Есің дұрыс па, ханымы нес? Бұл қай сасқаның! – деп әузір жекініп қаһарына мінді. Жоқ жерден ақ сайтаны ұстап көпке дейін өз-өзіне келе алмай әлекке түсті. Риз. Ысқ. ~ Күнделікті қызметте зәредей де жасандылыққа, жалғандыққа төзбейді. Ондайды сезсе болды, ақ сайтаны ұстап, түбірінен қиып түспей тынбайды. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ ПЕЙІЛ
Адал ниет, шынайы көңіл. ~ Бір күні қолға түсіп, өліп кетсең, Құныңа тұрар ма, сол жеген тауық? Түлкі айтты төмен қарап, пақырсынып, Ақ пейіл сопыларша көңілі сынық. А.Байт. ~ Ол әншейін айтыла салған сөз емес, атаның, ананың ақ пейілінен, мейірбан жүрегінен айтылған сөз. Оны елемей кетер ойдан да аулақпын. С.Бег. ~ – Дәл осы сөзді айтпасаң сен Құрдас боларсың ба?! Бәрекелді, ақ жейде, ақ пейіл досым-ай! Алдымен аюды атайық, сонан соң шөлмекке құйып, өтін әкелейік. К.Сег. ~ Қызың құтты қашаннан, Ұлың мықты! Табиғаттың өзі де тіліңді ұқты. Адамзаттың ақ пейіл тілегіндей, Адал сақтап келесің сұлулықты. С.Тұрғ. ~ Қолында мылтық тұрып қашқан адамды ең болмаса қорқытып аспанға оқ шығармаған ақ пейілдер. К.Жүн.
АҚ ПЕН ҚАРА
Ақиқат пен өтірік; жақсылық пен жамандық. ~ Ақ пен қарасы алмасып, аунақшып жататын алаң көңіл мынау дүниеде ақшадан да ардақты нәрселер бар ғой. Өнер тілімен адамдарға осыны аңғартқым келеді – дейді. З.Шад.
АҚ ПЕН ҚАРАНЫ АЖЫРАТТЫ
Алды-артын болжай алатын, жақсылық пен жамандықты ажырататын халге жетті.~ Мына жарық дүниеде жалғыз ғана бір тілегім бар, – депті Соломон. – Ол не тілек? – Маған адамдарды танып, ақ пен қараны ажырата алатын әділ жүрек берсең болғаны. С.Дос. ~ Солай да солай деп ақ пен қараны ажыратқыштарға ақтарып салса, кім білсін, дәм тартып, Бектемір ауылына оралар ма еді. С.См.
АҚ ПЕН ҚАРАНЫ АЙЫРДЫ (САРАЛАДЫ)
Жақсы мен жаманды, адалдық мен арамдықты ажыратты. ~ Мынау Отанды сүюге, ақ пен қараны айыруға, адал болуға, азамат болуға үндеген сол. Ата-анасынан, анау нағашысынан қандай айырмашылығы бар? К.Қаз. ~ Міне осы ақ пен қараның арасын айыруға мән бергісі келмеген немесе дәрмені жетпеген әлсіз топтың әртүрлі пікірде болғаны өтірік емес. Ж.Шәк. ~ «Шаншардың» мақсұты: елді араламақ, жақсы мен жамандықты, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан аяғын қия басқанды біздеп, жараламақ. Ж.Айм.
АҚ ПЕН ҚАРАНЫ ТАНЫТТЫ
Сауатын, көзін ашты, білім берді. ~ Маған орыс тілінің әліппесін үйретіп, ақ пен қараны танытқан осы кісі. С.Ом.
АҚ ПЕН ҚЫЗЫЛ АРАСЫНДА
Күн бата, ымырт үйірілген кез. ~ Бірінің соңынан бірі шұбалған машиналар ақ пен қызыл арасында шөбі күйген сүр даланың
шаңдағын шұбалтып, күнбатысқа маңдай түзеп зымырап барады. Ә.Нұрп. ~ Кеше кешкілік бұлардың азын-аулақ уақ
жандығына қасқыр шапқан. Күн енді байи бастаған ақ пен қызылдың арасы еді. Қораға беттеген қой дүркіреп кеп қашты.
Р.От. ~ Ақ пен қызыл арасында беттақтаймен бірдей боп балыққа толған қара қайықтар біріне-бірі құйрықтасып келіп
жататын! Ә.Нұрп. ~ Ақ пен қызыл арасында ауыз ашып жатқан кісілердің үстіне именшектей кіреді. Ә.Нұрп.
АҚ САБАН
Астық жиылған жерде үйіліп қалатын астықтың дәнінен айырған қабығы. ~ Сонан соң үлкендер сабанын екшеп, дән суырар еді. Жел тұрғызу үшін бар бала жиылып ысқыратынбыз. «Жел шақырғанға келеді» деген сөзді онда жиі еститінбіз. Астық суырып, ақ сабанынан тазалаған соң — қалбырға салып елейтін. Онан соң барып бала біткен дәннің ірі тасын теруші ек. Б.Мом. ~ Алдымен ала қаптарды жинап алып, әрқайсысына екі пұттан бидай салдырып қойды да, сонан соң өздерін ұлпадай ақ сабанның үстіне алқа– қотан отырғызып, сөз бастады. Қ.Жұм.
АҚ САБАН, ҚЫЗЫЛ ҚЫРМАН
Егін орылып бітіп, астық жиналатын кезең. ~ Енді есеп білмейтін бастығы бар жерлерде «ақ үй, айраны жоқ қақ үй» дегендей қамбалар қаңырап бос қалды. Оған ақ түйенің қарыны жарылған, ақ сабан, қызыл қырман кезде де бір дән құйылған жоқ. Б.Қыд.
АҚ САБЫН БОЛЫП ТЕРЛЕДІ
~ Көп кешікпей, ол үйге қайта кірді. Қияқ ақ сабын болып көпсіп терлеген атын ауыстырып, күншығысқа қарай қайтадан шаба жөнелді. І.Ес. ~ Астындағы көк бесті ақ сабын болып терлегенін ақ боз үйдің алдында аттан түсіп жатқанда байқады. Өзінің халі онан да нашар еді. Аузы құрғап, дыбысы шықпай қалған. Хабарлас қылып керіліп тұрудың реті келген жоқ. З.Шүк.
