Әлдебір айыбының, кінәсінің құнын өтеді. ~ Қырық ноқта дегені – жігіт қырықта толығып болады дегені. Алпыс арқан бер дегені бұл күнде арқандаулы ат болдың деген сөзі, – депті. – Жетпіс шідер бер дегені – енді он жылда жетпіске шығасың, сонда шідерлеген аттай боласың, деген сөзі еді. Соның үшін мен қыздан жеңіліп, оған айып-анжы, сый беріп жөнелттім. Енді балама әперіп, келін етемін, – деген екен хан. БС. «Балықшы шал…» ~ Жол бойындағы осы бірталай ауылдардың атқамінер адамдары Қарқаралыда дәл қыс ішінде Құнанбай алдында болып, дау-шарын бітіріп қайтқан екен. Ақы төлеуін, айып-анжысын алып, есебін айырып, егескен жерлерінен Құнанбай арқылы өш алғандары да бар екен. М.Әу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЙЫҚПАС ДЕРТ
Шипасы жоқ ауру, жаман әдет. ~ Осы сөздерді естігенде, Демежанның да жүрегі сыздап, ауырып кеткендей болды. Неткен
ұқсас хал еді?! Дәл мұның басындағы мұң ғой — Әсеттің де айтып отырғаны. Құлғанадай қуып, қайда барсаң құтқармайтын
неткен айықпас дерт еді?! Қ.Жұм. ~ Адам өмiрi құнсызданған кедей елдерден гөрi төрт құбыласы түгел дәулеттi елдерде
адамдардың өзiне-өзi қол салу әрекеттерi көп дейдi. Себептерi әртүрлi: айықпас дерт, алданған махаббат, адасқан арман,
түзелмес тұрмыс т.с.с. Т.Әбд. ~ Менің ата-бабаларым да, елдігі мен ездігі қатар жүретін кәдімгі пенде болып қана өтті ме
өмірден? Олардың ұрпағы да солай бола ма? Бүкіл адамзатқа шыр етіп жерге түскеннен жабысып, ақырзаманға дейін алып
барып, түбіне жететін айықпас дерт осы ма? Е.Әл.
АЙЫПҚА АЛДЫ
Жасалған қылмыстың өтемі ретінде айыптының малын не әлдебір мүлкін тартып алу. ~ Дұрыс айтасың, Ұлпан… Қожықтың жіберген адамына дүре соғып, атын айыпқа алып, өзін жаяу қайтарса, ол Сибанның неге болса да бел байлағаны ғой! Ғ.Мүс. ~ Көктемде судан қалып, шөже болып біткен бір бөлек тарысына жайы жүрген өзі. Ақыры Қылышбайды аяғына отырғызбай, бір үйір жылқысын айыпқа алды… З.Шүк. ~ Артықбай батырға тізе көрсеткендей болып келгеніміздің өзі қандай айып! Қызының атын айыпқа алып қалғанымыз екінші айып. Арыз айта келген қыздың атын айыпқа алып қалғанымыз айып біткеннің ішінде ел естімегені болар! Ғ.Мүс.
АЙЫҚПАС ПӘЛЕГЕ ДУШАР БОЛДЫ (АЙНАЛДЫ)
~ Реформашылардың әлегінен енді құтылдық па деп жүргенде, император сарайы тағы бір айықпас пәлеге душар болды. Қ.Жұм. ~ Боранқұлмен астасып, екі бірдей ту қойды сойғызғанын, оның бірін ауызбасытқы үшін өзіне бергенін Айдакең айдай әлемге жамыратып айтып саларын, айтып салса айықпас пәлеге айналарын Тілеукелді ол кезде қайдан білсін?! Ғ.Біл.
АЙЫЛ-ТҰРМАН ТАҒЫНДЫ
Алыс жолға, үлкен сапарға сақадай сай болып, әзір тұр. ~ Ер үйірін сағынса, айыл-тұрман тағынар. М-Мәт. ~ Айыл-тұрман тағынып, Туған елін сағынып, Ақбөрте тұр желіде, Артқы аяғын қағынып. Д.Баб.
АЙЫЛ-ТҰРМАНЫН ТАРТТЫ
Жолға шығуға әзірленді. ~ Кім ұғар бізді? Тұлпар үйірін сағынса жер тарпыр, адам дос-жарын сағынса атын ерттеп, айыл-тұрманын мықтап тартып, жолға шығар. Ә.Әл.
АЙЫЛЫН ЖИМАДЫ
АЙЫЛЫН ЖИМАДЫ
Қымсынып-қымтырылмады; оғаш мінезін көрсете берді; райынан, бетінен қайтпады. ~ Айылын да жиған жоқ, сықақ қылған кісіше мырс етті: – Ей, байғұс, белетіңді бетке ұстап қоқиланғың келді ме? Сонша қоқиланғандай қанша білімің бар? Қандай тұтынған жолың бар? Ж.Айм. ~ Сырлы тостағаннан сыздықтатып айран жұтқан Сұржекей бұның кіргенін көзі шалса да айылын жимады. С.Ел. ~ Бірақ, ауыл бұл маңайдан екі-үш шақырым жерде еді. Нұртай айылын жиған жоқ. Алыстан айбат шеккені болмаса, иттер де ұмтылмады. З.Шүк. ~ … Ендеше неге аңдап сөйлемейсің? » деген жіңішке тұспалды жеңіске жетіп оншалық жетіспеген, қанағат таппаған Нартуған тез түсінді. Бірақ солай екен деп бұл айылын жиған жоқ. О.Сәр.
АЙЫЛЫН ТАРТТЫ
1.Жолға дайындалды. ~ Олары дұрыс болған екен, – деп, айғырдың айылын тартып жатқан жылқышыға таянған Қарасай ішкі қалтасынан етектей күмәжнек шығарды. С.Жүн. ~ Сайдалы оның бұл сұрауды не оймен бергенін де, өзіне не үшін күле қарап тұрғанын да аңғарған жоқ, атының айылын тартып болып бата тілегелі алақанын жая бере: — Текежанды қуамын,— деді. Ә.Әб.
2. Адуынын басты, жөнге келді. ~ Бұл жақсылық емес. Салдақымен шатасып несі бар? Ел- елге өсек тарап кетпей тұрғанда, ағаңның айылын тартқаның жөн… Жүгенсіз кеткен ағасына Әбділханның зығырданы әлдеқашан қайнап жүрген. Ш.Айт.
АЙЫН АСПАНҒА ШЫҒАРДЫ
Көтермеледі, атын әйгіледі, мәртебесін биіктетті. ~ Күні бойы ауылдың балалармен бірге өзен жағасында ойынның айын аспанға шығарып, үйге оралса, анандай жерде бір көк қасқа самосвал қаңтарулы тұр екен. Т.Сәу. ~ Ғылымның айын аспанға бір шығардым деп мақтанса, Асекең-ақ мақтансын. Т.Сәу.
АЙЫП ЕМЕС
Кешіруге боларлық кінә, жаңсақтық туралы; әбестік емес д.м.
~ Адасқан айып емес, қайтып үйірін тапқан соң деуші еді. Таптым үйірімді. Ғ.Мұс. ~ Базаралы өз ойының тағы бір ұшығын таратып кетті. Енді Ерболға қарап сөйлеп отыр. — Көшкен айып емес дегің келеді. Өзгені қояйын, кеше «недоймке», «қарашығын» жиғандар кімге топалаң боп тиді? М.Әу. ~ Соғыс кезінде «Мосфильм» Алматыға көшіп келген. Атақты «Броненосец», «Потемкиннің» авторы, кинорежиссер Сергей Эйзенштейнді сіздер білесіздер. Ал оның қызмет орны «Мосфильм» екенін, Алматыға ол да кешіп келгенін білмеулеріңіз айып емес. Б.Соқ.
