Керексіз қылды. ~ Қай жарылқағанын көрiп риза болам? Өмiр бойы мал бағып кеп бiр күн ауырып едiк, керегiмiз болмай, қаңғыртып айдалаға тастадыңдар. Бiр шана шөп сұрасақ – жауабың мынау. Т.Сәу. ~ Мұраттың дәл осы бір кескіні көзіне елестегенде, ол және қасақана елестей береді, Ержан өзін-өзі далаға тастай қашқандай болады. Т.Ахт. ~ Сөйтіп бостан-бос қаншама кен байлығы шығынға ұшырайды. Біздің бұнымыз әрине жаратылыстың өзінің берген байлығын орынсыз далаға тастау. І.Ес. ~ Батыреке-ау, енді өтірік пе? Сүтемген кім, біз кім? Қой әрі, жоқты айтпай. Немене, сонда көрінгенге берердей, далаға тастай алмай жүрген баламыз бар ма екен. С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
АЙҒЫР ШАПТЫ
Айғыр биеге жанасты. ~ Ей, батырсымақ, айғыр шапты, бие тапты. Сенің оған қандай қатысың бар? – деген екен. БАҚ
АЙДАЛАДАҒЫ БІРЕУ
Еш жақындығы жоқ, көлденең көк атты.~ – Жаным ашып… маған не қарындас, не жиен, не жиеншар емес, айдаладағы біреуді қайтем. Заңға сыйса дегенім ғой… С.Мұқ. ~ Құдай-ау, айдаладағы біреудің де жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарасың, ал өзіңді дүниеге әкелген, сен үшін отқа да, суға да түскен әкеңе ешқандай жақсылық жасай алмау не деген қылмыс! Т.Әб. ~ Көріп, қасында тұрмаған айдаладағы біреуге, шыбындаған аттай болып, бас изеуін өзінің» деп оған зығырданым қайнады. Ә.Нұрш.
АЙҒЫРДАЙ АЗЫНАДЫ
Қоқиланды, қырына алды. ~ Он жетінші жылғы төңкерістен кейін екі жылдай аумалы-төкпелі заман болды ғой. Айғырдай азынап ақтар келді. Елді қырып-жойып бір тарының қауызына сыйғызды. Барғанынан келмесін, жатқан жерінен тұрмасын. Аты өшсін!.. C.Ом. ~ Тамағы тоқ, жұмысы жоқ, күндіз-түні ерігіп бос жатқан бойдақ әскерді әйелсіз, некесіз ұстау мұншалық қиынға түсер деп кім ойлаған. Елден шыққалы әлденеше жыл болған, содан бері бір шүйке бас көрмеген, кілең бір айғырдай азынаған еркектер. Қ.Жұм.
АЙДАН (АЙДАЙ) АНЫҚ (АЙҚЫН)
О бастан белгілі, дау, күмән тудырмайтын жәйт туралы. ~ Есік ашса кең аспанның күймесі, Айдан анық маған орын тимесі. Уа, дариға, жерге түспес жұлдыздар Сенің алтын омырауыңның түймесі. Н.Айт. ~ Осы антұрған намысқа қызып, біздің сыртымыздан неше түрлі пәле қарастырып жүр дейді. Қанайдың жай-жапсары бізге айдан айқын. С.Ом. ~ Балпық — батагөй қария, ділмәр шешен ғана емес, ел басшысы — көсем болғаны айдай анық. Б.Тоғ. ~ Жомарт үшін бәрі де айдай айқын, анық көрінетін. Махаббат жайлы ол ешуақытта пәлендей мән беріп, жөн сөйлеген емес. Ә.Әл.
АЙҒЫРДАЙ АРҚЫРАДЫ
Деміне нан піскен кеудемсоқ адам туралы. ~ Ал бұл мәселемен, меніңше, Қойшық айналыссын, Қойшықты бәріміз білеміз, жазғыш жігіт, тез жазады, тарих туралы төрт кітабы бар. Жазушылар одағының айғырдай арқыраған мүшесі. Ғ.Қаб.
АЙДАН АЙЛАР ЖҮРДІ (ӨТТІ)
Тым ұзақ сапар, алыс жол туралы. ~ Айдан айлар жүрдім; зорығып астымдағы атым өлді, жылдан жылдар жүрдім; етігімнің күйігінен іші жанып, үйімде қатыным өлді. Қ.ерт. ~ Сол ханының үлкені Ақшахан деген еді. Сол ханның қол астына келіп кірді. Сонда ел арасында жүрді. Бір талай заман болды, айдан айлар өтті, һешбір кісі мұның батыр екенін білмеді, тек қонақ болды да жүрді. «Ер Тарғ.»
АЙҒЫРДАЙ АРҚЫРАП, ТҮЙЕШЕ БОЗДАДЫ
Жан шошырлық, ұнамсыз, әлем-тапырық үн шығарды. ~ Өз ғұмырында поезд дегеннің атын естігені болмаса, әлі көре қоймаған, әйтеуір айғырдай арқырап, түйеше боздаған жойқын мүлік деп естіген. О.Бөк.
АЙДАП КЕТТІ
1. Барымталап, біреудің ұрлап әкетті. ~ Кейін бәрі де қайта жиылып келіп, «малымыздың төлеуі» деп, боз атты шығарып алыпты. Айып-қиыбы деп, қызыл сиырды айдап кетіпті. М.Әу. ~ Жәніке-Сарының тентек ұлдары, жұтта кеткен есесін көршілерінен қайтарады. Бақа бастаған жеті жігіт кейіндеп қала берген. Мойынқұмда отырған Ұлы жүз аулының бір бөлек жылқысын көтере айдап кетті… З.Шүк.
2. Біреудің көлігін заңсыз түрде жүргізіп әкетті; машина ұрлап қылмыс жасады. ~ Оралда бір аптаның ішінде үшінші мәрте бөтеннің көлігін айдап кеткен 8 жастағы мектеп оқушысы полицияның қолына түсті. БАҚ
АЙҒЫРДАН ШЫҚҚАН БИЕ
Құрсағына жаңа ғана қүлын біткен, тоқтаған бие. ~ Айғырдан шыққан бие орташа есеппен құлынын құрсағында 11 ай, яғни 335 тәулік көтереді. БАҚ ~ Қазақы айғырдың өз үйіріне шаппайтындығы, үйірдегі өз ұрпағын қуып шығатындығы, басқа айғырдан шыққан биені қуып жүріп ағызып жіберуі, басқа айғырдан туған тай-құнандарды үйіріне кіргізбеуі, бұл жылқы жануарының тектілігін көрсетеді. БАҚ
