АЙДЫН АСЫРДЫ

Абыройын өсірді, пәрменін байқатып, адуын танытты. ~ Бірақ, одан бұл жиынның салтанаты төмендемеу керек. Бәрібір, айдын асырып, абырой жиып қалатын жер. Ә.Кек. ~ Мамозы арызына куәлік еткен әнегүнгі бай қытайлар болғандықтан, Күреде мұны естіген өкімет орны қаһарына мініп уезден әскер шығарған. Олар шеруге бұ сапар қайнаған ашумен жіберілген. Шеріктердің жаңағыдай айдын асыра құтырынуы сол. Ж.Ахм.

АЙДЫН КӨЛДІҢ АҚҚУЫ

Жақсы ортада туып-өскен, тәрбие алған, түр-тұлғасы, мінез-құлқы адам сүйсінерлік сұлу қыз. ~ Рақмет, құрбым, – деді Қабанбай, жүрегі кенет дүрсілдеп, – айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады екен! І.Ес. ~ «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» немесе «құрығы ұзын қуып жүріп алады, құрығы қысқа құры қол қалады» дегендей, айдын көлдің аққуын қалыңмал Дәулетке аяқ-қолын байлап берді… Б.Мом. ~ Кеше, айдын көлдің аққуындай сылаңдаған жас әйелдің бүгінгі басына төнген қара бұлты, қайғысы, расында орасан ауыр және тым жан күйінерлік еді. І.Ес.

АЙДЫН ТАНЫТТЫ

Бүкіл болмысымен, кескін-келбетімен күш-қуатын танытты. ~ Тәуелсіздік мұнарасының ұшар басындағы қанатты аттың үстінде қаруын серт ұстаған алтын адамның батыр тұлғасы барша жанға: «Қазақ елінің қас батырымын! Елімді, жерімді қорғау жолында қанға – қан, жанға – жан беруге әзірмін!» дегендей айдын танытады. Т.Рыс.

АЙДЫН ТҰТТЫ

Мақтан етті, сенім артты. ~ Бұл мынандай мұншама пәтуалы, мұншама тындырымды елге қатты таңғалып келеді. Қанша дегенмен өз анасынан шыққаннан шығар. Мұндағы жұрт Жәнібекті әрі айдын тұтып, әрі аяйды екен. Ә.Кек.

АЙДЫН ШАЛҚАР КӨҢІЛ

Жүрек жылуы, кеңдігі, жомарттығы туралы. ~ Мынау сарышұнақтай ін қазған тұрмысымызды қолай көрсеңіз, аяқ суытып, дәм татып кетіңіздер. Барымды ірікпесем, жоғымды іздемессіздер. Құдық қылған тірлігім болса да, айдын шалқар көңілім бар. Түсіңіз, шын пейілім осы,– деп қолқа салды. С.См. ~ Мынау сарышұнақтай ін қазған тұрмысымызды қолай көрсеңіз, аяқ суытып, дәм татып кетіңіздер. Барымды ірікпесем, жоғымды іздемессіздер. Құдық қылған тірлігім болса да, айдын шалқар көңілім бар. Түсіңіз, шын пейілім осы,– деп қолқа салды. С.См.

АЙДЫНЫ АСТЫ (АСҚАҚТАДЫ)

Ерлігі танылды, абыройы асты, айбыны, сұсы басым болды. ~ Ер болды Аманкелді айдыны асқан, жігіттің бір сырттаны жас
жобарыс. О.Шип. ~ Қалбағай мұны көрген соң тепсініп келіп, күшін жиып алып, екі ұрып жіберіп айдыны аса бастаған жау
даусымен: «Түс!.. Түс!.. Өлесің!» — деді. М.Әу. ~ Бұрын қаланың ең көрнекті жерінде айдыны асқақтап тұратын лениндер,
маркстер, революционерлер мен қызыл командирлер… аядай гүлзардың бұрыш-бұрышынан жетім баладай сығалайды.
Т.Сәу. ~ Таулары шағылғансып кері лықсып қашпас па? Сонда мынау қапияда жандәрмен айла тауып айдындары аса
бастаған ақкөз жау соңдарынан тұра келіп қумас па! Қуды-ақ, анау жұмылған жұдырықтай тас түйін ыдырамас па! Ә.Кек.

АЙДЫНЫ БАР

Айбарлы, сесті адам туралы. ~ Қазiр жалтыр түймелi, ақ кительдерiн киiнiп, сарала қылыш асынған урядник, стражниктерiн, тiлмаштарын қастарына ертiп, көрнектi, оқшау шұбар топ болысып келдi. Бүгiнгi жиынның айдыны бар. Түсi суық тәрiздi. М.Әу. ~ Пай-пай, Айдеке, дегенмен айдыныңыз бар-ау! Ауыл бастықтары қорықса да, Қожанға келген соң үйіңді бір соқпай өтпейді ғой. Т.Рыс.

АЙДЫНЫ БИІК

Абыройы жоғары, сөзі өтімді, ықпалды д.м. ~ Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші сынға түскен заманда, қай ауылдың жігіті көп болса айдыны биік, сөзі үстем. З.Шүк.

АЙДАП САЛДЫ

Біреуді біреуге өшіктірді, шағыстырды; әлдебір жөнсіз іске итермеледі. ~ «Тостағанды иіскедің» деп айып таққанына қарағанда, өлеңшілік өнерін әлі ұмыта алмай жүрген кеспектей қарындасын кесапат қонағына қарсы айдап салып отырған Андастың өзі болғаны да! Сонда сырты — күлім, іші — жылым мырзаның діттеген жері қайсы? О.Сәр. ~ Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. БАҚ ~ Жақан екеуміз осылай паркті бірқауым араладық. Бірімізді біріміз түртпектеп, айдап саламыз. Б.Соқ.

АЙДАҺАРДАЙ АУЗЫН АШТЫ

Жұтып қоярдай болды. ~ Атпа, атаман! – деп Бәкей бақырып келеді: – Атын өлтіресің! Тірідей ұстайық! Міне. Бітті. Қадыр тоқтады. Құз айдаһардай аузын ашты. Қараңғы аузын. Аты пысқырды, ыршыды. Ж.Айм. ~ Ақтарылған, қарауытқан, опырылған көр, жыртылған кебін, домаланған ақсақалды атайдың басы, уілдеген жел, құлазыған мола, алласына сыйынған екі адам Əбежанды да аз ойландырды. Ажал айдаһардай аузын ашқандай болды. Əйтсе де ақылынан танған жоқ. Ж.Айм.