Нәресте, сәби.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ ЖҮЗ
Мерейлі, күлім қаққан сұлу қыздың келбеті. ~ Каншама ер-азамат туған жерге жете алмай, туған елдің топырағында өскен қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерін көре алмай, арманда өтті. Ә.Нұрш.
АҚ ЖҮЗДІ
1.Сұлу өңді, көркіне мінезі сай. ~ Ақ жүзді әйел алсаң бойы сұңғақ, Қасыңа шақырғанда келсе зулап. Дауысы «әу» дегенде әрең шығып, Кеудесі еңкейгенде етсе бұлғақ. Ақан сері. ~ Бір ғажабы, орманды алқаптарда шоқтала да өсетін, қатарласып та, жеке-дара да бой түзейтін аққайыңдар қашанда адам жаны мен сезімін ең алдымен ақ жүзді сырлы сымбатымен баураған. М.Ай.
2. Жүзінен нұр тамған. ~ Ауылдан келген қызды оқуға түсіру міндетін өз мойнына алғанын сөз арасында айтып қалды. Сұлу мүсінді, ақ жүзді, жайнаң көз Мәдина кімді де болса бір көргеннен-ақ қызықтыратын еді… Б.Тоғ.
АҚ ЖҮРДІ
Адал, таза жүріп, ешкімге жамандық жасамаған адам туралы. ~ Ақ жүрген адам азбас. М.-М.
АҚ ЖҮРЕГІН АЛА ҰШТЫ
Құшағын айқара ашып, шынайы көңілмен қарсы алды. ~ Алдарыңнан шығайын ала таңнан, Абай атам ауылының бұлбұлдары… – деп ақ жүрегін ала ұшып, жыр шашуымен қарсы алған болатын. Ж.Шәк.
АҚ ЖҮРЕГІНЕН АЙТТЫ
Адал пейіл, түзу ниетімен шынайы лебізін білдірді. ~ Шебер бұл сөзді ақ жүрегінен айтқан. Расында да Арман көп кешікпей «өнерін» шын көрсетуге айналды. І.Ес. ~ Үйренушінің мұндай жағдайын көрген мүсінкер, оған өте риза болып: — Асықпа, асықпа, жігітім, — деді, — көп кешікпей өнеріңді де көрсете бастарсың… Шебер бұл сөзді ақ жүрегінен айтқан. І.Ес. .
АҚ ЖЕЛКЕН
1. Кіршіксіз таза; пәк.
~ Ақ желкен арман, Бұлдырап алдан. Жағада тұрмын дауыстап. Балалық кезім, Бейкүнә сезім, Ақ желкен болып алыстан. Ұ.Ес.
2. Жел қайық. ~ Әлгіде бері бұрылған тәрізді болған ақ желкен толқи ойнаған теңіз бетінде ырғала жүзіп, алыстай береді. Әлден уақытта тағы да дір еткендей болады. «Міне, осы жолы шын бұрылды» деп үміттене жымиямын. Ә.Сәр. ~ Атырау адамдары дыбыс тілін түсінгелі бері осы əнге айдындағы ақ желкендей толқып, тербелумен келеді. З.Қаб.
3. Қайық, кемені желдің айдауымен жүргізетін, мачтаға тартылатын қалың ақ мата. ~ Борандының ар жағындағы Құлан тауы да ақ теңізге ақ желкен көтерген кемедей боп көрінеді. Мүмкін, Батыр сол кемемен жүзіп келе жатқан шығар. Ш.Мұр.
АҚ ЖҮРЕГІНЕН ШЫҚТЫ
Жүрекжарды пікір, ән, ой хақында. ~ Мүмкін, ол соны іздеп келген болар. Әйтпесе, осы кемпірдің алдына неге жүгінді? Ащы болса да әділ, ақ жүрегінен шығатын үкімін естігісі келген шығар. К.Қаз. ~ Кітапты оқыған сайын Дәниелдің бейнесі үлкейе түсіп, өзінің адал, ақ жүрегінен шыққан ұмытылмастай мұңлы үніменен Жаннаттың көңіліне кенет бір шоқ тастап, енді оны өзіне тарта әкетіп бара жатты. І.Ес.
АҚ ЖЕМ (БОЛДЫ)
1.Арам тер болды. ~ Берекеңді қашырған, Ел тыныш болса, жақсы сол. Рас сөзге таласып, Ақ жем болма, жаным, кел. Абай. ~ … ана тілді жаулап алған орыс тілділер өктем екен. Ауылдар ана тілге алақабдан көрінеді. Орыс тілі сауырынан сипатпайды. Ана тілдің мәртебесін көтеру жайлы баспасөзде жазылып та жатыр. Радио, теледидарда айтыла– айтыла, ақжем болды. Т.Рыс.
2. Ылғалдың, күннің әсерін ағарып кеткен. ~ Дала. Теңіз … Бір-бірінен құт дарып, Бірін бірі жатыр шөлден құтқарып.Дала — ананың алақаны ұсынған Жағадағы ақ жем тастар сықпа құрт. С.Нұр.
3. Су сорған ет, дене. ~ Ақ көйлегін күйеудің күнде жуып, Ақ жем болды қос қолым судан шықпай. К.Ахм. ~ Көмілген шымдардың беті болмаса, асты әлі жұмсақ екен, ол әрі– бері қопарған соң– ақ сәл иістенген, бірақ су сорып, ақжем болып қалған бұғы етіне де тұмсығы тиген. К.Сег.
АҚ ЖҮРЕК
Көңілі ақ, пейілі кең, адал ниетті адам туралы. ~ Алайда Майраның күлкісі адал досқа деген ақ жүректен ақтарылып жатқан
асыл қазына екенін біліп, бізде оны іштей қосыла құптауда едік. Ә.Нұрш. ~ Кісі қабылдаудағы оның әрі жылы, әрі мейілінше
қарапайымдылығынан тектінің тәрбиесі, ақ жүрегі, әйелге тән сүйкімді қылығы танылып тұрды… И.Бун. ~ Ақ үмітім үзілді, ақ
жүрегім кірледі, Ақ періштем бәйек боп, мен қиналған түндері. Ақ безер де көк безер болдым кейде өмірден, Ақыл жетіп
бәріне, ақшам жетпей жүргені… А.Тем. ~ Ә десе аузынан жүрегі көрініп тұрған мына ақ жүрек Айгүл, бір жағынан, өзі де
байқамай ескі жарасының аузын тырнап алды. М.Қаб.
