Әрдайым көңілді жүретін, ашық мінезді. ~ Жайшылықта Қайсар ақ жарқын, қайдағы жоқ қулықты, кейде тіпті ұйқаспайтын өтірік болса да айтып, адамның көңілін аша келеді. Бұ жолы олай болмай шықты. І.Ес. ~ Сөзінде мысал, мәтел көп. Шынын жайып салған ақ жарқын адам Советтің еркесі сияқты. Бәрін сырттан билеп-төстеп отыр. Ғ.Мұс. ~ Қаратай мына әйелдің аңқылдаған ақ жарқын мінезі мен ашық көңіліне риза болғандай сәл жымиып, үйге кірмей-ақ қойсақ кайтеді дегенді білдіріп еді, ол асаудай тулап шыға келді. Д.Ис.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АҚ ЖАРМА
Ниеті, пейілі ақ, көңілін кір шалмаған таза жан. ~ Вика секілді ақ көңіл, ақ жарма қыздар сенеді, бұған не дейсің?! Сенетіндігі сондай, Ақанды ұрлауға көмектескен. М.Қаб. ~ Аузын ашса, қолқасы көрінетін ақ жүрек жігіттің өзін бір көргеннен құлай сүйіп қалғаны да ақиқат. Кеудесінің қуысы, жүрегінің құлтасы жоқ ақ жарма ақын айтса лақ еткізіп ақтара салатыны аян. Ү.Жлк.
2. Сүт өнімі, құрттың бір түрі. ~ Бұл әңгімеге Әден ғана араласқан жоқ. Сары май жаққан үлкен ақ жарма құрттан бір кетіп алды да, ұзақ таусап отырды. М.Ал. ~ Қиыршық қар аспаннан жауған ақ жарма сияқты еді. Адамдардың бәрі тауық болып кетті деп ойлады ма, аспаннан әлдекім әлгі ақ жарманы жалықпай жайлап себелеп тұрған сияқты еді. Қ.Ысқ.
АҚ ЖАРЫЛДЫ
~ Бұндай азапты дұшпанның да басына бермесін. Не, көсіліп, жатып ұйықтау жоқ. Не, ақ жарылып бір күлу жоқ. Қылмысқа батқан адамдай қуыстанады да жүреді. С.Ел. ~ Ондай үн жоқ қой бұл өлкеде. Бет — ұшына қызылы теуіп ақ тісі сәл ашылып ақ жарыла күлді ғой Хансұлу. С.Ел. ~ Мына жағы Алматы, анау шеті Семей, ортада Қапал арқылы сауда жүргізіп, ақшаны да, алтынды да жамбасына басса керек, — деп Пышан ақ жарыла сөйледі. Б.Тоғ. ~ Аманбайға өзі сияқты қара шаруаның адамы, ішінде бүкпесі жоқ, ақ жарылып отыратын Әміртай жағып еді. Б.Тоғ.
АҚ ЖАРЫЛҚАП
Қуаныш пен молшылыққа кенелткен сәт. ~ Ақ жарылқап әдемі күн еді. Ақ көрпе жамылған Сарыөзектің даласы көз көріп, құлақ естір жерге дейін, әлемге жаңа жаратылғандай аппақ болып, кербез көсіліп жатыр. Ш.Айт. ~ Айналайын Тәңіртау! Ая мені. Кетіп қалды деп қарғама. Дүние осылай боз боран бола бермес. Түзелер. Жуанқұл мен Тасбеттер мәңгілік емес қой. Олар да тұғырынан таяр. Ақ жарылқап заман туып, азап қарыған арқамыз жылынар да жадырар. Ш.Мұр. ~ – Ой! Сіз де келдіңіз-ау ақыры! деп айқайлап жіберді ол мойнын бұрып, ақ жарылқап қуаныш үстінде орнынан тұра беріп. О.Бальз. ~ Неткен ақ жарылқап, неткен мамыр кеш! – деп Раймалы-аға атының жалынан сипайды. Ш.Айт.
АҚ ЕДІЛ КӨҢІЛ
Кіршіксіз таза, ізгі ниет. ~ Көрмеде бірқатар этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде пана болған қазақ еліне ақ еділ көңілін білдіріп, патриоттық өлеңдерін оқыды. БАҚ. ~ Бәрі де көтеріңкі көңіл-күймен кішкентай нәрестеге ақ еділ тілектерін жаудырып, ақ батасын берді. БАҚ
АҚ ЖАРЫЛҚАП КҮН ТУДЫ (ТУАР)
Шапағат-шаттығы мол, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, тоқшылық заман. ~ Ақ жарылқап күн туып, Екі бірдей ұл тапты. М-Ж.Көп. ~ Көшпенді өмірдің соңы сол болған шығар, өйткені қырық үштің қысында жұрт киіз үйлерінің сүйегін — керегесін, уығын отқа жаға бастады. Бұл жақсылық емес екенін біле тұра, бүгіннің өлмес қамын ойлады. Ертеңнен де үміткер: ертең соғыс бітер, ақ жарылқап күн туар, сонда киіз үй де табылар деген. Бірақ соғыстан кейін ешкім қайтып киіз үй тікпеді. Ш.Мұр.
АҚ ЕЗУЛЕНДІ
Көпіршіп, долыра жағаға ұмтылған ақ жал толқындар туралы. ~ Бүйірін тоса бергенде ақ езуленіп ұмтылған толқындардың бірі болмаса бірі киліге қалса…е, онда иманыңды үйіре бер. Ә.Нұрп. ~ Өзеннің шаппа жарына жеткенде ғана келіншек іркілді; толқын құтырына көпіршіп жағаны тепкілеп жатыр. Әлдекім мөп-мөлдір суға қарамай құйып жібергендей ауыр, ажарсыз. Ақ езулене өкіреді. М.Сүн.
АҚ ЖАУЛЫҚ
Әйел баласы, жұбай. ~ Ә, иә, атамыз қазақ: «Екінші байлық – ақ жаулық» деген, өзің білесің. Сен, інішек, соны ойлап көрші! Ғ.Қаб. ~ Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық. М.-М. ~ Біреуге денсаулық, біреуге ақ жаулық, ендігі біреуге мол саулық керек. Бәрінің байламы – Бақыт, айғағы – Уақыт. И.Сап.
АҚ ЕРКЕ
Қылықты, сүйкімді, пәк сезімді сұлу қыз. ~ Тарайды кеп, тарайды қауырсынын, Құм тұрса да бір түйір ауырсынып, Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! М.Мақ. ~ Әр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сәулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір кезде лепіріп бақ іздеп, албатыдан жар іздеген көңілі ақ ерке сұлу тауып, байызданған. О.Бөк.
АҚ ЖАУЛЫҚТЫ
Қазақи салт-дәстүрге сай жаулық таққан, абыройлы, сыйлы әйел баласы — апа-ана, әже, бәйбіше, келіндер. ~ Қазірдің өзінде ауылдың ауасын, даласын аңсап тұрамын. Сондағы көненің көзіндей қарт Ордабасы, ондағы қариялар мен ақ жаулықты аналар көз алдымнан бір сәт өшкен емес. Ә.Ысқ. ~ Мұндайда кейде сонау құлдыраған балалық шақ еске түседі. Бала кезде үйге ақсақал–қарасақал, ақ жаулықты әжелер қонаққа келсе, бір ғанибет еді. Ж.Аяз. ~ Е, тәйір деген… Жер үстіндегі ақ жаулықтының мұңы бір емес пе. Қ.Жұм. ~ Ақ сақалды ата, ақ жаулықты әже, иманжүзді әке, мейірлі ана… Тұлымы желбіреген ұл, жүзін күн қаққан бұрымды қыз… Д.Рам. ~ Сәске түсте үлкен алаң араның ұясындай құжынап кетті. Жастар арасынан ақ сақалды қариялар да, ақ жаулықты бәйбішелер де қылаң беріп жүр. Б.Тоғ. ~ Ертең күн шыға зузаға салып аттанып кетіңдер, күн бата атамның да демі таусылар. Мен ере алмаспын сендерге, үйден сүйек
