АЙДАП КЕТТІ

1. Барымталап, біреудің ұрлап әкетті. ~ Кейін бәрі де қайта жиылып келіп, «малымыздың төлеуі» деп, боз атты шығарып алыпты. Айып-қиыбы деп, қызыл сиырды айдап кетіпті. М.Әу. ~ Жәніке-Сарының тентек ұлдары, жұтта кеткен есесін көршілерінен қайтарады. Бақа бастаған жеті жігіт кейіндеп қала берген. Мойынқұмда отырған Ұлы жүз аулының бір бөлек жылқысын көтере айдап кетті… З.Шүк.
2. Біреудің көлігін заңсыз түрде жүргізіп әкетті; машина ұрлап қылмыс жасады. ~ Оралда бір аптаның ішінде үшінші мәрте бөтеннің көлігін айдап кеткен 8 жастағы мектеп оқушысы полицияның қолына түсті. БАҚ

АЙҒЫРДАН ШЫҚҚАН БИЕ

Құрсағына жаңа ғана қүлын біткен, тоқтаған бие. ~ Айғырдан шыққан бие орташа есеппен құлынын құрсағында 11 ай, яғни 335 тәулік көтереді. БАҚ ~ Қазақы айғырдың өз үйіріне шаппайтындығы, үйірдегі өз ұрпағын қуып шығатындығы, басқа айғырдан шыққан биені қуып жүріп ағызып жіберуі, басқа айғырдан туған тай-құнандарды үйіріне кіргізбеуі, бұл жылқы жануарының тектілігін көрсетеді. БАҚ

АЙДАҒАН ҚОЙДАЙ

Біреудің ырқына түсу туралы. ~ Кіммен жатыр соғысып? Кесілген бас, аққан қан, Ел жүрегін шошытып. Қора-қора адамды,
Күнде айдады тоғытып. Көлге айдаған қойдай ғып, Қызыл қанға обытып. Ж.Жаб. ~ Оқытудан тазамын, Мектебіңнен мен
аулақ. Елден ерек ен аулақ. Болдым, қыстай қылғаным: Қылжақ, ыржақ, қыдырмақ. Анау өңкей «құйқалақ» Қарды қыстай
қиқалап. Айдаған қойдай шұбырмақ. І.Жанс. ~ Қала алмай Әбдіқапар бұғып төмен, Қарады бұл қимылға күдікпенен.
Халықты патша заңы баяғыдан, Айдаған қойдай қылып шыбықпенен. C.Тұр.

АЙДАҒАНҒА ЖҮРЕТІН, АЙТАҒЫНА ҮРЕТІН

Біреудің айтқанын екі етпейтін жағымпаздық туралы. ~ Оларға ғылым да, өнер де керек емес. Тек ақша ғана керек. Ақша болса, бәрін сатып алам дейді. Ғылым академиясы тарады, ақын-артист – байды мақтап зарлаған жарапазаншы. Оларға айдағанға жүретін, айтағына үретін ойсыз-өнерсіз тобыр керек!.. Т.Сәу.

АЙДАЙ АЙҚЫН (АЯН, АНЫҚ)

Ап-анық, бесенеден белгілі. ~ Құндыздыдағы мектеп үйінің биыл бітпейтіні айдай айқын болып қалған еді. О.Сәр. ~ Шалқыған қараңғыда айдай аян, Мен Қозы – Көрпешпін де, өлең – Баян. Қодардай қызғаншақта қанжар бар деп, Мен қалай махаббатта серттен таям?!. Т.Әл. ~ … Нобелдік сыйлық алған Альберт Эйнштейн кәдуілгідей кіріп келе жатты. Өңіндегідей тегі. Айдай анық. Кеудесін көтеріп, көрпесін серпіп түрегелмекші еді. Альберт ақсақал қос мұртын жыбырлатып шуақтана жымиды. Д.Дос.

АЙДАЙ АРУ

Көркіне көз тоятын сұлу.~ Қызғаныштың қызыл иті деген пәле де жаман ғой… Айдай ару келіншегін алып, ағайын арасынан жырақтап, бір кездерде қатар көшіп жүрген түрікмен достарының ішінде қоныс тепкені де бар… А.Өт. ~ Кенет айдай ару: «Әй, соқыр–ай, сен–ақ сорлатып біттің, тез жүрсеңші енді!» – деп дүр ете қалғанда, біреу мені шапалақпен тартып жібергендей болды. Ж.Аяз.

АЙДАЙ АШЫҚ КҮН

Аспанда титімдей бұлт жоқ, сәулелі күн. ~ Кім біледі, осынау бір айдай ашық күні әке қабағы да ашылып, мейірімі түспес пе екен. Бәлкім, шал бұрынғы жұмысына қайта оралар. Ш.Айт.

АЙДАЙ ӘЛЕМ

Бүкіл жер беті; күллі ел. ~ Мұның тұлпар екенін айдай әлем біліп, жұрт аузына ілініп, көзге түсе бастапты. М-Ж.Көп. ~ Айдай әлем қуанып жатқан «айт» оған азап секілді. Б.Май. ~ «Абайды» білмей, қазақты білу мүмкін емес. «Абай» романын Əуезовтің ата– жұрты ғана емес, айдай əлем осылай танып, осылай бағалады. З.Қаб. ~ Ерте күннен жете «аластауға» тиісті, үкімет үшін «сезікті» адамдар аңдылады. Шың-ши-цәй айдай әлемге әйгілі «қара тізім» дейтінді шығарды. Ж.Ахм. ~ Вертолетпен аңшылық жасау кімнің қолынан келетіні таяуда ғана айдай әлемге белгілі болды. Ш.Мұр.

АЙҒЫР САЛДЫ

Биені қолдан қашыру туралы. ~ «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр салмаңыз, Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға мінер ат тумас, Жаманнан қатын алсаңыз, Жауға шабар ұл тумас» Ауыз әдеб. ~ Жабыдан айғыр салсаң – жауға мінер тұлпар жоқ. Жапалақты қолға қондырсаң – түлкіге түсер сұңқар жоқ. Тұлпарды – мыңнан, сұңқарды – қиядан іздейміз бе әлде? Не ойың бар, жамағат? С.См.

АЙҒА ҚОЛ СОЗДЫ

Қол жетпейтін мақсатқа талпынды, босқа әуре болды. ~ Алыс аспандағы толықсыған айға қол созған лепірген көңілмен алдағы күндердің шырқау көгіне жарқырап көтерілеріне сенімі кәміл болатын. С.См. ~ Әзиз-Сұлтандай асылдың жанында өзін қор санады. Ол – аспандағы жарқыраған жұлдыз, бұл – кім көрінгеннің табанының астында илектеліп жатқан қоқыс. Оны ойлауға, сүйем деуге қандай хақысы бар? Көктегі Айға қол созған не теңі? Т.Сәу. ~ Бәкизат осымен өткізген өміріне өкінді. Баяғыда қазақтың маңдайынан жаралып туған нарқасқа жігіттерін көзге ілмей, қасы-қабағының райына зар ғып қоюшы еді. Солардың біріне мүсе тұтпай, аспандағы айға қол созып жүргенде тапқаны осы болғасын анасы байғұс қалай күймесін? Ә.Нұрп.