АҚ КӨЗ

Надан, көр кеуде. ~ Қырық жыл қой бағып, жең — жағасы қи сасығаннан басқа тапқан бар қадары не?!. Мен ондай ақ көз болғым келмейді. Өйткені, құр еңбекпен, құр адал көңілмен бүгінде қой бағуға да болмайды. Қ.Ысқ. ~ Әйтсе де, Демежан өзге дүниені өзгерте алмағанымен, ақ көз ағайынның шылауына ілесіп, жетегінде кете алмас. Қ.Жұм. ~ Әйгерімге сыбырлаған әзілінде: — Жеңеше-ау, мынау қайнағаң не деген өлерін білмес ақкөз еді! Мұрттай ұшқанын көрдің бе? Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да!- деп, Әйгерімді қоса еліктірді. М.Әу.

АҚ КӨЗДІ

Ақылы жоқ, надан, мінезі долы адам туралы.
~ Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді. Абай.

АҚ КӨЗДІК

Ессіз дарақылық, содырлық. ~ Көздері қорқып қалған көшке Уфаға жеткенше бас-көз болсын деп Құдайназардың қасына Төлебайды да қосты. Содан хан мен Бөкенбай батыр қарсы жақтың дәл мынандай ақ көздігіне ауылдарына жеткенше бастарын шайқасып, қайран қалумен болды. Ә.Кек.

АҚ КӨЙЛЕК

Жайдары мінезді, аңқылдақ, ақ көңіл. ~ Көлемін қарабастың байлығымен, Көргем жоқ шатастырып айды күнмен. Ақ көйлек адам едім, сол көйлекті Кірлесе минут сайын шайдым нұрмен. Ғ.Қай. ~ Көкбөрілердей алдауына оңай көнетін ақ көйлек кісілерді көргенде анау білекпендей бұғақ жіптіктей боп кетеді. Ә.Кек. ~ Қайыптың қылықтарына әкесінің бас шайқап отырғанын байқаған Ақбөбек әшейінде аузы ауыр, салмақты анасының да: «Өзі бір жаны жоқ, ақ көйлек жігіт екен» – деп, етікшіні мақтай бастағанын тағы естіді. Ү.Жлк.~ Асыр-гүсірлігі болмаса, аңқылдақ, ақ көйлек, өжет жігіттің өзі. Бетің демейді, жүзің демейді, соғып салып қарап тұрады. К.Қаз. ~ Білетінім, аңғал, ақ көйлек жан шалқасынан ашық жатқан кілтсіз аула екен, маскүнем біреулер түн ортасында бұрышына жата кетіп, қорылдап тұрып ұйықтайды, ұйқысы қанғасын әлгі жерге кіш етеді… М.Қаб. ~ Әулиелік пен ақ көйлектік бүгінде кімге дәркер? Солар өзі қ

АҚ ИЫҚ

1. Қыран құстың ерекше сипаты. ~ Немесе: Көрінер алыстан тау мұнарланып, Қосылар екі ғашық құмарланып, Ақ үйдің оң жағында жатар ма еді, Түлкі алған ақ иықша ұмарланып… – дегендей, жастық, мастық өлеңдерімен қыздарды өздерінше үгіттемек, сүйіспек, сүймек боп қызуланды, қызықты, буланды. Ж.Айм. ~ Бұғанасы бұлт беріп, Атылғанда ақ иық. Күшігендер сырт беріп, Тоңқаңдайды далиып. М.Мақ. ~ Жәнібектің осылай үйреткен бірнеше кереге қанат, ақ иық қыраны болушы еді. І.Ес.
2. Айрықша асыл жан, ер жігіт. ~ Айттым ғой. Иә, жiгiт емес, сұңқар. Сұңқар емес, Алтайдың ақ иық бүркiтi дерсiң! Р.Рай. ~ Армысыз, әйгілі ақ иық қәрия?- деді Жәнібек, хан басына қарамай иіліп сәлем беріп. І.Ес.

АҚ КӨКІРЕК

Аңқылдаған, адал, жұмсақ мінезді, аңғал адам туралы.
~ Дене бітімінің әлгіндей кесектігіне қарамастан ақ көкірек, аңқау болғасын осы кісіні біздің ауылда, кез келген қылжаң қып, бала-шағаға дейін алдай беретін, ірі нар тұлғасына қарап біздің ауыл оны батыр дейтін. Ә.Нұрп. ~ Үйніс кедей адам. Кейін колхоз ұйымдасқан кезде белсенді болып жүрді. Бұл да Еспер сияқты ақ көкірек кісі болатын. Б.Қыд. ~ Алдыр-салдыр ақ көкірек Шалқар бір қызса басылуы қиын. З.Шүк.

АҚ ИЫҚ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Әлдебір істен әбден шаршады, мезі болып, қажыды, жауыр болды. ~ Үй шаруасынан ақ иық болған пақырлар енді қазір әскерге кеткен ер-азаматтарының орнында таңның атысы, күннің батысы салпылдап жұмыс істеп жүр. Ә.Нұрп. ~ Сирағы шығып, аш, жалаңаш отырған елі бар. Ұзақ соғыстан ақ иық болған әскерінің халі анау. Ә.Нұрп. ~ Қаршадайдан кешкені бейнет, жетім бала Нұртай жер кетпендеді, қолсамар атты… Бай ағайын ақ иық қылған бала, он алты жасқа шыққан жылы сызып тұрды. З.Шүк

АҚ КӨҢІЛ

Ашық мінезді, аңқылдаған ақ жүректі адам. ~ Омаров ақ көңіл жігіт. Ол жолдастан жанын да аямайды. Ал өзінің бар сыры сөйлеген сөзінен ақтарылып отырады. Адамға үйір– ақ. Көп сөйлеуге құмар. Біреу сөйлеп отырғанда оны тыңдай алмайды. Б.Бұл. ~ Анқылдаған не таптым ақ көңілден, Несіне ердім сайтанға жат көрінген? М.Мақ. ~ Сыртқа сездірмесем де маған сіздің адалдығыңыз, әділдігіңіз, ақ көңілдігіңіз ұнайтын. Ә.Нұрш.

АҚ КЕБІНГЕ ОРАНДЫ

1. Өмірден озды; қайтыс болды, кебін киді. ~ Жас топырақ астында мәңгі тыныштық алған Ұрқия көз алдына елестейді. Ақ кебінге оранған асыл жар жер бетінде не боп жатқанынан бейхабар. С.Жүн. ~ Ақ түсті жейде киіп, сақал-шашы қуарған, өңі бозарған адам оның көзіне тағы да ақ кебінге оранған тірі аруақ болып елестеді. Ғ.Біл.
2. Қалың жауған қар басып қалды.
~ «Түнімен жауған қардан дала ақ кебінге оранып шыға келді». БАҚ.. ~ Қапалақтаған қар арасынан ақ шашты, ақ сақалды, ақ кебінге оранған аруақ құшақ жая теңселе басып жақындап келе жатқандай, Аманбаев денесі түршігіп өз-өзінен селк ете түсті. Т.Сәу.

АҚ КӨҢІЛ, АЛА КӨЙЛЕК

Арамдығы жоқ, ниеті ақ, аңқаулығы да бар адам туралы. ~ Осыдан бір ай бұрын Жиренше Алдардан оңбай алданған. Ақ
көңіл, ала көйлек Жиренше Алдардың үйде ұмыт қалған алдауыш таяғымды әкелемін деп, мұның атына мініп кеткенін, әрі
құлайын деп тұрған моланы сүйетіп қойғанын атып, көзінен жас аққанша күлуші еді. П.Дүйс.