Әлдебір жағдайға төтенше мән беріп, бақылауға алды. ~ 1840 жылды Усларды Кенесары көтерілісін бақылауға жіберген. Бірақ ол қазақ тұрмысын зерттеуге айрықша көңіл бөледі. Ә.Мар. ~ …бір кездері жазатын әңгімеме керек болып қалар екен-ау деп, оған айрықша көңіл бөліп, тіпті жасанды түрде болса да, оны мұқият бақылауым қажет екен деп, әсте ойлауға болмайды. К.Пау. ~ Серіліктің бас шарты сұлу киіну болса Ақан оғанда ерекше көңіл бөлген. Ә.Марғ. ~ Бұл сияқты мәні зор саяси мәселеге бюро мүшелері мен кандидаттары ерекше көңіл аударуын сұраймын,— деді Дәулетов. Х.Ес.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЙТҚАНҒА КӨНБЕДІ
Тіл алмады, біреудің жөн сөзін құлаққа аспады. ~ Айтқанына көнбесең, түбіңе жетпей тынбайды. Осындай жаудың алдында тұрып, хандарың үшін отқа түсіңдер, ханның абыройы үшін бірің қалмай қырылыңдар десем, онда менің кім болғаным? Т.Әс. ~ … Деп алып, бермеді, Қолын бір сермеді. Айтқанға көнбеді, — Бұл саған кең!— деді. Қ.Мырз.
АЙТА БЕРСЕҢ
Шындап келгенде; бұл әңгіменің бер жағы ғана деген мағынада. ~ Қасиетті кітапта: «Алдымен өзіңді жарылқа, сонан соң барып қана өзгеге қол ұшын бер». Айта берсең, адамның оңы мен солы іспетті керағар, қайшылас тіршілік. Ж.Аяз. ~ Дәурен-ай, айта берсең кеп қой тарих, Көргем жоқ кісі күндеп, кек қайтарып… Ғ.Қай. ~ Арбамды тоқтата салып, таңғы атырапты тамашалап қарап тұрмын. Осы бір сәт жер үстіндегі ең бақытты, ең күшті, айта берсең ең сұлу адам мен едім. Ш.Айт.
АЙТҚАННЫҢ АУЗЫ ЖАМАН
Турасын айтқан адам ешкімге ұнамайды д.м. ~ Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман, — деді енді көптің алқалауымен орнынан көтерілген денелі қара жігіт. К.Ахм.
АЙТА КЕТЕРЛІК НӘРСЕ (ЖӘЙТ)
Есте ұстарлық мәселе, көңіл аударарлық дерек. ~ … айта кетерлік нәрсе, аталмыш король арбау арқылы қарғаға айналдырылып жіберілген еді, сол арбаудан әлі арылған жоқ… Серв. ~ Айта кетерлік жәйт, мекенжай анықтамасын алу электрондық үкімет порталының ең жиі қолданылатын қызметі болып табылады. БАҚ.
АЙТҚАНЫ АЙДАЙ (АЙНЫМАЙ) КЕЛДІ
Айтқан болжамы айна-қатесіз орындалды. ~ Есіктен сыбдырсыз кірген әлгіндегі Жорабай деген күлім көз, жорға жігіт: «ә, айтқаным айдай келді ме?» дегендей бір жымың етіп, бастықтың кабинетіне қарай өтіп кетті. Т.Сәу. ~ Күндердің бір күнінде, дәлірек айтсақ, арада аттай үш жыл өткенде, Баба түкті Шашты Әзиздің айтқаны айдай келіп, тұлымы желбіреген бір қыз дүниеге келді. А.Сей. ~ Ол кісінің айтқаны айнымай келді. «Бірдеңені бүлдіріп алма»,– деп еді, бүлдіріп тындым. М.Қаб.
АЙТА ҚАЛАРЛЫҚТАЙ
Елеулі; әжептәуір, көңіл аударарлықтай. ~ Сөйте– сөйте Түгел тұтас жиырма жылын тонатып үлгерген. Әйтеуір есесіз емес. Өткен күннің өз белгісі, айдың айта қаларлықтай жетістігі, жылдың жаңалығы болып тұратын. Ү.Жәл. ~ Міне, жас семьяның күнделік тұрмысы осылай өтіп жатады. Неге екені белгісіз, бұлардың күнделікті өмірінде айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Б.Бұл. ~ Жасөспірім шақтарында айта қаларлықтай жақындықтары болмағанмен, жігіт жасына жеткен кездерінен қанды көйлек дос санасып кеткен. І.Ес.
АЙТА-АЙТА АУЫЗЫ УЫЛДЫ
Бір айтқанын қайта-қайта айтып, әбден шаршады. ~ … е-е-е… көп қой, көп, — сол азабына құлақ қоюға тиіс шенеуніктерге айта-айта ауыздары уылған соң, «ақиқаттың ауылы» деп парламентті іздеп барып, өздері сайлаған депутаттарға хал-жағдайларын қалжырағанша айтқылары келсе де, сұлу ғимараттың сұсты күзетшілері ішке бас сұққызбайды. Ғ.Қаб. ~ Сенен бұрынғы төрт әкімге де, саған да айта-айта аузымыз уылып, тіліміз ісіп, жағымыз қарысып қала жаздап жүр. Ғ.Қаб.
АЙТА-АЙТА ЖАУЫР БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)
Бұл тақырыптағы әңгіме көп айтылып, адамды мезі қылды.
~ Айта-айта жауыр болған мәселе дерсіз. «Айқын». ~ Әлеуметтік желілерде кейбір блогшылар «Тіл мәселесі – айта-айта жауыр болды, қазақ журналистері тілден басқаны жаза алмайды » деген пікірлер айтады. «Айқын». ~ Неге? Әминаның жырлап отырғаны біз айта-айта жауыр қылған, кинолардан көріп көзімізді ала қашатын махаббат емес. Ж.Жай.
АЙРАН КӨЗ
Нұры тайған, алара ақиған көз. ~ Сөйлесу-мөйлесуіңді білмеймін би, – деді Есеней үлкен айран көзін шатыната қарап, – айтқаным айтқан. С.Мұқ. ~ Бұрын шырқау биікте – көк зеңгерде қалықтап жүріп жер бетіндегі түймедейді жазбай танитын қыран көзді Қараторғай енді тап алдындағыны шырамыта алмайтын айран көз қариядай жерге қайта-қайта үңіліп, мойнын созады. С.Жүн. ~ Мына, арыздарыңның бәрі қып-қызыл өтірік болып шықты ғой! Кәрім айран көзімен алайырна бір қарады да: ― Мен саған «өзің көр, өзің біл» дегеннен басқа не айттым? Б.Тоғ.
