АҚ ЕЗУЛЕНДІ

Көпіршіп, долыра жағаға ұмтылған ақ жал толқындар туралы. ~ Бүйірін тоса бергенде ақ езуленіп ұмтылған толқындардың бірі болмаса бірі киліге қалса…е, онда иманыңды үйіре бер. Ә.Нұрп. ~ Өзеннің шаппа жарына жеткенде ғана келіншек іркілді; толқын құтырына көпіршіп жағаны тепкілеп жатыр. Әлдекім мөп-мөлдір суға қарамай құйып жібергендей ауыр, ажарсыз. Ақ езулене өкіреді. М.Сүн.

АҚ ЖАУЛЫҚ

Әйел баласы, жұбай. ~ Ә, иә, атамыз қазақ: «Екінші байлық – ақ жаулық» деген, өзің білесің. Сен, інішек, соны ойлап көрші! Ғ.Қаб. ~ Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық. М.-М. ~ Біреуге денсаулық, біреуге ақ жаулық, ендігі біреуге мол саулық керек. Бәрінің байламы – Бақыт, айғағы – Уақыт. И.Сап.

АҚ ЕРКЕ

Қылықты, сүйкімді, пәк сезімді сұлу қыз. ~ Тарайды кеп, тарайды қауырсынын, Құм тұрса да бір түйір ауырсынып, Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! М.Мақ. ~ Әр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сәулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір кезде лепіріп бақ іздеп, албатыдан жар іздеген көңілі ақ ерке сұлу тауып, байызданған. О.Бөк.

АҚ ЖАУЛЫҚТЫ

Қазақи салт-дәстүрге сай жаулық таққан, абыройлы, сыйлы әйел баласы — апа-ана, әже, бәйбіше, келіндер. ~ Қазірдің өзінде ауылдың ауасын, даласын аңсап тұрамын. Сондағы көненің көзіндей қарт Ордабасы, ондағы қариялар мен ақ жаулықты аналар көз алдымнан бір сәт өшкен емес. Ә.Ысқ. ~ Мұндайда кейде сонау құлдыраған балалық шақ еске түседі. Бала кезде үйге ақсақал–қарасақал, ақ жаулықты әжелер қонаққа келсе, бір ғанибет еді. Ж.Аяз. ~ Е, тәйір деген… Жер үстіндегі ақ жаулықтының мұңы бір емес пе. Қ.Жұм. ~ Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже, иманжүзді әке, мейірлі ана… Тұлымы желбіреген ұл, жүзін күн қаққан бұрымды қыз… Д.Рам. ~ Сәске түсте үлкен алаң араның ұясындай құжынап кетті. Жастар арасынан ақ сақалды қариялар да, ақ жаулықты бәйбішелер де қылаң беріп жүр. Б.Тоғ. ~ Ертең күн шыға зузаға салып аттанып кетіңдер, күн бата атамның да демі таусылар. Мен ере алмаспын сендерге, үйден сүйек

АҚ ЕТЕК ///

Күнәсіз, пәк, адал. ~ Шынымды айтайын, сол кезде сен алдын болжайтын ақ етек ишан сияқты едің. Ал, қазір өртке қарсы жүгірген есалаң бала секілдісің. Ә.Нұрп. ~ Ержiгiт күлiп жiбердi: — Қайнатаңның атын айта бересiң, ә? — Е, айтпай, немене оны ақ етек әулие дейсiң бе? Жаман болсақ та, қызын… Б.Алд.

АҚ ЖАУЫН

Толассыз, ұзақ себелеп жауатын жаңбыр түрі. ~ Ақ жауын шатыр мен әйнекті тысырлатып, түні бойы себелеп шыққан-ды. Ә.Кек. ~ Және бұл жауын ауаны да құбылтпай, алыс көкжиекті де жаппай, суын да мөлшерлеп сепкен, момақан ақ жауын еді — селдіреп, сейіле түскен сұр бұлт арасынан ыдырай-шашылып күн жарығы да түседі. В.Рас.

АҚ ЕТЕК ИШАН (ӘУЛИЕ)

Қулық-сұмдығы жоқ, күнәдан пәк, әсіре діндар (негізінен кекесін ретінде қолданылады.) ~ Шынымды айтайын, сол кезде сен алдын болжайтын ақ етек ишан сияқты едің. Ал, қазір өртке қарсы жүгірген есалаң бала секілдісің. Ә.Нұрп. ~ Апырай де! Арғы тегімізде аты шулы ақ етек ишан болды, әулие болды, ақылы дана кемеңгер болды деп әншейінде көкіп көйлегіңе сыймай жүресің. Ә.Нұрп. ~ Ержiгiт күлiп жiбердi:— Қайнатаңның атын айта бересiң, ә? — Е, айтпай, немене оны ақ етек әулие дейсiң бе? Жаман болсақ та, қызын… —Төребай басын шайқап, керi шегiне берген ешкiнi мойнынан құшақтай алды. Б.Алд. ~ Жақында бір көріпкел сәуегей он бес жылдан кейін телегей теңізден сыңар тамшы қалмайды деп көкіп еді; кеше тағы бір сәуегей кітап ашқан ақ етек ишандай, бес жылдан кейін теңіз екіге бөлінеді деді. Ә.Нұрп.

АҚ ЖАҒАЛ

Кірлеп, күнге күйіп, бояуы тозған ақшыл түсті. ~ Портрет… Майлы бояумен салыныпты. Шаң басқан бетіне үңіле келіп, оның Таңатар ақын екенін әзер таныды. Тап-тақыр басы мен ұялы қара көздеріне шыбын қона-қона, ақ жағал тартқан. Д.Әш. ~ Ұлтарақ теріс айналған бетінде ешкімге ләм – мим деп тіс жармастан үйіне тартты. Қайтарда бұрындары тыр-тыр етіп әр үйге жарық берген электростанция – бүгіндері қабырғасы ақ жағал жемхананың қасымен жүрді. Қ.Түм. ~ Содан соң асынған қапшығыңның тер сіңіп ақ жағалданған белбеу-бауына бір қолыңды сұғып көтеріп, сосын екінші қолыңды басқасына іліп аласың да, көлге қарай аяңдайсың. Э.Хэм.

АҚ ЖАЗҒАНЫН КӨРЕРМІЗ

Тәңірдің бұйыртқаны болар. ~ Ажал жетсе, өлермiз, өлмесек, бiз келермiз.Еш шарасы болмаса, Ақ жазғанын көрермiз. «Бозжігіт».

АҚ БІЛЕКТІҢ КҮШІ, АҚ НАЙЗАНЫҢ ҰШЫ

Туған жерін қорғап қалу мақсатында жанкешті арпалыс, қырғын қантөгістерде көрсетілген теңдессіз табандылық, асқан ерлік хақында. ~ Қастың аты қас, сенің дос емес екеніңді Ташкент құшбегі білмей ме, басыңды име. Одан да өз керегіңді өзің көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен тартып ал. Сонда ғана жауың сеніменен санасады, ал қолыңды жайып, тізе бүксең, сені ол құл санайды. І.Ес. ~ Жаугершілік заманда қашанда батырлардың мерейі үстем, мәртебесі биік. Әз-Тәукенің өзі «Жеті жарғыда» қарулы сарбаздың бағын асырып кеткен. Бұл күнде азаматтың абыройы ата даңқымен емес, ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен өлшенеді. Қ.Жұм. ~ » Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен қорғаған осынау ұлан байтақ ұлы даланы өртке шалдырмай сақтаудан, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік туын берік ұстаудан асқан мұрат та, міндет те жоқ, — деп ойлады… С.Дос.