АЙРАН-АСЫРЫ ШЫҚТЫ

Таң-тамаша болды. ~ – Немене, төрешiге жолығып келе жатырсыңдар ма? – Бұл ләмнiң мәнiсiн түсiне алмаған ана одан сайын айран-асыры шыға аңтарылды. Ә.Ыб. ~ Аяқ астынан айран-асыры шықты, өйткенi, бұл Сапар екенiн түпте отырып-ақ жазбай таныды. Ә.Ыб.

АЙНАЛАСЫНА (ТӨҢІРЕГІНЕ) ҚЫДЫРА ҚАРАДЫ

~ Бүгін шалқымаған, қуанбаған қазақ- қазақ бола ма?- деп, айналасына қыдыра қараған. Т.Рыс. ~ Жә, ол кісінің Кеңес үкіметіне жағатыны қалай?– деп сұрады Ираннан келген діндар Мұхаметкерім. Алакөзімен айналасына қыдыра қарап қойып. – Қайдан жағады? Қылмысы басынан асып атылып кетті… Т.Рыс. ~ Таңғы тәтті ұйқылары осылай ашылған жұрт арасынан кең маңдайлы қыр мұрынды қой көз толқынды қара шашты ақ құба жігіт төңірегіне көз қыдыра қарады, көзінің оң жақ астындағы әдемі меңі мен мұрнының ұшына аумай салынған құс шоқығандай қара қалы жарасқан ол сөз бастап… Н.Абд.

АЙРАНДАЙ АПТАП, КҮБІДЕЙ КҮПТЕП (ПІСІП)

Ойына келгенін істеді, өзін емін-еркін сезінді. ~ Жаным-ау, айрандай аптап, күбідей күптеп болды ғой. Жуантаяқты қуды. Әнеттен алатынын алды. Енді кім қалды? – деді Сүйіндік. М.Әу. ~ Бірақ табиғатынан жуас, кісі бетін қайтарып көрмеген ол кешегі айрандай аптап, күбідей пісіп, өз үйінде тайраңдап жүрген жігіттің бұл әбестігіне налып, пәлендей мән бермеді. О.Бөк. ~ Ұзақ жыл ақ дәніңді сапыртып, қоймаңның кілтін ұстатқанда, менен бір есеп алып көрдің бе екенсің. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргенім қайда ен байлықтың ортасында?! «Ас ұстағанның азабы қатты» дейді. Қайта ала жібіңді аттаған жерім болса, сен кеш мен бейбақты… Қ.Жұм.

АЙНАЛДЫРҒАН АУРУ

Бойға сіңген, тамырын тереңге жіберген кесел. ~ Патша мен жұрт арасы сондай ашылып болды. Патша қанша сірескенмен айналдырған ауру алмай қоймайтын шығар». Жаяу Мұсаның осындай саяси терең ойларға көңіл қоюы, оның көзі ашық дүниені бірталай таныған, саңлақ кісі болғанын сипаттайтын дәлелдің бірі. Ә.Мар. ~ Қасболат терең күрсініп, оң жағына аунап жатты: «Айналдырған ауру алмай қоймайды. Аңдыған жау аяқтан шалды. Ағатайымды мерт қылды. Ақырында, сорлы қызды Әли жындыға қосақтап бермек». С.Ом.

АЙРАНДАЙ ҰЙЫДЫ

Тату-тәтті өмір сүріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, сыйластықпен жарасымды тірлік кешу туралы. ~ Қырбайың не? Айрандай ұйып отырған ауыл емес пе еді? Тәңірберген іріткі салып, оларды да екіге бөліп жіберді ғой. Қазір Мөнке мен Дос бір-бірінің есігін де ашпайды. Ә.Нұрп. ~ Айрандай ұйыған тыныштық қазық қаққанда дір-дір етіп, түн баласында шаңқылдап қатты естіледі екен. О.Бөк. ~ Қыдырғалидың қазасының соңы талай сөзден таяқ таянған от тiлдi, орақ ауыздыға оттың басын сабатқан бiтпес дауға, айрандай ұйып, қыз алысып, қыз берiсiп отырғанТабын, Тама бiр-бiрiмен жауға айналды. К.Сег.

АЙНАЛДЫРҒАН ОН (ЕКІ-ҮШ т.т.) КҮН (АЙ, ЖЫЛ, ШАҚЫРЫМ т.т.) ІШІНДЕ

Бар-жоғы, шағын ғана д. м. ~ Кісінің айналдырған он-ақ күнде осыншалық азып-тозарын бұдан бұрын неғып аңғармағанмын. О.Бөк. ~ Бір жылы жаз тым құрғақ болды да, өзен, көл, бастау-тұмалар, қайнар-томарлар суы азайып барып, нақ тамыз айы туғанда құдықтарға дейін құрғап қалды. Бұл бір апат айналдырған екі-үш күн ішінде болды. Б.Қыд. ~ — Әй, сендер, немене өзі, айналдырған үш айда Саттар Қазақстанның тізгінін ұстап қайтты дейсіңдер ме? Қ.Түм. ~ Сені жас маман ретінде арнаулы тізімге кіргізді. Айналдырған екі-үш жылда пәтер алып қаларсың. С.См. ~ Айналдырған екі шақырым жерге уақыт өткізіп жүрмейміз деп, жол жиегіне тастап кетеді. О.Бөк.

АЙНАЛШЫҚ ЖЕГЕНДЕЙ

Бір жерді төңіректеп, әрі-бері жүріп, мазаны алатын кісі туралы. ~ Семейге жеткен шығар десем, мұнда жүрмең малтығып, айналшық жегендей айналсоқтап. М. Әу. ~ – Соның-ақ айналшық жегендей айналшықтап шаруасы бітіп болмайды екен. Әліге дейін сүйретіліп неғып жүр өзі, – деді де, сол екпінмен есікті шалқалай ашып жіберіп, кіріп келді. М.Қан.

АЙНАЛЫП КЕЛГЕНДЕ

Бір жағынан; ойлап қараса д.м. ~ Советханның өткінші өмір туралы философиясы, «оралыңның барында күліп-ойна» деген өлеңді еске алуы, айналып келгенде, оңай ақша табу мәселесіне тірелгенде ол не дерін білмей қақалып қалды. Б.Тоғ. ~ Күнбала ойлы: бір есептен Оспан мен Қанипаның пікірі теріс емес сияқты. Өсер жастарға өшер кәрінің қырсығы тимесін. Айналып келгенде Сәтмағамбетті дәрігерге көрсетіп, емдетсе ешкім де құдайға күнәкар бола қоймас. С.Ом.

АЙНАЛЫП, ТОЛҒАНДЫ

Еркелетіп, аймалады, өбек қақты. ~ Шай үстінде де, ет үстінде де мені кезек-кезек айналып, толғанып, үйірілумен болды. Т.Әб. ~ Міне, енді азамат болды деген осы емес пе, – деп асты-үстіне түсіп айналып толғанған Қарасайдың мына қылығына қазандық аузында жүрген Жәміш тіксініп қалды. С.Жүн. ~ Мәрзияның жаны шығып кете жаздады, екі-үш рет шыңғырып жіберуге шақ қалды, бала жылады, жылап еді айналып, толғанып жұбатып алды… Ә.Тар.

АЙНЫМАС ДОС

Шынайы, адал, жан-тәнімен берілген, сенімді дос. ~ Есепсіз кетсе, бірін-бірі алдаған, арбаған болып табылады; оның түбі теңдік емес, зорлық. Міндетсіз, сілетсіз, мақтансыз, қаяусыз, айнымас дос болады дегенге сенбеңіздер. Ж.Айм. ~ «Ақымақта дос, итте бажа көп» дейді қазақ. Мәжкеңде дос көп болған жоқ. Бірақ ол ағайыншыл еді, жақсы мағнада.Ағайынмен жырғап отырып бөліп ішкен қара суды да тоқ санайтын. Оның айнымас досы өнер болатын. Қ.Ысқ.