АҚ НӘСІЛ (АҚ НӘСІЛДІ)

Адамдарды өңіне, түсіне қарай бөлу үрдісі бойынша ақ түстілер, еуропалықтар. ~ Маклеод деген американдық автор өзiнiң отандасы, ақ нәсiлдi американдықтың бiр әңгiмесiн жеткiзген. Т.Әс. ~ Мүмкін, казіргі жиһангерлік соғыс мемлекеттер арасында емес, құрылықтар арасында — ақ нәсіл мен қалған адамзат арасыңда өтіп жатар еді. М.Мағ.

АҚ НЕКЕ

Салт-дәстүр сақталып, сүйіп қосылғандардың адал некесі. ~ Күйеу бала — Аюбай, Майлыбай мен Зылиханың ақ некесінен туған ұл. Дінмұсылман. Жасы жиырма бесте. Б.Мом. ~ Елде, Сәлиманың өзі айтқандай, соғысты сылтау етіп, ақ некенің өзін бұзып жатқандар аз ба? Ә.Нұрш.

АҚ НЕКЕЛІ АҚ ТӨСЕК

~ Жас жұбайлардың алғаш жататын төсегі – «Ақ некенің ақ төсегі» деп аталады. Енесі мен жеңгелері төсекті аршамен аластайды, иіс су себеді. Н. Қап.

АҚ МАЛ

Адал еңбек, маңдай терімен келген мал, дәулет. ~ ─ Жесе жейт – дағы, оның аузынан айырып алатын сен бе? – деп Сартекең ақ малын бәйбішесінің құрбандығына қия салды. Қ.Ыс. ~ Әкесі Жадырасын деген ақтылы қойды айдаған кісі еді. Ақ малының санын марқұмның өзі де білмей өтіпті деседі. Ү.Жлк.

АҚ НЕКЕСІН (НЕКЕСІН) БҰЗДЫ

Құдай қосқан қосағын тастады, ажырасып кетті д.м. ~ Ойқұдық оқиғасы бұларға барлық бүге– шігесімен толық мəлім екен. Мұхтарды Мағауия қызының бесіктен атастырылған күйеуімен ақ некесін бұзып, алып қашпақ болған тентек десіпті. З.Қаб. ~ Бұзық емей немене, бір күні некесін бұзып, байынан он сегіз әйелді босатып жіберіпті. Намаз оқымайды дейді. Пайғамбарды «өзіміздей кісі» деп айтады дейді, — деді. С.Сей.

АҚ МАЛТАСЫН ЕЗДІ

Былшылдап, көп сөйледі. ~ Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр, Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр. А.Байт. ~ Ол аузымен айды алып, қолымен күн
орнататын өлердей мақтаншақ, көбік ауыз көк малта еді. Өзінен-өзі лепіріп, малтасын езіп жатыр екен. Н.Кел.

АҚ НЕКЕСІН (НЕКЕСІН) ҚИДЫ

Жастардың үйленуін заңдастырды, ерлі-зайыпты деп жариялады. ~ Жұрт жиылды тойына, Отыз күндей ойынға. Ақ некесін қиған соң, Күйеу кірді қойынға. А.Бай. («Ер Сайын») ~ Ал, егерде ісіміз сәтті болып, егініміз мол шықса — ол тарыдан таспа қара, таңқы мұрттарға ғұшыр тағы тимейді. Сен келіншек алсаң — оның некесін қиятын ауыл совет. Х.Ес. ~ Семья басы — Қара молда көк есегін жортақтатып, ел қыдырумен күнін өткізеді. Өлгендерге құран оқып, үйленген жастардың некесін қиып, оп-оңай напақа табатын еті тірі, ылдым-жылдым кісі. Т.Бер.

АҚ МАЛТАСЫН КҮЙСЕДІ

Беталды сөйлей берді. ~ Осы итпен тәжікелесіп тұрамыз ба? – деді Оспан. — Тас сарайда бір апта қамалып жатса, ақ малтасын өзі-ақ күйсейді әлі…С.Ом.

АҚ НИЕТ КӨРСЕТТІ

Кең пейілдік, ізгілік танытты. ~ Әсіресе, ашық- жарқын ақ ниет көрсеткен жергілікті халықпен қоштасу да оңайға соқпады. Ә.Мар.

АҚ МАМЫҚ

Үлпілдеген жұмсақ, ұлпа. ~ Жаз! Жаз демекші, менің жазым, жан– жүрегімнің жазы қайда? Әне, айдын аспанның әр жерінде ақ мамық бұлттар қалқиды. Ой, шіркін–ай, мамықтай жайлы ауылға барар ма еді. Ш.Айт. ~ Қарады ол қалт кетірмей көріністі, Ақ бұйра толқын атты көлдің үсті. Қара қанат айналып ақ мамыққа, Өзгеріс осы сәтте болды күшті. БС. «Кенжекей…»