АҚ МАЛТАСЫН ЕЗДІ

Былшылдап, көп сөйледі. ~ Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр, Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр. А.Байт. ~ Ол аузымен айды алып, қолымен күн
орнататын өлердей мақтаншақ, көбік ауыз көк малта еді. Өзінен-өзі лепіріп, малтасын езіп жатыр екен. Н.Кел.

АҚ НЕКЕСІН (НЕКЕСІН) ҚИДЫ

Жастардың үйленуін заңдастырды, ерлі-зайыпты деп жариялады. ~ Жұрт жиылды тойына, Отыз күндей ойынға. Ақ некесін қиған соң, Күйеу кірді қойынға. А.Бай. («Ер Сайын») ~ Ал, егерде ісіміз сәтті болып, егініміз мол шықса — ол тарыдан таспа қара, таңқы мұрттарға ғұшыр тағы тимейді. Сен келіншек алсаң — оның некесін қиятын ауыл совет. Х.Ес. ~ Семья басы — Қара молда көк есегін жортақтатып, ел қыдырумен күнін өткізеді. Өлгендерге құран оқып, үйленген жастардың некесін қиып, оп-оңай напақа табатын еті тірі, ылдым-жылдым кісі. Т.Бер.

АҚ МАЛТАСЫН КҮЙСЕДІ

Беталды сөйлей берді. ~ Осы итпен тәжікелесіп тұрамыз ба? – деді Оспан. — Тас сарайда бір апта қамалып жатса, ақ малтасын өзі-ақ күйсейді әлі…С.Ом.

АҚ НИЕТ КӨРСЕТТІ

Кең пейілдік, ізгілік танытты. ~ Әсіресе, ашық- жарқын ақ ниет көрсеткен жергілікті халықпен қоштасу да оңайға соқпады. Ә.Мар.

АҚ МАМЫҚ

Үлпілдеген жұмсақ, ұлпа. ~ Жаз! Жаз демекші, менің жазым, жан– жүрегімнің жазы қайда? Әне, айдын аспанның әр жерінде ақ мамық бұлттар қалқиды. Ой, шіркін–ай, мамықтай жайлы ауылға барар ма еді. Ш.Айт. ~ Қарады ол қалт кетірмей көріністі, Ақ бұйра толқын атты көлдің үсті. Қара қанат айналып ақ мамыққа, Өзгеріс осы сәтте болды күшті. БС. «Кенжекей…»

АҚ НӨСЕР

Толассыз ұзақ жауатын жазғы жаңбыр. ~ Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын. Өзің келген май айында ақ нөсер, Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын. Керегі не көк тастың. М.Мақ.

АҚ МАМЫҚТАЙ

Көздің жауын алып үлбіреп, үлпілдеп тұр. ~ Өр Алтай ызбарланған көкке тиіп, Өр кеуде, ақ мамықтай төсің биік! Үймелеп көктен бұлттар қоршап төніп, Аймалап, ақ төсіңді құшқан сүйіп. С.Сей. ~ Үстіне киген ак кофтасы ақ мамықтай үлпілдеген, қаз кеуде, қызыл ерін, аққұба қыз жымиғаны жанынды майдай ерітіп, иіліп келіп, ол қолын берді. Ә.Нұрш.

АҚ МАҢДАЙ

Сұлу әйел, қыз-келіншек, бойжеткен. ~ Өтірік айтасыз,— дедім. Сенгенім жоқ. Шынарды алып қашады ол. — Ашу үстінде шынымды айтып қойғанымды соңынан аңғардым. — Қарақызды ала ма, өзінің алма мойын, ақ маңдайы тұрғанда?! Қық– қық… Н.Сер. ~ – Көрiселiк, айналайын, ақ маңдай, Айтқан лебiң жанға майдай жаққандай. Сырымды айтар өзiңе түгел ақтармай, Қалсам деп ем қасыңда бүгiн, аттанбай. К.Сег.

АҚ МАҢДАЙЛЫ

~ Әлден уақытта қыстау ішінен қызыл көйлек киген талдырмаш жас қыз шықты. Киіктің лағындай орғыған, ақ маңдайлы, қос бұрымы тірсегін соғады. Басына ақ орамал тартып апты. Ыңылдап ән салып жүр. С.Мұр. ~ Сен мені жатырқама, жарық Айым, Бұлттан шық, ақ нұрыңды жамылайын. Аққудай бір қыз бар ед, ақ маңдайлы, Алысқа ұшып кетті-ау неғылайын?! М.Рай.

АҚ ҚАР, КӨК МҰЗ

Қыстың қақаған аязды кездері; сұрапыл, адам төзгісіз ауыр жағдай. ~ Асқақтап тұр әлемге биік қарап. Тұтасқан ақ қар, көк мұз секілді үсті. Ақ сүңгі, көк найзадан жиып жарақ. С.Мәу. ~ Досмағанбет Ә. қаласындағы темір торлы терезеге жыл жарымдай телміріп, содан соң түсінде көрмеген тундраның ақ қар, көк мұзынан бір-ақ шыққан. Н.Дәу. ~ Есбергеннің айтуынша, ғинуарда қарызға көтермеге борыштанып алған пұл, шайды жаңағы саудагерлер қырға, қазақ ортасына қысқы ақ қар, көк мұзда бейнет кешіп, алып барады екен. М.Әу. ~ Киімі жұқалау. Бірақ үсімес. Әкең ақ қар, көк мұзда жалаңаш қол жүріп ұрлық жасайтын. Өлмейсің. Мөңке, ұлым, абұйырлы қайт. С.Жүн. ~ … көп ұзамай, бұ да әке қасынан орын алады; арқасындағы жүгін апаратын жеріне жеткізе алмай, жарты жолда зорығып жығылған кіреші көлігіндей, ақ қар, көк мұзда өлі мен тірі арасында титықтап жатыр. Ә.Нұрп.