Мақтан етті, сенім артты. ~ Бұл мынандай мұншама пәтуалы, мұншама тындырымды елге қатты таңғалып келеді. Қанша дегенмен өз анасынан шыққаннан шығар. Мұндағы жұрт Жәнібекті әрі айдын тұтып, әрі аяйды екен. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЙДЫН ШАЛҚАР КӨҢІЛ
Жүрек жылуы, кеңдігі, жомарттығы туралы. ~ Мынау сарышұнақтай ін қазған тұрмысымызды қолай көрсеңіз, аяқ суытып, дәм татып кетіңіздер. Барымды ірікпесем, жоғымды іздемессіздер. Құдық қылған тірлігім болса да, айдын шалқар көңілім бар. Түсіңіз, шын пейілім осы,– деп қолқа салды. С.См. ~ Мынау сарышұнақтай ін қазған тұрмысымызды қолай көрсеңіз, аяқ суытып, дәм татып кетіңіздер. Барымды ірікпесем, жоғымды іздемессіздер. Құдық қылған тірлігім болса да, айдын шалқар көңілім бар. Түсіңіз, шын пейілім осы,– деп қолқа салды. С.См.
АЙДЫНЫ АСТЫ (АСҚАҚТАДЫ)
Ерлігі танылды, абыройы асты, айбыны, сұсы басым болды. ~ Ер болды Аманкелді айдыны асқан, жігіттің бір сырттаны жас
жобарыс. О.Шип. ~ Қалбағай мұны көрген соң тепсініп келіп, күшін жиып алып, екі ұрып жіберіп айдыны аса бастаған жау
даусымен: «Түс!.. Түс!.. Өлесің!» — деді. М.Әу. ~ Бұрын қаланың ең көрнекті жерінде айдыны асқақтап тұратын лениндер,
маркстер, революционерлер мен қызыл командирлер… аядай гүлзардың бұрыш-бұрышынан жетім баладай сығалайды.
Т.Сәу. ~ Таулары шағылғансып кері лықсып қашпас па? Сонда мынау қапияда жандәрмен айла тауып айдындары аса
бастаған ақкөз жау соңдарынан тұра келіп қумас па! Қуды-ақ, анау жұмылған жұдырықтай тас түйін ыдырамас па! Ә.Кек.
АЙДЫНЫ БАР
Айбарлы, сесті адам туралы. ~ Қазiр жалтыр түймелi, ақ кительдерiн киiнiп, сарала қылыш асынған урядник, стражниктерiн, тiлмаштарын қастарына ертiп, көрнектi, оқшау шұбар топ болысып келдi. Бүгiнгi жиынның айдыны бар. Түсi суық тәрiздi. М.Әу. ~ Пай-пай, Айдеке, дегенмен айдыныңыз бар-ау! Ауыл бастықтары қорықса да, Қожанға келген соң үйіңді бір соқпай өтпейді ғой. Т.Рыс.
АЙДЫНЫ БИІК
Абыройы жоғары, сөзі өтімді, ықпалды д.м. ~ Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші сынға түскен заманда, қай ауылдың жігіті көп болса айдыны биік, сөзі үстем. З.Шүк.
АЙДЫНЫ СЫНДЫ
Меселі қайтты, тауы шағылды, тайсақтады.~ Алғашқы тебінде қас қағым аралықта едел – жедел үшеуі түсіп кеткен соң қалған екеуінің айдыны сынып, шеттей берді. Ж.Сәм.
АЙДЫНЫ ШЫҚТЫ
Даңқы асты, күш-қуаты, айбары көпке танылды. ~ Мынау Шегенің жаман қоңыр үйі. Анау ауыл ортасында айдыны шығып тұрған үлкен ақ боз үй — Хансұлудың үйі. С.Елу.
АЙДАҺАРДАЙ ШАБЫНДЫ
Қаһарланды, қабағынан қан жауды. ~ Алты кісі ата алмас Беліндегі садағын. Қара бұлт басқандай Түйіп отыр қабағын. Сансызбай келіп отыр деп, Айдаһардай шабынып Жиып отыр әруағын. Құдай берсе жауыңның Тартпас па екен табағын. «Қыз Жібек».
АЙДЫНЫН АСЫРДЫ
Қолпаштап, атын шығарды, асыра мақтады. ~ Нашальник Мекапар айтты!.. — Мекапардың беті қатты!.. — Бұл Мекапар қатаң нашальник! — десіп, көп елге Никифоровтың айдынын асырады. М.Әу.
АЙДЫ АЙҒА ҰРДЫ
Көп болды, уақытын өткізді. ~ Бұл тұста Мұхтар Семейде еді. Бұл тұста ғана емес, сол баяғы Райханға үйлене сала орыстар «балдан тəтті балғын ай» дейтін үш– төрт апта өтер– өтпестен асығып Семейге – оқуына аттанып кеткен, содан айды айға ұрып жүріп каникул кезінде бір– ақ келеді. З.Қаб.
