АЙТҚАНЫНАН ШЫҚПАДЫ

Біреудің сөзін екі етпеді, бағынышты болды. ~ Бұл хандар шамалары келгенше елді дұрыс басқаруға тырысқан және Алтын Орда хандарының айтқанынан шықпаған. Өздерін Алтын Ордаға бағынышты санаған. І.Ес. ~ Тұрған аға папамның айтқанынан шықпайды. Ол оның шабарманы… мені папамның атынан деканға барып босатып алған сол. С.См.

АЙТҚАНЫҢ АҚ БОЛСЫН!

Біреудің сөзіне, шешіміне ризашылық білдіру. ~ Абай кесiгiне екi шал қуанғаннан үн қата алмай, тек iштерiнен ғана сыйынғандай. «Я сәт, әумин! Айтқаның ақ болсын!»– десiп отырған. М.Әу.

АЙТҚАНЫҢ КЕЛСІН!

Ақ тілек, алғыс; аузыңа май д.м. ~ Айтқаның келсін. Енді сегіз айда Ақнар аман босанып, бір қазан бас ұл тауып берсін! Шілдеханасында осы ақындар түгел болсын! Ғ.Мүс. ~ Балаларың аман-есен. Аяқтары үзеңгіде. Құдай қаласа, келіп қалады. Қанжығасы тоқ. Соған қарағанда олжалы-ау деймін, – дейді. − Айтқаның келсін, Гүлсім жеңеше-ау, – деп Айша қуанып қалады. Ш.Мұр.

АЙТҚЫЗБАЙ ІСТЕЙДІ, АЙТАҚТАМАЙ ТІСТЕЙДІ

Қожайынының ойын қас-қабағынан танып, кез-келген әмірін айтқызбай-ақ орындап үйренген құлдық мінез туралы. ~ Келе-келе ол иесінің ыңғайын танып, айтқанына үретін адал иттей осы үйдің қорғанына айналған. Қай іске де тындырымды, ылдым-жылдымы мол, батыл, жылпыс, тентексоқ жігітті Итбай іштей жек көрмейтін. Ол тұрғанда малы түгел, шаруасы бітік. Айтқызбай істейді, айтақтамай тістейді. Ү.Жәлек.

АЙТҚЫЗБАЙ-АҚ БІЛЕДІ

Біреудің ойындағысын емеурінен-ақ танып, орындайды. ~ Тіпті ертеңгілік атасының атын ұстап әкелу, өзеннен апасына су әкеліп беру, тамақтан соң ыдыс-аяқты жинастырып, жуа салу сияқты жұмыстарды айтқызбай-ақ, өзі біліп орындайды. К.Сег.

АЙТҚАНЫ ЕМ БОЛМАДЫ

Айтқан ақылы аяқ асты болды; еленбеді; көкейіне қонбады, пайдасыз болды. ~ Ағасы Өрденге жеткізіп те, таусылып та айтты және шынын айтты. Шынымен-ақ Күпшек түнеріп алды да, тілазар ініге айтқаны ем болмаған соң, қайта жақ ашпады. Б.Қыд.

АЙТПАДЫ ДЕМЕ

Ескерттім, есіңде болсын деген мағынада. ~ Сен мені бір қатерден құтқардың, – деді ақыры Нұрбек жұқа еріндерін жымқыра түсіп. – Рас. Мен де осылай істеген болар едім… Бірақ… айтпады деме… түбі сені әшкере қылатын адам мен боламын. Т.Әбд. ~ Неге біздің бүркеншек аты-жөнімізді жазғызасың! Айтпады деме, бізге бірдеңе болса өзіңнің көзіңді біз-ақ жоямыз. Компанияға басында қатыстың ба, өлгеніңше сонда болуың керек! Ә.Ысқ.

АЙТҚАНЫ ЖӨН

Сөзінің жаны бар, біліп айтып тұр д.м. ~ Осы үйде сүтті судай ағызып, майды таудай үйіп қойып отырған кім? Тоғай! Қой, қарағым, менің ақылымды тыңдасаң, осы апамның айтқаны жөн, қолқасы заң! Ә.Тар. ~ Сол Махамбет келген түнде де, таң атқанша ұзақ толғанды. «Махамбеттің айтқаны жөн. Артындағы елдің бірлігін діттеп, сол елмен бірге ханға қарсы аттану керек. Хан ордасын шапсақ, патшасын тағы көріп алармыз!» деп түйген. М.Әбд. ~ Нүркеннің айтқаны жөн, ‹‹Нүркен үшін бақыт іздеймін›› деп айтқан өтінішім бар еді. Бүгіннен бастап қарындасым деп ел аралап, жер кезіп жүріп, оның бақытын өз көзіммен көріп отыруға мен де разымын, ـــ деді Шөке иығын көтере. Б.Жұм.

АЙТСА, АЙТҚАНДАЙ

а). Көңіл толарлықтай екен; расында да мақтауға тұрарлық екен д.м. ~ Ол кісінің бойындағы қайрат, қажыр арғы бабасы Бөлтірік батырдан ауысқан деп ауылдағылар айтып отыратын. Айтса айтқандай, ол кісі әйел болып үй қыдыру, өсек айту дегенді білмейтін, тек істің, шаруаның адамы еді. Б.Тоғ. ~ Ұзын сөздің қысқасы, біз ат басын тіреген үй айтса айтқандай, кім екенін тақадай ұқыптылығымен-ақ көрсетіп тұрған тұғын. З.Нұрт.
ә). Біреудің айтқаны, жорамалы дәл келді. ~ …Айтса айтқандай, қонақтар қараңғы түсе келді. Б.Тоғ. ~ «Қожабектің баласы Болат оқуға алғыр екен, мұғалімдердің өздері қаймығатын көрінеді»,- деуші еді. Айтса айтқандай, институтты айрықша дипломмен бітіріп келді. Т.Әб.

АЙТА-АЙТА ЖАУЫР БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Бұл тақырыптағы әңгіме көп айтылып, адамды мезі қылды.
~ Айта-айта жауыр болған мәселе дерсіз. «Айқын». ~ Әлеуметтік желілерде кейбір блогшылар «Тіл мәселесі – айта-айта жауыр болды, қазақ журналистері тілден басқаны жаза алмайды » деген пікірлер айтады. «Айқын». ~ Неге? Әминаның жырлап отырғаны біз айта-айта жауыр қылған, кинолардан көріп көзімізді ала қашатын махаббат емес. Ж.Жай.