Тұп-тура, айна-қатесіз, бүкіл қыр-сырын байқатып тұр. ~ Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. М.Жұм.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЙЛАҒА ТӨСЕЛГЕН
Неше түрлі қулық-сұмдықты, әдісті меңгерген әккі, айлакер қу. ~ Кісімен көп алысқан, көп айлаға төселген болыстың мың да бір әдісі осылайша жата тастау еді. Бақтығұлдарға соны жұмсаған. М.Әу.
АЙЛАС ҚАТЫН МҰҢДАС
Істеп жүрген ісі, көрген тірлігі бір сарындас адамдар сырлас болады деген мағынада айтылған. ~ «Айлас қатын мұңдас» дейді екен қазақтар. Тапқан екенсің айтатын адамды. Мен ол туралы тісімнен сөз шығармаймын,– деді тістеніп. Қ.Түм. ~ Теңгебай да, Олжабай да бойдақ, демек «айлас қатын – мұңдас», қатар адамдардың араларында жүгіртпе әзіл жүрер болса не айыбы болсын. М.Қан.
АЙЛАСЫ ҚЫРЫҚ ЕСЕКТІҢ ЖҮГІНЕН АУЫР
Өте қу, сұрқия, залым адам туралы. ~ Шәріптің бойы аласалау болғанымен, құйған құрыштай төртбақ, жуантұғыр жігіт. Май басқан жұмылыңқы көздері қызыл жиектеніп тұтанып тұрады. Күйеуінің сырына қанық Жақанның айласы қырық есектің жүгінен де ауыр. Т.Рыс.
АЙЛАСЫ ТАУСЫЛДЫ (ҚҰРЫДЫ)
Істер амалы қалмады, бәрін жасап көрді. ~ … болыс та, бәйбіше де жауап бермей, сөзін ескерусіз тастады. Қара қатын айласы құрып, дал болып үйіне қайтты. М.Әу. ~ Батырлығынан да ақындығы бұрын естіліп жатушы еді. Адаспаған шығар ол. Айласы құрып, шарасыздықтан сөзге ілініп кетуі мүмкін. С.См. ~ Мейірхан басына тас тигендей болып сандалып, әрі- бері аласұрып жүрді де, аяғында айласы құрып … отырып қалды. М.Әу.
АЙЛАСЫН (АЙЛА) АСЫРДЫ
Есебін тауып, жеңіп кетті; мерейі үстем болды; қулығын асырды. ~ … қазекемнің балалары болмаса, онан басқа халықтың бәр-бәрінің де құлқы, пейілі, пиғылы өзгеріп, заманына қарай амалын жасап, қолынан келгені заманы қасқыр болса қасқыр боп, түлкі болса түлкі болып құйрығы бұлаңдап айласын асырып бағар-ау! Ә.Нұрп. ~ Бұлт та айласын асырып, аспанның терістік қапталын көбелей орағытып, тау бөктеріндегі ауылды қоршай төніп кеп қалды. Ш.Мұр. ~ Десе де,айласын асырғысы келген қытай ұлығы Әліпті бірден қабылдай қоймады. Ж.Шәк. ~ Әбілқайыр тағы да ішін ашпай, сыздана сөйледі. — Күш асырмасақ, айла асырармыз. Ә.Кек.
АЙЛА-ШАРҒЫ ЖАСАДЫ (ОЙЛАСТЫРДЫ)
Қитұрқы амал жасады, әдіс қолданды. ~ Небір ат құлағында ойнайтын атан жілік ерлер түрлі айла-шарғы жасап көріп еді, шұбар ат бірін-біріне соғып, сарсаңға салды. А.Сей. ~ Оның ыңғайы келмесе алдап соғудың айла-шарғысын жасайды. Ғ.Біл. ~ Сұрақшы Керімбекті белгілі қылмыстарға қалай да мойындату үшін бір талай айла-шарғы ойластырған тәрізді… Ж.Ах.
АЙЛА-ШАРҒЫҒА БАРДЫ
Неше түрлі әдіс-амал жасап көрді, қулыққа барды. ~ …әртүрлі айла-шарғыға барып, өз мақсатыма өзгешелеу жолмен жетуіме не үшін бөгет жасағаныңды айтшы? Серв. ~ … қыз не себепті абыройын жоғалту жолында не түрлі айла-шарғыға баратын адамның құмардан бір шығуды көздеген еміншектігіне еңсе беріп, базарынан айрылуға тиіс? Серв.
АЙМАНДАЙ БОЛДЫ
Ап-анық көрініп тұр, жасыру мүмкін емес. ~ Ә деп табалдырықтан аттағаннан бастап- ақ үшеуміздің бірінен- бірі күлкілі аюдың табанындай іздеріміз ақ қардың бетінде аймандай боп баттиып- баттиып қалды. С.Мұр.
АЙДЫҢ, КҮННІҢ АМАНЫНДА
Ел аман, жұрт тынышта. ~ Езуіңді ұрайын, мұндай қатынжанды боларсың ба? Тапа-тал түсте кім жейді дедің қатыныңды, сонша алабұртып, айдың, күннің аманында? C.Мұқ. ~ «Күлгеннің басына берсін, мейлі ғой… кінәңді көтереді қайта». Сандырақтағаны ғой, әйтпесе, он екіде бір гүлі ашылмаған періште жас қызда қандай күнә? Атастырған жеріне айдың, күннің аманында барса болды деп тілейтін. Ш.Құм. ~ Кенет, сырттан бәйбішесінің шаңқылы естілді. Зәнталақтың өстіп айдың-күннің аманында қарадай шыжбалақтайтыны бар. Н.Дәу.
