АҚ КӨРПЕ ЖАМЫЛДЫ

Аппақ қар астында қалды. ~ Қысқы түнде сыңғырлаған қоңырау үнін, тым-тырыс қарлы даланың тас қараңғы мылқау үнін қайтып ұмытарсың, мұндайда жұп-жұмсақ ақ көрпесін жамылған қысқы дала көз алдыңнан зырлап өтіп, сонау көкжиектегі аласа сұрғылт аспанмен ұласып кетеді де, кейде алыс түкпірден тек қыс кезінде болатын алдамшы оттар елестейді. И.Бун. ~ Түнімен долы дауыл құрыстаған секілді арыстандай жыны ұстаған. Жамылып ақ көрпесін енді ғана маужырап байтақ дала тыныстаған. Ф.Оңғарс.

АҚ КИІЗГЕ КӨТЕРДІ

Хан сайлау дәстүрі. ~ Баяғыда өзін ақ киізге көтеріп хан сайлаған пенделер талай әміршіден ауыздары күйсе де, мұның ертең не істейтінімен шаруасы болды ма? Ә.Кек.~ Шыңғыс ешқашан билікті зорлықпен тартып алмаған: ол екі дүркін хан сайланып, үшінші рет түркілердің 16 тайпасының өкілі оны ақ киізге көтеріп қаған сайлаған, соның бірі – Майқы би. Қ.Ысқ.

АҚ КӨБЕ

Жағалы, құнды матадан тігілген ерлердің сырт киімі. ~ Астыңдағы Мәнекер, төрем, Мәнекерді берсең, мінейін. Үстіңдегі ақ көбе, Ақ көбені берсең, киейін, Содан көп алыпқа барайын. Мәнекерді мінді дейді, Ақ көбе тонды киді дейді. Ә.Мар. («Көкетай хан»). ~ … қазақ қызы жау жоқ жерде ақ көбелі, айдар төбелі айдарлы ерге лайқатты, «белі нәзік жіңішке, үзіліп кетпей неғып тұр» дейтіндей, мың бұралған, пейілді де, бернелі де, жібектей мүнәйім, мақтадай жұмсақ, майдай есілген қалыңдық, жар бола білді. Б.Қыд.

АҚ КӨБЕЙДІ

1. Сүт өнімі молайды. ~ Жолға шығарда Иманқұл бұзаулы кер сиырды алдымызға көлденең тартты. Әкем ақшасын төлеп, көкеме жетелетті. Иманқұл бізге бір пұт тары сыйлап, қошеметпен шығарып салып еді. Ауылға келген соң ақ көбейіп, аузымыз қою айранға тие бастады. Б.Мом.
2. Шашына, самайына, сақал-мұртына түскен ақ молайды. ~Өртеңнің баурына қонып отырған Ұлжан аулына Құнанбай екі-үш күндей қонақтады. Күнкенің аулы да осы арада жақын еді. Абай осы күндерде байқады: әкесінің сақал, шашындағы ақ көбейіп, бетінің ажымдары да молая түскен екен. М.Әу.

АҚ КӨБЕЛЕК

~ Наурыздың ортасына зорығып жеткен Шоққайың торғай су ішетін күн таяп қалды деп отырғанда тағы да басып салды. Апта бойы қапалақтаған ақ көбелек алысты қойып ауыл -үйдің арасына ат жүргізбей тастаған. Қ.Ысқ.

АҚ КӨБЕЛІ, АЙДАР ТӨБЕЛІ

Ер жігіттің сипаты. ~ Бірақ сондай ерлік жасап, батырлармен бастас, ерлермен егес жасаған, ерге ер, серіге сері қазақ қызы жау жоқ жерде ақ көбелі, айдар төбелі айдарлы ерге лайқатты, «белі нәзік жіңішке, үзіліп кетпей неғып тұр» дейтіндей, мың бұралған, пейілді де, бернелі де, жібектей мүнәйім, мақтадай жұмсақ, майдай есілген қалыңдық, жар бола білді. Б.Қыд.

АҚ КӨБІК

Толқыған судың көпіршігі.~ Алыстан мұнарланып шалқыған көл, Бетінде күннің нұры балқыған көл. Жарысып саф күмістей ақ көбігің, Мап-майда мөлдіріңде қалқыған көл. М.Жұм. ~
Күннің көзін бұлт шалған. Теңіз беті күңгірт тартып, көк толқындар лықси толқып, ақ көбіктер аспанға ата бастаған. Дж.Лон.

АҚ КӨБІК БОЛДЫ

Ұзақ шабыстан терге бөкті. ~ Асау құнан лезде қос бүйірі солқылдап, ақ көбік боп шыға келді. Қалжырайын деді. Ә.Әл. ~ Түн ортасы – ау деген шамада алдан иттердің үрген даусы естілді де, көп ұзамай ақ көбік болып терлеген бурыл ат айналасын шыммен қоршап тастаған ескі қыстаудың қақпасына келіп басын тіреді. Т.Әб. ~ Жүйріктер ақ көбік боп, таға сынып, Шаңға бөгіп жатқандай дала сұлық. Т.Бер.

АҚ КӨБІККЕ МАЛЫНДЫ

Қатты шаршап, қалың терге шомылды. ~ Мен шаршаған атымды аяусыз айдап келемін, ақ көбікке малынған атым тас жолмен мені алып зымырап келеді. М.Лер. ~ Аттар пысқырынып, бүгелектеп, ақ көбікке малынып келеді. Бір жерге келгенде жолаушылардың алдынан жиырма шамалы адам андағайлап көріне кетті. І.Жан.

АҚ ЖЕЛКЕН

1. Кіршіксіз таза; пәк.
~ Ақ желкен арман, Бұлдырап алдан. Жағада тұрмын дауыстап. Балалық кезім, Бейкүнә сезім, Ақ желкен болып алыстан. Ұ.Ес.
2. Жел қайық. ~ Әлгіде бері бұрылған тәрізді болған ақ желкен толқи ойнаған теңіз бетінде ырғала жүзіп, алыстай береді. Әлден уақытта тағы да дір еткендей болады. «Міне, осы жолы шын бұрылды» деп үміттене жымиямын. Ә.Сәр. ~ Атырау адамдары дыбыс тілін түсінгелі бері осы əнге айдындағы ақ желкендей толқып, тербелумен келеді. З.Қаб.
3. Қайық, кемені желдің айдауымен жүргізетін, мачтаға тартылатын қалың ақ мата. ~ Борандының ар жағындағы Құлан тауы да ақ теңізге ақ желкен көтерген кемедей боп көрінеді. Мүмкін, Батыр сол кемемен жүзіп келе жатқан шығар. Ш.Мұр.