АЙЛА ЖАМЫЛДЫ

Арамдық-қулыққа барды, әдіс жасады. ~ «Азат басым болды күл», Еріксіз жемтік шоқыдым. Ұлық пен елге жағындым, Әртүрлі атақ тағындым. Ар кетіп, айла жамылдым, Бейне алдамшы сопымын. Шәк.

АЙ-ЖАЙЫНА ҚАЛА БЕРДІ

Со қалпында, өз бетінше қалды. ~ Негізсіз күңкілден не шығушы еді – Айкүмістің жақсылығына кір жуымай, ай-жайына қала берді. Ғ.Слан.

АЙЛА ЖАСАДЫ

Әдіске барды, қулық істеді. ~ Ойда жоқ өлімді пайдаланып, сенің ойыңды ақырына дейін орындатқызып шығартпады. Ол үшін әуелі Әбілмәмбет айла жасады. Ажал ауызында жатқан әкесіне жаны ашыған боп, жұртқа қарамай Түркістан асып кетті. Ә.Кек. ~ Тізесі батқан Омарға масқарлар тісін қайрап отыр екен. Бірақ олар бас салып сабауға, болмаса басқа түрде жәбірлеуге соңынан пәлесі тиер деп. айла жасапты. Х.Ес.

АЙ-КҮННІҢ АМАНЫНДА

Жұрт тыныш, ел аманда. ~ Қанша керек? – Анау сұқ қолын ерніне тақап: – Молчок! – деді де, биік баспалдақ астындағы кең қуысқа шақырды. Бұл да бір ай-күннің аманында жападан-жалғыз қалған Робинзон Крузо. М.Қаб. ~ Азамат соғысы басталғалы қайда жүргені белгісіз еді, кездескен түрі мынау. Бұрынғы бұзық жолдасы Сидоров екеуі тізе қосып алған. Айдалада, ай-күннің аманында аң терілерін алғанымен қоймай, түлкі ішігін тартып алғаны батады жанына. Б.Тоғ.

АЙЛА ҚЫЛДЫ

Алдады, әдіс қылды, қулық-сұмдыққа барып, айла қолданды. ~ Зарқұм айтты: — Шүкірлік, мұны көрдік, Осындай болар ма деп айла қылдық. Шығармай таспен атып өлтіріп бақ, Әгар шықса құдықтан күлкі болдық. БС. «Зарқұм». ~ Алдар көсе бір күні келе жатса, бір жерден қу жауырын тауып алып, сүйек қайнатып отырған бір-екі қатындарға жолығып, амандасып болып, Алдар көсе: «мен бір айла қылайын», — деді. БС «Алдар Көсе».

АЙ-КҮНІ (КҮНІ) ЖАҚЫНДАДЫ

Әйелдің босанар күні таяп қалды. ~ – Қожеке, үйге барып келе қойсам… Жаман жеңгеңнің ай-күні жақындап, қыңқыл-сыңқыл еді… – Құрт көзіңді. – Барам да, келем… Н.Дәу. ~ Зағыштың болса аяғы ауыр. Ай — күні жақындап келеді. Ертең нәрестелі боламыз. Оны дұрыстап өсіру үшін де жағдай керек. Б.Соқ.

АЙ-КҮНІ ЖЕТІП ОТЫР (ЖЕТТІ)

Босанар күні тақап қалды, әне-міне дегенше туайын деп отыр. ~ Құдай ұрсын, мен емеспін, Едеке! Өтірік айтсам, ай-күніне жетіп отырған әйелім туа шөксін! – деп өлердегі сөзін айтып, үрейлене қалтырап тұрған әйеліне бұрылып, қарғана бастады. Ш.Айт. Әйелдердің абыржуынан Шораби де, Сыдық та бір пәленің болғанын сезді. Бурыл атқа екі әйелді мінгестіріп ауылға жіберді. — Көздерің қарайыпты-ау, әбден. Ай-күні жетіп отырған адамды осындай жұмысқа жіберуге болар ма! — деді Шораби әдеттегі зәрлі үнімен. К.Қаз. ~ «Бөрінің жүрегі, – деп арыстанның жүрегін әкеліп береді. Одан кейін Айсұлу ханым екі қабат болып, бір кезде ай-күні жетіп, босанады. Екі ұл табады. Оны бірінің атын Айтуған, бірінің атын Күнтуған деп қойып, даладан тауып әкелген екі оқты екеуіне тәуелдеп қояды. Ә.Мар.

АЙҚАЙ (АЙҒАЙ) КӨТЕРДІ

Оқыс қатты дыбыс шығарып, дауыстады. ~ Атаман тор биені дереу бұрып алды да, «Піл күреңге» қарсы шапты. Артынан айнала беріп, айқай көтеріп еді, «Піл күреңнің» де жүрісі ширап сала берді. Ә.Сәр. ~ …бұта мен бұта басын қосып, пыр-пыр ұшқан торғай шықылықтайды; жағалау жақтан шағала айқай көтеріп қалғандай; одан басқа дыбыс, үн тамам, әлем әлі де талмаусыраған ұйқы құшағында бұйығып жатыр. М.Қаб. ~ Алдында бір түлкі алдырып, насыбайын атып тұрған еді. Ойдағы қағушылар тағы да қиқу салып айғай көтергенде аты да бүркіті де елегізи бастайды. Ә.Мар.

АЙҚАЙ (АЙҒАЙ) САЛДЫ

Қатты дауыстады, ащы үнмен дабыстады. ~ Келіншек шар ете қалды. «Кет! Кет, мына шіркін қайтеді, әй?» деп айқай салды. Ә.Нұр. ~ Бұдан соң да бірнеше адам сөйледі. Колхозды, ондағы атақты адамдарды мадақтап тостар көтерді. Бір кезде есік жақтан біреу қол көтеріп, ешкім елей қоймаған соң, айқай салды… С.Бақ. ~ Сейтназар шоғырға екі жүз қадамдай жақындап келіп айғай салды: — Е-ей! Араларында Шегір ит болса, шықсын бері! Ә.Тар.

АЙДЫНЫ АСТЫ (АСҚАҚТАДЫ)

Ерлігі танылды, абыройы асты, айбыны, сұсы басым болды. ~ Ер болды Аманкелді айдыны асқан, жігіттің бір сырттаны жас
жобарыс. О.Шип. ~ Қалбағай мұны көрген соң тепсініп келіп, күшін жиып алып, екі ұрып жіберіп айдыны аса бастаған жау
даусымен: «Түс!.. Түс!.. Өлесің!» — деді. М.Әу. ~ Бұрын қаланың ең көрнекті жерінде айдыны асқақтап тұратын лениндер,
маркстер, революционерлер мен қызыл командирлер… аядай гүлзардың бұрыш-бұрышынан жетім баладай сығалайды.
Т.Сәу. ~ Таулары шағылғансып кері лықсып қашпас па? Сонда мынау қапияда жандәрмен айла тауып айдындары аса
бастаған ақкөз жау соңдарынан тұра келіп қумас па! Қуды-ақ, анау жұмылған жұдырықтай тас түйін ыдырамас па! Ә.Кек.