АЙРАН ҰРТТАП, ҚОЙ ҚҰРТТАП

Қазақы өмірге тән қарапайым, мимырт тірлік кешті. ~ Қазақта «кісі асына сабыр» деген де бар. Бірақ өйтіп кісі болып,
кісімсіп, сызылып отырғанша өзімізбен бірге айран ұрттап қой құрттап жүргендей, өзімсіне отырып, опырып жегенге не
жетсін. Б.Қыд. ~ Өзі теңдес кедей-кепшік болса да, есігіне екі кісі, төріне төрт кісі отырмаған деп ешкім айта алмайтындай
келіп тұрады. Нақабайдың өзі айранын ұрттап, қойын құрттап жұрт қатарлы шаруасымен айналысады. Б.Қыд. ~ Ел не десе,
о десін, дәл сол Жәмешке көмекші боп бара жатқанына Бөкен өкінбейді. Айранын ұрттап, қойын құрттағаннан басқа дым
білмейтін әлдебіреуге тап болғанша, көкірегі ояу жігіттің жаныңда жүргенге не жетсін?! Д.Әш.

АЙРАН ІШЕР

Бетке ұстар; cәндікке сақтайтын киімі, бұйымы, көлігі. ~ Кербездің екі түрлі қылығы болады: біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіру. Абай. ~ Әбдіжапар елде жоқ қымбат сервизді әдейі шығарды ма, әлде күні бұрын жинап әкелген айран ішер жылтырақ па, әйтеуір хрустальдың неше сорты, күміс пен мельхиор да осыдан табылды. Қ.Ыс.

АЙРАН-АСЫР

1.Аң-таң, қайран қалды. ~ «Тапа-тал түсте қайдан келген жау?» – десіп бұл жақтағылар айран-асыр. Ш.Құм. ~ Күдік-күмәншіл адамның айран-асыры: — Әуелі мен ешкімге сенбеуші едім,
Енді маған ешкім сенбейтін болды. И.Сап. ~ Не түн емес, не күндіз емес, бір ала-көлеңке бола қалды. Біз бұл сияқты әуе құбылысын бұрын көрмеген айран-асырмыз. Әлде бұл мына соғыстың ылаңы ма екен деп те ойлаймыз. С.Бег.
2. Мәз-мейрам, қуанышында шек жоқ. ~ Назымда ішек жоқ. Үш-төрт мәрте құлаған бізге су шашып айран-асыр. Шын бақытты еді. С.Сағ. ~ Көшеге түнеймін — ау деп отырғанда мынадай жайлы құттыханадан бір — ақ шыққанына өз — өзінен айран-асыр шал: «Шіркін, немере де тәтті -ау… — деп жоғары оқу орнын бітірген соң астанада қызметте қалған үлкен баласын ойлады. Н.Сер.
3. Ас та төк, ұлан-асыр, есепсіз мол. ~ Ана шам жанған үйде үлкен әңгіме боп жатқанын, ертең Шынар апам күйеуге шықса, айран-асыр той болаты

АЙНАДАЙ МӨЛДІР

Тап-таза, тұнық. ~ Июнь жұлдызының оны күні Көксеңгір, Шақпақ, Ақшатаудың айнадай мөлдір, мұздай суық бұлақты өңірі аң үйлі ауылға толған. Шәк. ~ Биыл бұл өлкенің суы да мол еді. Сонау ойда, көз ұшында, жарқыраған — шарасынан суы асып, айнадай мөлдіреп жатқан көл көрінеді. М.Әу.

АЙРАН-АСЫР БОЛДЫ (ҚАЛДЫ, ҚЫЛДЫ)

Қатты таң қалды, таң-тамаша болды; жағасын ұстады.
~ – Уай, таң атпай біздің ауылда адасып жүрген қайдағы «Мерседес»? – деді Төлеш айран-асыр болып. Ж.Шағ. ~ Шатыр
ішіндегілер: «Апырау, мына неменің есі дұрыс па?» — дегендей, көздерінің аласымен қарап, айран-асыр болды. Ә.Кек. ~
Баяғыда көріп едім дегенмен, адам өзгеріп кете береді екен. Қыз бой жетіпті. Бой жеткендігі болар, тіпті әдемі болып кетіпті.
Тоқтастың өзі де айран-асыр қалды. Т.Нұрм. ~ Үн-түнсіз кетіп қалып, көктен түскендей немересін алып келіп, «Қожабекті
құдай жылатты» деген жұрттың тілін желбезегінен тізген балықтай бір сымға шаншып, бүкіл елді айран-асыр қылатын сол
сәтті арман етті. Т.Әб. ~ Сол Бөкен қатын-қалаштың ортасында тұрып, өзіне медреседен кем болмаған түрмедегі екі айын
есіне қайта түсіріп, ұзақ ойланды да, төбеден ұшып өткен әлгі пәленің аэроплан екенін айтып, елді айран — асар қылғаны.
Сөйтіп, Ақсуатт

АЙНА-ҚАТЕСІ ЖОҚ (АЙНА-ҚАТЕСІЗ)

Тұп-тура, артық-кемі жоқ; аузынан түскендей. ~ – Құрық тигенде шыңғырғаны, құла дүзге қашқаны айна қатесіз. – Өз құлағыңмен естідің бе түге?! Д.Дос. ~ «Қыз Жібекті» жатқа білген екенсің. Мектеп сахнасында талай рет тақпақ оқыпсың. Рас па?.. М е р у е р т. Рас. Айна қатесі жоқ!.. Қ.Ысқ. ~ – «Ұлт дәстүрі – заңнан биік» деген сөзді бір жерден көзім шалғаны бар еді. Бұл айна-қатесіз тіркес деп білемін. Ж.Баб.

АЙРАН-АСЫРЫ ШЫҚТЫ

Таң-тамаша болды. ~ – Немене, төрешiге жолығып келе жатырсыңдар ма? – Бұл ләмнiң мәнiсiн түсiне алмаған ана одан сайын айран-асыры шыға аңтарылды. Ә.Ыб. ~ Аяқ астынан айран-асыры шықты, өйткенi, бұл Сапар екенiн түпте отырып-ақ жазбай таныды. Ә.Ыб.

АЙНАЛАСЫНА (ТӨҢІРЕГІНЕ) ҚЫДЫРА ҚАРАДЫ

~ Бүгін шалқымаған, қуанбаған қазақ- қазақ бола ма?- деп, айналасына қыдыра қараған. Т.Рыс. ~ Жә, ол кісінің Кеңес үкіметіне жағатыны қалай?– деп сұрады Ираннан келген діндар Мұхаметкерім. Алакөзімен айналасына қыдыра қарап қойып. – Қайдан жағады? Қылмысы басынан асып атылып кетті… Т.Рыс. ~ Таңғы тәтті ұйқылары осылай ашылған жұрт арасынан кең маңдайлы қыр мұрынды қой көз толқынды қара шашты ақ құба жігіт төңірегіне көз қыдыра қарады, көзінің оң жақ астындағы әдемі меңі мен мұрнының ұшына аумай салынған құс шоқығандай қара қалы жарасқан ол сөз бастап… Н.Абд.

АЙРАНДАЙ АПТАП, КҮБІДЕЙ КҮПТЕП (ПІСІП)

Ойына келгенін істеді, өзін емін-еркін сезінді. ~ Жаным-ау, айрандай аптап, күбідей күптеп болды ғой. Жуантаяқты қуды. Әнеттен алатынын алды. Енді кім қалды? – деді Сүйіндік. М.Әу. ~ Бірақ табиғатынан жуас, кісі бетін қайтарып көрмеген ол кешегі айрандай аптап, күбідей пісіп, өз үйінде тайраңдап жүрген жігіттің бұл әбестігіне налып, пәлендей мән бермеді. О.Бөк. ~ Ұзақ жыл ақ дәніңді сапыртып, қоймаңның кілтін ұстатқанда, менен бір есеп алып көрдің бе екенсің. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргенім қайда ен байлықтың ортасында?! «Ас ұстағанның азабы қатты» дейді. Қайта ала жібіңді аттаған жерім болса, сен кеш мен бейбақты… Қ.Жұм.

АЙЛАСЫ ТАУСЫЛДЫ (ҚҰРЫДЫ)

Істер амалы қалмады, бәрін жасап көрді. ~ … болыс та, бәйбіше де жауап бермей, сөзін ескерусіз тастады. Қара қатын айласы құрып, дал болып үйіне қайтты. М.Әу. ~ Батырлығынан да ақындығы бұрын естіліп жатушы еді. Адаспаған шығар ол. Айласы құрып, шарасыздықтан сөзге ілініп кетуі мүмкін. С.См. ~ Мейірхан басына тас тигендей болып сандалып, әрі- бері аласұрып жүрді де, аяғында айласы құрып … отырып қалды. М.Әу.