АЙТАҚТАҒАНҒА ҮРІП, АЙДАҒАНҒА ЖҮРЕДІ

Біреудің айтқанынан шықпайтын, жат десе жатып, тұр десе тұрып дағдыланған бишаралық жөнінде. ~ Қой, қалқам, мені соншалық айтақтағанға үріп, айдағанға жүретін сорлы санама. Біле білсең, өз басымның еркіндігі – өзімде. Тек ар-ожданым алдында ғана тізе бүге аламын. О.Бөк.

АЙТАҚТАП ҚОСТЫ

Біреуге қарсы айдап салды; жұмсады. ~ Келесі жолы үй маңынан ұзаңқырап кеткенінде айтақтап күшік қосты. М.Мағ.

АЙТАРҒА СӨЗ ЖОҚ

Бәрі айтылды, уәж қалмады; айтар сөздің мәні жоқ; айтып-айтпай не керек. ~ Айтарға сөз жоқ, бүгін 2013 жылға Еуропа біріншілігінің іріктеу ойынында біздің ұлттық құрама қыздары неміс қыздарынан ойсырай ұтылды. БАҚ. ~ Қысқы даланың кәусардай тұнық ауасын қалай ұмытарсың: бұлғын ішіктің ішінен тінткен ызғар, жұқа қоныштан балтырыңды қысқан аяз, тұңғыш рет тұмса қолмен жылы қолғаптан суырып алып, сүйсіне қысқан қыздың ыстық алақаны, ал алакөлеңкеде жылт-жылт ұшқын атқан қыз жанарын айтарға сөз жоқ! И.Бун.

АЙТАРЫ ЖОҚ

Айтсаң да, айтпасаң да, ақиқаты осы; өте жақсы, мақтауға тұрарлық. ~ Айтары жоқ, шырақпен іздесең таппас керемет сурет. Былайша айтқанда, нағыз алтын күз. Ә.Асқ. ~ Айтары жоқ, ауылдарыңыздың таңы әдемі, тіпті, аса ғажайып көрінеді. Ж.Шағ. ~ Мынау егінің сұмдық қой, шырағым–ау! – дейді келген адам жан–жағына күн сала қарап: – Түу! ─ Егіннің айтары жоқ! Т.Әб.

АЙТҚАН СӨЗ ҚҰЛАҒЫНАН АҒЫП КЕТЕДІ

Айтылған сөзді ұқпайды; ұмытып кетеді; елемейді не мән бермейді. ~ Жалпы Елекеңнің ерекше қасиеті, оған сөз дарып көрген жоқ. Оның бір құлағынан айтқан сөз екінші құлағынан ағып кетеді. Б.Қыд.

АЙТҚАН СӨЗІМ — ҚАҚҚАН ШЕГЕ

~ Анау екеуі бір-біріне қабақ астынан үнсіз қарасып, бас изесті. – Біз келістік, – деді қабағы салбыраған бұқа көздісі. – Кейін айнып қалмасаң болды! – Қазақ екі сөйлемейді. Айтқан сөзім – қаққан шеге! Т.Сәу.

АЙРАНДАЙ ІРІТТІ (ІРІДІ)

Берекесін кетірді, шырқын бұзды. ~ «Әттең, әне бір заман болғанда ит жеккенге айдатар едім» – дей берді де, «ит жеккен демекші» деп аяқ астынан өз сөзін өзі айрандай ірітіп, әңгімені ит жөніне бұрып жіберді… Ә.Нұрп. ~ — Жақыныңды жат, татуды араз қылған заман… Күні кеше уыздай ұйып отырған ел едік… Жаңа өкімет айрандай ірітті… Үлкенді кіші, кішіні аға сыйлаудан қалды… Б.Тоғ. ~ Іле айрандай іріп, әлем-тәпірігі шыққан бұның бетіне қарап шошып кетті: біреуді тонап келді деп ойласа керек. Т.Сәу.

АЙТҚАН СӨЗІНЕ ЖЕТТІ

Уәдесінде тұрды. ~ Тілеужан болыс айтқан сөзіне жетіп, жаз ортасында жалпақ той жасап, үйіне алты қанат ақ орда тіктіріп, ақтылы қойын айдатып, күш– көлігін сайлатып, көш соңына сүтті аруана, бота– тайлағын қоса тіркеп байлатып, Ақлиманы ырғалтып– жырғалтып ұзатты. Ү.Жәл.

АЙРЫҚША (ЕРЕКШЕ) КӨҢІЛ БӨЛДІ (АУДАРДЫ)

Әлдебір жағдайға төтенше мән беріп, бақылауға алды. ~ 1840 жылды Усларды Кенесары көтерілісін бақылауға жіберген. Бірақ ол қазақ тұрмысын зерттеуге айрықша көңіл бөледі. Ә.Мар. ~ …бір кездері жазатын әңгімеме керек болып қалар екен-ау деп, оған айрықша көңіл бөліп, тіпті жасанды түрде болса да, оны мұқият бақылауым қажет екен деп, әсте ойлауға болмайды. К.Пау. ~ Серіліктің бас шарты сұлу киіну болса Ақан оғанда ерекше көңіл бөлген. Ә.Марғ. ~ Бұл сияқты мәні зор саяси мәселеге бюро мүшелері мен кандидаттары ерекше көңіл аударуын сұраймын,— деді Дәулетов. Х.Ес.

АЙТҚАНҒА КӨНБЕДІ

Тіл алмады, біреудің жөн сөзін құлаққа аспады. ~ Айтқанына көнбесең, түбіңе жетпей тынбайды. Осындай жаудың алдында тұрып, хандарың үшін отқа түсіңдер, ханның абыройы үшін бірің қалмай қырылыңдар десем, онда менің кім болғаным? Т.Әс. ~ … Деп алып, бермеді, Қолын бір сермеді. Айтқанға көнбеді, — Бұл саған кең!— деді. Қ.Мырз.