АЙЫПҚА ҚОЙМА

Кінәлама, ренжіме, түсіністікпен қара д.м. ~ Біз мына тас қорамызға кеше ғана көшіп келіп, жылы үйімізге кіре алмай, шошала үйімізде ұры-қарыдан сақтанып, бірді-екілі сиырымызды да осында байлап отыр едік. Айыпқа қоя көрме, — деп өтініш айтып, бір тоқтысын сойып, барымен күтеді. С.Бег.

АЙЫПҚА САНАДЫ

Қылмысқа, күнаға балады. ~ Серғазының ауылынан қашып шыққанында да Байтабын есінде болған шығар, бірақ өзгермейтін жан бар ма, ерлікті, атақты қадір тұтатын қазақ дәстүрі мұны да өзгерткен болар. Оны айыпқа санау қылмыс емес пе? І.Ес.

АЙЫПҚА ТАРТТЫ (ТАРТЫЛДЫ)

Әлдебір ісі үшін жаза салынды, кінә тағылды.~ Не деген ұят, қандай өкініш! Қосалқы атын айыпқа тартқаны батырдың көңіліне дақ қалдырмай жұбатар ма, жоқ па! Ғ.Мүс. ~ Қазіргі жағдайды салмақтап қараса, аманжанның сөзін де теріс дей алмас еді. Не істеу керек мұндайда? Жан бағып ауылға тайып тұрса, неге келдің деп айыпқа тартпас. О.Бөк. ~ Айтқанымнан қайтқан емеспін! — Егер қайтсаң айыпқа тартылатыныңды ұмытпа! Қ.Ысқ.

АЙЫПТЫ МОЙНЫНА АЛДЫ

Тағылған айыпқа келісті, кінәсін мойындады. ~ Логинов түнде ақшаны қалаға апарып жытырды, Мәметке өлсең аузыңнан шығарма деп шегелеп, тергеу болғанда, өзі айыпты мойнына алып қараңғы үйге қамалды. Ж.Айм.

АЙЫП-ШАМ КӨРМЕДІ

Кінәлаған жоқ; кешіріммен қарады. ~ Алғашқыда Әріп: «Бұл күнде қойды біз үшін соя ма? Сонда қалған етін қайда жібереді? деп жүрді. Кейін оның басты қасаптан алатынын байқады. Бірақ, бұны Әріп айып-шам көрмеді. Т.Әл.

АЙЫП-ШАМЫ ЖОҚ

Оғаш емес. ~ Мәселен, жандаралдың өзіне де бере алада. Және соларға берсе, сондай орындарға арыздар түсірсе, дұрыс бола ма екен, тақсыр?! «Өзіңізге бағынышты халқыңыздың тап ортасында бүлдіріп отырған осындай бұзақы адам бар» деп, содан көрген қорлығымызды айтсақ, айып-шамы жоқ па екен?!— деп сұрады. М.Әу. ~ Ал уақыт өте келе көзқарас өзгеріп, жағдай басқа әуенге түскен уақытта федеративті демократиялық республика идеясына ауысудың еш айып-шамы жоқ. К.Ахм. ~ Құла дүзде, иен далада Мәлік малайдан «өзге еркек кіндікті жоқ» екені рас болса, одан құпия жасаудың еш айып-шамы жоқ. Т.Жұр.

АЙЫР КӨМЕЙ

Қас шешен, тілінен бал тамған жез таңдай ділмар. ~ Алтынжан, сен де Керей мен де Керей, Ән салсам бүлкілдейді айыр
көмей! Алтынжан, домбыраңды маған берші, Тағы да істеп берер арық Керей. Біржан с. ~ Баянауыл топырағы талай-талай
айыр көмей шешен, әншілер, ақындар, композиторлар, жазушылар, ғалымдар, өнегелі өнерпаздар туғызған-ды. Н.Бая. ~
Толыбай сыншы арқадағы Керей руының басшысы, атақты әскер басшысы болған. Сонымен бiрге ол … айыр көмей, жез
таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын дейтiн адам болған. Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ
халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр деп атанған. Ж.Шәк.

АЙЫР КӨМЕЙ, ЖЕЗ ТАҢДАЙ

Сөзге жүйрік, қызыл тілдің шешені. ~ Толыбай сыншы Дәулен ұлы (1603 —1681 жж.) өз тұсында Арқадағы керей руының
басшысы, атақты әскер басы болған. Сонымен бірге, ол алдағыны болжайтын көреген, адамды да, атты да, құсты да
сынайтын сыншы, қара қылды қақ жарған әділ би, айыр көмей, жез таңдай шешен адам екен. Н.Әбу. ~ Толыбай сыншы …
айыр көмей, жез таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын дейтiн адам болған. Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай,
қарақалпақ халықтарының бiрiккен әскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр деп атанған. Ж.Шәк. * «Оқып та қалған қыз екен,
заң-законге жүйрігі-ай, сабаздың!», «Айыр көмей, жез таңдай деген осы шығар! Шешені-ай, шіркіннің! Сөйлегенде судай
ақтарылады, ерні ерніне жұқпайды! С.Мұқ.

АЙЫРЫП АЛҒЫСЫЗ

Өте ұқсас, бір-бірінен аумайды. ~ Ауыздағы үлкен бөлмеде бес кісі отыр. Үстерінен жол бойы әбден сіңіп үлгерген қырдың ауыз қуырар ащы шөбінің исі аңқиды. Үшеуі – бірінен бірі айырып алғысыз сыптығыр қара. Ә.Кек. ~ Қай жағынан қарасаң, айырып алғысыз, күлгінді — жасыл жібектен көздің жауын алдыра кең шалып, бос төгіп тіккенде нұр жайнайды. Ж.Ахм. ~ Өзінің қай ұлт екенін сайтан білсін, жебірей ме, әлде сыған ба, айырып алғысыз, бәлкім, негр мен ақ нәсілді біреудің қоспасы шығар. А.См.

АЙЫ-КҮНІ ЖЕТТІ

1.Әйелдің толғағы келді. ~ Айы-күні жеткен келіншегі әйелдер босанатын үйде жатқан. Г.Сейт. ~ Айы-күні жетіп отырған нағашы жеңгесін астыққа таластың деп, астық іздейтін істік таяғымен түйрепті. Б.Тоғ. ~ Осылайша патшайымды өзіне әйел болуға көндіреді. Патшайым айы-күні жетіп шекесі торсықтай ұл туады. Т.Әс.
2. Пісіп-жетілді. ~ …ай-күні жеткенде бармақтай-бармақтай балақайлар құм-жөргекті тесіп шығып, …тіке теңізге қарай асығар. Ш.Мұр.